Руханият • 21 Маусым, 2019

Басты бағыттар туралы оң көзқарас танытылды

1160 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қала­сында Президент жанын­дағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеу­лер инс­титуты ҚСЗИ «Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 бағыты: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөң­геле­к үстел ұйым­дастырды.

Басты бағыттар туралы оң көзқарас танытылды

Алқалы жиынға азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен салалық министрліктер өкіл­дері, қоғам қайраткерлері, эко­но­микалық, саяси, әлеуметтік ба­ғытт­ағы сарапшылар қатыс­ты. Олар Қазақстанның алдағы да­му бағыты туралы жан-жақ­ты пікір­лерін ортаға салып, Мем­лекет бас­шысы нақтылап берген 10 не­гізгі бағыт төңіре­гінде әңгіме өр­бітті.

Алдымен сөз алған Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инс­титутының директоры Зарема Шәукенова жақында өткен Президент сайлауы ел тарихындағы жауапты кезең болғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде атап көрсеткен маңызды бағыттарға тоқталды. Олар – халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағыты, рухани дамуды қолдау, сыртқы саясат және жастарға қолдау көрсету.

«Қазіргі таңда Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы бағытын­дағы іс-шаралар жалғасын табуда. Президент белгілеп берген міндеттерге сәйкес, қазір­дің өзін­де бірқатар тапсырма нақ­тыла­нып, жаңа институттар құ­рылуда және кадрлық тағайын­даулар жүріп жатыр. Соның бірі – мемлекет пен қоғам­ның өзара қарым-қатынасын белсенді дамытуды, коммуника­ция­ның тиімді арналарын қалып­тас­тыруды көздейтін Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесі. Басқа әлем елдері сияқты Қазақ­стан­ның да алдында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірдің барлық жақтарын тез өзгеретін жағдайларға бейім­деу, сапалы жаңарту міндеті тұр», деді ҚСЗИ директоры.

Бұдан кейін Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақ­парат комитетінің төрағасы Ти­мур Шаймергенов еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам бас­қанын айта келіп, ел дипломаттары шетелдерден инвестиция тарту бағытында белсенді жұ­мыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Бүгінде министрліктің шет мемлекеттермен экономикалық байланыстарды ілгерілету жө­нін­дегі жұмыстарының жүйе­сі едәуір өзгерді. Әр аймақта «Қазақинвест» компаниясы­ның фи­лиал­дары ашылып, ол ком­пания­ның аймақтағы басшылары сол өңірлердің әкімдерінің кеңес­ші­леріне айналды деуге болады. Бұл кез келген инвестордың жер­гі­лікті билікпен тікелей жұ­мыс жүргізуіне жағдай жасал­ға­нын көрсетеді. Сыртқы істер министрлігіне қарасты бар­лық қазақстандық мекемелер шет­елдік капиталмен жұмыс атқаруға барынша көңіл бөліп отыр. Әр дипломат, әр елші, әр министр орынбасарларының алдына жаңа міндеттер қойылды. Олардың бизнес бағытындағы жұмысына баға берерде жүктелген міндеттің қаншалықты орындалғаны есепке алынады. Яғни, қанша іс-шара ұйымдастырды, оның нәти­жесі, тиімділігі қандай болды – бәрі қадағаланады. Жалпы елге тартылған инвестицияның қарапайым халыққа пайдасы тиетіндей жұмыстар қолға алынып жатыр», деді Т.Шаймергенов.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова өз сөзінде Президент белгілеп берген 10 маңызды ба­ғыт­тың ішіндегі жастарды қолдау мәсе­лесіне кеңінен тоқталды. Ол ал­дағы реформалардың, өзгер­ген қоғамның қозғаушы күші жас­тар екенін, олардың әділет­ті, ашық азаматтық қоғам қалып­тас­тыру­ға белсенді араласуына барынша мүмкіндік беру кере­гін айтты. Бұл ретте вице-ми­нистр «Серпін», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!» сияқ­ты бағдарламалар өз жемісін бере бастағанын, бірақ бұл жоба­лар­дың игілігін әлі жастар то­лық сезіне алмай отырғанын атап өтті. Сондықтан да ол бағ­дар­ламалардың нәтижесіне, тиім­ділігіне баса мән беру керек деген пікірде.

«Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ басқарма төрағасының орын­басары Әсия Бимендина биыл­ғы Президент сайлауы ел тари­хындағы маңызды оқиғалар­дың бірі болғанын, ұлықтау рә­сімінде Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылаған 10 бағыт Елбасы жүр­гізген саясат сабақтас­тығы­ның көрінісі екенін айтты.

«Бүгінге дейін жақсы нәти­жесін көрсетіп үлгерген бағдар­ламалардың жалғасын табуы қуантады. Ал биыл Жастар жылы аясында «Жастар – ел тірегі» мен «Жас маман» бағдар­ламалары қолға алынып жатыр. Білікті маман өмірде өз орнын оңай таппақ. Жастардың мықты маман болып қалыптасуы – маңыз­ды. Сондай-ақ әлеуметтік сала да еліміздегі шешімін таппаған мәселелер қатарында. Бұл сала жаңаруды әлі де қажет ете­ді. Халықтың жағдайын жасау ар­қылы мемлекетіміздің келе­ше­гін жарқын ете аламыз. Өз ар­манымызға жету үшін ең алдымен білім, халықтың жағдайы, бейбітшілік пен бірлік болуы керек», деді Ә.Бимендина.

Сонымен қатар Мемлекеттік басқару академиясының ақпарат­тық технологияларды дамыту жөніндегі вице-ректоры Әлия Мұхамеджанова жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасын «Цифрлы Қазақстан» бағдар­лама­сымен ұштастыру керек екенін айтты.

«Президент атаған 10 ба­ғыттың біріне ерекше тоқтал­ғым келеді. Бүгінде ғасыр ін­детіне айналған сыбайлас жем­­қорлық мәселесінің Прези­дент бағдарламасынан орын ал­­ғаны өте дұрыс. Және де сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес «Цифрлы Қазақ­стан» бағ­дар­ламасымен ұштастыры­луы керек деп ойлаймын. Өйт­кені Эстония, Грузия сияқты бірнеше мемлекеттің тәжіри­бесін зерттейтін болсақ, жемқор­лықты еңсеретін бірден-бір фактор – делдалдардың болмауы екенін көре аламыз. Элект­рон­ды үкіметтің дамуы, он­лайн-қыз­меттер мен үздік телеком­­му­­ни­кациялық құрыл­ғы­лар, адам капиталы – осы­ның бар­лы­ғы «Цифрлы Қазақ­стан» бағ­дар­ламасына кең ауқым­да ен­гізіліп қойған. Осы екі бағ­дар­ламаны үндестірсек, нағыз синергиялық нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Бұған қоса, еліміздің ең талантты, жаңа­шыл жастарынан құралатын резерв­тен күтеріміз көп. Бұл Жапония, АҚШ сынды дамыған елдердің тәжірибесінде болған. Дегенмен олардың оң, теріс тұстарына ерекше назар аударып, осыған дейін құрылған «А» кадрлық резервін жасақ­тау тәжірибесіндегі қателіктерді есепке алғанымыз жөн», деді Ә.Мұхамеджанова.

Мемлекеттік басқару акаде­миясының стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халық­аралық әріптестік жөніндегі вице-ректоры, экономика ғы­лым­дарының докторы Айгүл Көшер­баева 10 негізгі бағыттың «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» бағытына қатысты пікі­рін білдірді. «Экономист ретін­де аймақтардың дамуына назар аударған дұрыс шешім деп ойлаймын. Аймақтарды зерт­тей келе, Нұр-Сұлтан, Алма­ты, Атырау қалаларының басқа­лардан ілгері екенін байқадық. Сондықтан басқа аймақтарға да инвестиция тартылуы қажет. Ол үшін арнайы зерттеулер жүргізіп, әр аймақтың мықты тұстарын табу керек. Осыған сай инвес­тиция тартылса, аймақтардағы тұрмыс та түзелмек. Инвестиция мен өмір сапасы бір-бірімен байланысты факторлар», деді А.Көшербаева.

Жалпы, бұл басқосуға қаты­су­шылар ел дамуын жаңа дең­гей­ге көтеретін Президенттің 10 негізгі бағыты туралы қызу пі­кір алмасып, оның басым бөлі­гі әлеуметтік мәселелерге негіздел­генін назарға алды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»