Саясат • 21 Маусым, 2019

Билікке сенім бәрінен де биік тұр

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл күн, 2019 жылдың 12 маусымы Қазақстан үшін және оны мекендеген әрбір азамат үшін әрқашан ай­рықша маңыздылығымен есте қалатыны анық. Тәуелсіз мем­лекеттің тарихындағы есте қалатын ең жарқын оқиға, елдің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

Билікке сенім бәрінен де биік тұр

Бүкіл әлем жұрты көз тігіп қараған кезектен тыс өткен сайлауда қазақстандықтар өзі өмір сүріп отырған қоғамның саяси тұрғыда кемелденгенін және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған стратегиялық жоспарлар мен бастамаларға салғырт қарамайтынын, керісінше, толық қолдайтынын айқын көрсетіп берді.

Ұлықтау рәсіміне қатыс­қан Елбасы бұл салтанат­қа кө­ңіл ұйытатын айрықша адами әсер сыйлады – тамыры тереңге кеткен ғасырлар бой­ғы арманды шындыққа айнал­дырып, дербестікке қол жеткізген елді түрлі тоқы­раулар мен тұтқиылдан кезік­кен қиындықтардан көре­ген­дікпен ойластырған рефор­малары арқылы аман-есен алып шыққан Елбасы жыл­дардың өтінде жүріп бірге шың­дал­ған саяси серігіне сенім біл­дірді. Сондықтан болар, «ел тізгіні сеніп тапсырылған жаңа Президент ант берген соң Қазақстан халқына арнап айта­тын алғашқы сөзін қалай бас­тар екен?» деген сұрақ әр­қай­сымыздың көкірегімізде сайрап тұрды.

Үлкен мінберде тұрып сөй­ленген сөз жеке өз басым­ды нақтылығымен және өзек­ті­лігімен иландырды. Біз То­қаев үшін дауыс берген кезде қолға алған реформалар мен іргелі бастамаларды әрі қа­рай ілгерілетіп, дамыту үшін өзі­нің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдалануға ниетті, осы уақытқа дейін қалыптастырып үлгерген Қазақстанның халық­аралық беделі мен абыро­йын одан әрі нығайта түсетін кәсіби мемлекеттік және сая­си қайраткер үшін дауыс беріп тұрғанымызды түсінген едік. Алайда ұлықтау салтанаты кезінде біз Президенттің әрбір мемлекеттік міндетті орындау­шыдан нақты нәтиже талап ететін ниеті барын естігенде, қуанышымыз тіпті үстемелене түсті. Президенттің әр сөзінен елдегі жағдайды жақсы біле­тін­дігі, болып жатқан оқи­ғаларға түсіністікпен қарайтыны, әділ баға беретіні сезіліп тұрды. Мұның дәлелі тамыз айынан бастап іске кірісетін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешімі болды. Яғни, Президент жаңа лауазымына кірісу үшін ұзақ бейімделіп, асықпай ырғала басып жүруге уақытының жоқ екенін бірден аңдатты. Оның шешімді жылдам қабылдап, іске тез кірісіп кеткені қарапайым адам­дар­дың кеудесіне сенім ұяла­тып отыр, себебі бүгінгі күні билікке деген сенім бәрінен де маңызды, жоғары болып тұр: біз бәріміз де елдегі тұрақ­ты­лық пен бейбітшілікті, кө­шеде алаңсыз жүргенімізді, жат пиғылды адамдардың ты­ныш­тығымызды ұрламағанын қалап отырмыз.

Ұлттық кеңес – бұл біздің қоғамымыздың тыныштығын шайқағысы келетіндерге қарсы айтылған жауап, бұл – әртүрлі қоғамдық топтардың, әр буын­дағы ұрпақтың биліктің әре­кеті туралы өз ойын ашық ай­тып, ұсынысы мен жобасын ортаға салуға мүмкіндік бере­тін келісімге, ортақ мәмі­леге келу алаңы. Сол себепті реформа жасағысы келіп құл­шынатындармен, оны жүзеге асыруға ұмтылатындармен, содан кейінгі оның нәтижесі үшін бармағын шайнап, өкі­нетіндермен кері байланыс жасауды ретке келтіру мүм­кіндігін пайдаланғанымыз өте орынды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеу­меттік саясатты жаңар­ту қажеттілігін алға тартып отырған кезде бұл идея дер кезінде жасалуымен әрі өзек­тілігімен көңілге қонаты­нын көрсетті. Ұлттық кеңес мем­лекеттің назарын осы саладағы маңызды мәселелерге аударуға мүмкіндік береді. Оны өз мақ­сатымызға пайдалана аламыз ба, жоқ па, ол тек бізге бай­ланысты болып отыр.

Бірақ мәдениет саласында қызмет ететін мен, түйіні тарқатылмаған, күрмеуі қиын мәселелердің шешімі тұрғын үй, жалақы немесе баға саясаты секілді әлеуметтік салалардың ғана шеңберінде тұйықталып қал­мағанын қалаймын. Біз өс­келең ұрпақтың тәрбие­сіндегі түйткілдерді, білім мен мәдениеттің өзара байла­нысын қамтамасыз етуді, халық­тың жалпы мәдениетін қалып­тастырып, көтеруді талқы­лауды да ұмытпауымыз керек. Әзірге қоғамдағы азамат­тары­мыздың дені: «Мен азатпын, еркінмін, ендеше өзімді қалай ұстағым келсе, солай ұстаймын, не істегім келеді, соны істеймін, ешкіммен де санасуға міндетті емеспін» деген жүгенсіздікке жетелейтін жағымсыз қағиданы ұстаным етіп алған. Бұл жағдайда Пре­зиденттің жастарға қарай мо­йын бұрып, олардың сая­си көз­қарасы мен ұнамсыз ұста­ным­дарға қарай бөлінуіне жол бермейтініне уәде еткені көңілдегі көп күдікті сылып тастағандай болды.

Мәдениет қайраткерлерін айрықша қуантқан тағы бір мәселе туралы айтпай кеткенім болмас: Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жас­тарды тәрбиелеудің өзін­дік құралы іспетті мән беріп қарап отыр. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бұл бағ­дар­ламаның бағыттары көп және бүгінгі мәдени жетістіктеріміз бен оның халықаралық мойын­далуының қондырғысы болып отырған мәдени мұраны ұлт­тың тірі байлығы етіп көр­се­те­тін мақсатқа ие. Жастар өзі­нің тамыры мен тарихы үшін мақ­тануы керек. Себебі біз жасампаз идеялар мен қуатты нақ сол бастау-бұлақтардан аламыз.

Өз таңдауымызбен қол жеткізген бүгінгі тарихи оқиға бүкіл қазақстандықтарды одан әрі біріктіргендей болып отыр. Біз барлық жерде ұлықтау сал­танатын, Президенттің Үн­деуін талқылап, еліміз үшін, саяси мәдениеттің биік дең­гейі мен бостан жылдарда бойы­мызға сіңген азамат­тық жауап­кершілік үшін мақ­тана­ты­нымызды бір адамдай сезін­дік. Міндет белгіленді, енді тек мақсатқа жұмылып, алға басу ғана бізді межеге жеткізеді.

 

Надежда ГОРОБЕЦ,

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері