Президент • 24 Маусым, 2019

Ірілігіміз де, тірлігіміз де – бірлігімізде

508 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Біз – Қазақстанның біртұтас хал­қымыз» – Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осылай бас­талды. Бұл сөздер Ата Заңымыздың «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы...» деп келетін бірінші сөйлемінің жарасымды реминисценциясы болуы әбден табиғи.

Ірілігіміз де, тірлігіміз де – бірлігімізде

Тоқаев президенттік сайлауға қатысуға бел буғанда бәрінен бұрын Конституцияға қашап жазылған осы қасиетті қағидаға арқа сүйеген. Біздің сақтап қаларлық, кие тұтарлық дүниеміз бар. Мемлекет басшысы айтқандай, бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар бірік­тіреді, олар – бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер.

Сол құндылықтардың арасында алдымен бейбітшілік аталатыны да орын­ды. Таңның тыныш атуы, кештің тыныш батуы – үлкен бақыт. Басты бақыт.

Күні кеше азаттығымыздың ақ таңы атқан қасиетті қаламызға, жалаулы жастығымыздың жақсы жылдары өткен аяулы Алматымызға арнайы барып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігіне келуінің отыз жылдығына арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып қайттық. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1989 жылғы 22 маусымдағы тарихи пленумы өткен, өзіміз сол тұста орталық аппаратта жұ­мыс істеген кезде талай жиынға қатысқан зәулім залда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың, конференцияға қатысу­шылардың сөйлеген сөздерін тыңдай отырып, осы кезең ішіндегі ерен ең­бекті санамен саралағанымызда Ел­басымыздың ел бірлігін сақтап қалған аса ірі ісін алдымен ойға ал­ғанбыз. Егемендігіміздің елең-алаңында сол кезде бүкіл елді еліктіріп әкеткен ереуіл көңілге еріп, мәселенің мәніне жетпей елең-желең сөйлеген кейбір керауыздарды қояйықшы, дүйім дүние айтқанына құлақ асқан Бжезинскийдей небір дерауыздардың өзі көріңдер де тұрыңдар, не шықса да алдымен көпдінді, көптілді осы елден шығады, бұлар бір мемлекетке ұйый алмайды, басы қосылмаған күйі ара-дара болып тынады деп сәуе­гейлік еткен болатын. «Біздің ел бол­мағымызға шүбә келтіргендер де табылды. «Қайда барар дейсің, ер­тең-ақ бастарын иіп өздері келеді» деп кергігендер де баршылық. «Енді бізге ермегенде кімге ереді дейсің?» деп масайрап масаттанғандар да аз емес», деп еске алатын сол бір сын жылдарды Әбіш абыз. «Олай болмай, былай болды, Біздің бақыт, сіздің сорға» деп Қасым ақын айтқандай, бәрі басқаша болды. Шүкір, біз мемлекет құра алдық. Біртұтас ел болып құралдық. Мынау аумалы-төкпелі дүниеде діңгегі берік дербес ел болып тұра алдық. Басқа әлемді айтпай-ақ, айналамыздағы аю мен айдаһардың арасында қыстығырылып көрген күнімізде де Елбасымыз бастап, даламыздай дарқан халқымыз, кең болса кем болмайтынын білетін кемеңгер халқымыз қостап, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүре алдық. Сөйтіп бүгінгі биігімізге келдік.

«Би болмасаң да би түсетін үй бол» дейтін ел едік. Шүкір, осы отыз жылда біз үй де болдық, би түсетін үй де болдық, кейін өзіміз би де болдық. Америкадай аршындамағанмен, Жапо­ниядай жай­қалмағанмен, тәуел­сіздік жолына өзі­мізбен қатар түс­кен елдердің кеуде тұсында келе­міз. Қазақстанның қазіргі ішкі жал­пы өнімінің көлемі Орталық Азия­дағы бес елдің – Өзбекстанның, Қыр­ғызстанның, Түрікменстанның, Тә­жік­станның ішкі жалпы өнімін қосып есептегеннен де асып түсетіні кешегі конференцияда орынды еске салынды. Сол төрт елдегі халықтың жал­пы саны 55 миллион екенін, ал Қа­зақ­стандағы халықтың саны 18 мил­лион екенін қоса айта кетсек, бұл мысалдың мәні айшықты ашы­лады.

1989 жылы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қарамағында, Орталық Коми­тет аппаратында жұмыс істеген (Идео­логия бөлімінде мәдениет секторының меңгерушісі болған едім) қазіргі аз адамның бірі әрі саясат тақырыбын көптен қаузап жүретін қаламгер екендігіміз ескерілген шығар, әйтеуір, Елбасымыздың отыз жыл бұрын билікке келуінің жай-жапсарын әң­гімелеу жөніндегі ұсыныстың біз­ге жасалғаны рас. Өткен жұма кү­ні осы «Egemen Qazaqstanda» жа­рия­лан­ған «Тағдырлы таңдау» атты мақа­ла­мыздың соңғы жағын ала: «Бү­гінгі таңда, арада аттай 30 жыл өткен кезде сол шақтағы құжаттарды қай­тадан қарай отырып, біз былай деп толық сеніммен айта аламыз: Тұңғыш Президент – Елбасы сол кезде қазақтандықтар арман еткен­нің бәрін де толық жүзеге асырды» деп жазғанбыз. Иә, сол кезде қазақ­стандықтар арман еткеннің бәрі бүгін­де жүзеге асырылды. Назарбаев тарих алдындағы, халық алдындағы миссиясын орындады. Абыроймен орындады.

Саясатта ойға алғанның бәрін түп-түгел, жайнатып, жақсылап жасау мүмкін емес. Ондай саясаткер ар­ғы-бергі тарихта болған емес, болуы мүмкін де емес. «Политика – искусство возможного» деген сөз содан ай­тылған. Саясатта ғажайыптар жасалмайды, құлақ естіп, көз көрмеген кере­меттер болмайды. Саясатта орын­дауға болатын нәрсе ғана орындалады. Орындауға болатынның бәрін орын­даған басшы – бақыты баянды басшы.

Инфляциялық процестерге байланысты нақты табыстың кемуіне, теңге бағамының едәуір құлдырауына орай кейінгі кезде қоғамда көңіл тол­маушылық көріністері де байқала бас­тағаны белгілі. Мұның объективті се­бептері де бар. Субъективті себептері де бар, әрине. Мынандай айқыш-ұйқыш кіріккен дүниеде біз жаһандық экономиканың әсер-ықпалынан тыс тұра алмаймыз. Мұнайға, газға, ме­тал­дардың барлық түріне әлемдік ба­ға күрт түсіп, экспорттан келетін қаржы опырайып, бюджеттің табысы орталанып қалғанына біздің қыла алар қайранымыз шамалы. Осы­­ны ертеден ескергендіктен де Елбасымыз «Біз мұнайы мен газы жоқ ел сияқты өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтып, шикізат бағасына ба­ғынышты болмауға шақырған, Ин­дустрияландыру бағдарламасын қолға алдырған еді. «Бәріңді ұшпаққа шығарамын, Қазақстанда жұмақ орнатып беремін» деп айтқан жоқ еді Назарбаев. Олай деп Тоқаев та айтып отырған жоқ. Тоқаев сабақтастықты сақ­таймын, әділдікті қамтамасыз ете­мін, өрлеуге қол жеткіземін деп отыр. Өмірдің бірте-бірте өзгеретінін, қоғам мен билік арасы бұрынғыдан жақындай түсетінін, өзара сенім көбейетінін айтып отыр. Бұл – орындауға болатын міндет. Ол міндетті орындаудың басты шарты – ортақ шаңырағымыздағы бе­реке-бірлікті сақтау, достықты, та­тулықты, келісімді көзіміздің қара­шығындай қастерлеу, қасиеттеу. Қа­заққа Құдай жерді де берген, кенді де берген, елді де берген, ерді де бер­ген. Бізде бәрі бар. Қазір де, талайы­мыз нысап сайын береке дегенді ұмы­тыңқырап, тым-тым таусыла сөй­леп, әсіреталапшылдық танытып тұр­ған өтпелі, аздап өкпелі тұста да біз алдағы замандағы ірілігіміз де, тірлігіміз де бірлігімізде екенін ұмыт­пауға тиіспіз. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында өзі ұстанатын басымдықтардың біріншісін «Қо­ғамымыздың бірлігін сақтап қалу» деп көрсеткені сондықтан. Қоғам бір­лігінің басты шарты – адам бірлігі. Ортақ мақсатқа ұмтылғанда, отбасын асырайтын, Отанына себі тиетін еңбекке жұмылғанда, әділдікке сенгенде, заңға көнгенде адамдар да біріге түседі. Қоғам бірлігінің тағы бір шарты – халық пен биліктің бірлігі, өзара сенімі. Елбасымыздың өзі жа­қын­да ғана, Nur Otan партиясының съезінде «Президент біреу болуы керек, басқаларымыз оған тіреу болуымыз керек» деп айтты. Екі тізгін, бір шылбыр қолына берілгенде ел бастаған ердің де құлашы ашылып, қанаты жайыла түсетіні талассыз.

«Қазақ дәл бүгінгідей өмірді еш­қашан көрген жоқ. Айырылып қал­майық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегені осы болар. Ұмытпайық», деді Алматы төрінде Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұмытпайық.

 Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 
Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы
депутаттық тобының жетекшісі