Әлем • 27 Маусым, 2019

Ынтымақтастықтың алтын көпірі

739 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы 9 маусымда елімізде және Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелеріндегі 65 сайлау учаскесінде Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қазақстан халқының 77%-ы қатысқан сайлауда Nur Otan партиясы ұсынған үміткер Қ.Тоқаев 70,96 пайыз дауыс басымдығымен жеңіске жетті.

Ынтымақтастықтың алтын көпірі

Айта кету керек, сайлау қорытын­дысы шыққан соң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков­пен телефон арқылы сөйлесіп, әңгіме барысында оны сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және бауырлас Қазақстан халқының маңызды да жа­уапты таңдау жасағанын атап өтті. Оған қоса, С.Жээнбеков Қазақстан басшысын қазақ-қырғыз қатынастарын нығайту мақсатында Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырған еді.

Ұлықтау рәсімі өтіп, жаңа сайланған Президент халық алдында ант бергеннен кейін ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін 2019 жылғы 13 маусымда Қырғыз Республикасының Бішкек қаласына аттанды. Бұл Қ.Тоқаевтың ресми түрде Мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапары екенін баса айтқан жөн.

Сапар барысында ШЫҰ-ның биылғы төрағасы Қырғызстан ұйымға мүше мемлекеттерден және байқаушы елдерден келген мәртебелі меймандарды қабылдады және С.Жээнбеков алғашқылардың бірі болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жұмыс кез­десуін өткізді. Кездесу барысында Қырғыз Республикасының Президенті Қазақ­стандағы сайлау табысты өткенін атап өтіп, Қ.Тоқаевты жеңісімен тағы да құт­тықтады. Ал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа сайланған Президент ретінде өзінің алғашқы шетелдік сапарын осы бауырлас Қырғыз елінен бастап отырғанына қуанышты екенін жеткізді.

Оның үстіне, 2019 жылғы 14 мау­сымда С.Жээнбеков ШЫҰ елдері бас­шылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысын аша отырып, күллі әлем алдында (отырысқа 11 елдің басшы­сы және 23 елден келген 500-ден астам журналист қатысты) Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаевқа жылы лебізін білдірді және «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық тарапты сайлаудың табысты өтуімен құттықтаймын. Сіздің жеңісіңіз – халықтың өзіңізге деген се­німінің көрінісі», деді ол.

Қырғыз Президенті С.Жээнбековтің Қ.Тоқаевқа қатысты жоғарыда аталған риясыз әрекеттері біріншіден, қырғыз тарапының елімізге бауырмалдық қа­рым-қатынасын, екіншіден Қазақстан Пре­зидентінің жеке тұлғасына деген құрметін және үшіншіден, келешекте елімізбен жан-жақты ара қатынастарды жақсартуға деген ұмтылысын көрсетсе керек.

ШЫҰ жиыны кезінде ең басты құжат – ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің Бішкек декларациясы қабыл­данды. Бұл құжат маңызы жағынан қоры­тынды саяси ұстаным болып табыла­ды, онда мүше мемлекеттердің ШЫҰ-ны дамыту перспективалары туралы бірлескен пайымы, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша жинақталған тұжырым қамтылған.

Оған қоса Самитте жоғарыда аталған декларациядан басқа 20 құжатқа қол қойылды, оның ішінде Саммит аясында ШЫҰ хатшылығы мен «Астана» халық­аралық қаржы орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.

Саммитке қатысушылар ШЫҰ шең­берінде қауіпсіздік мәселесі, экстре­мизмге, терроризм мен есірткі тра­фигіне қарсы іс-қимыл, экономиканы, өнер­кәсіпті дамыту, гуманитарлық саладағы ынты­мақтастық сияқты бағыттардың қазір­гі жай-күйі мен аталған салалар бо­йынша өзара әрекеттестікті одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады. Сон­дай-ақ ШЫҰ елдерінің басшылары Ауғанстан мен Сириядағы жағдайды рет­­теу жолдарын, Иран ядролық бағдар­ла­масы бойынша қазіргі жағдайды да қарастырды.

Бұл орайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның басты міндеттері ретінде мыналарды атап өтті:

ШЫҰ кеңістігінде өзара сенімді, қауіп­сіздік пен ынтымақтастықты қам­тамасыз ету мақсатында конструк­тив­ті диалог пен өзара іс-қимылдарды ны­ғайту ма­ңызды болып қала беруі тиіс. Осы­ған бай­ланысты ШЫҰ стратегиясы шең­берін­де 2018-2022 жылдарға арналған Іс-қи­мыл­дар жоспарын, Ұзақ мерзімді тату көршілік туралы келісімді, достық пен ынтымақтастықты толыққанды жүзеге асыру керек.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш диалог» жөніндегі бастамасы тұрғысынан алғанда Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) пен Еуропалық одақ сияқты Еуразияның көпжақты негізгі құ­рылымдарымен толыққанды қарым-қаты­насты орнатып, оны кеңейту арқы­лы Ұйымның халықаралық бәсекеге қабі­летін арттыру қажет.

Экономикалық өсім баяулаған әрі әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыз­дық жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының зор әлеуетін бұдан да тиімді пайдалану қажет. Оған сегізжақты Еура­зиялық қаржылық кеңесшілік механизмін құру септігін тигізбек.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылардың назарын өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелеріне аударды. Оның айтуынша, терроризм мәселесі жаһандық желі­де көрініс берді, сондықтан кибер­қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейту қажет. «ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі орталығын құру Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау ісіне қосқан маңызды үлес болар еді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кли­маттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қор­ғау мәселелеріне жеке тоқталып, осы са­ла­дағы ынтымақтастық үшін тұрақты жұмыс істейтін платформа құруды ұсын­ды.

Жергілікті сарапшылардың айтуынша, ШЫҰ салыстырмалы түрде жаңадан құрылған ұйым болғанымен бүкіл әлем көз тігіп отырған беделді бірлестік, ал экономикалық өсуі мен геоясаяси орналасуы жағынан Қазақстанның ШЫҰ-дағы рөлі аса маңызды, сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөзіндегі әр ұстанымға аса мән беру қажет.

Осы орайда бауырлас Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы қарым-қатынастар өзара тиімді негізде дамып келе жатқанын айрықша айтқан жөн. Қазақстан – Қырғыз Республикасының ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі. Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстан Қырғыз елінің экономикасына 1,5 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде инвестиция салды.

Тау-кен саласындағы бір ғана «Бозымчак» компаниясы осы уақытқа дейін Қырғызстан экономикасына 350 млн АҚШ долларынан астам қаражат салған. «Бозымчак» кен орны стратегиялық объектілердің мемлекеттік тізбесіне кіреді, кәсіпорынның салық аудару көлемі жылына шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Аталған компания қызметі арқылы шамамен 1200 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Sky mobile компаниясы бюджетке салық төлеуден Қырғызстандағы ірі компания болып саналатын «Кумтор» кенішінен кейін екінші орынды иеленеді және салық көлемі жылына 35 млн АҚШ долларын құрайды екен. Оған қоса «Халық банк Кыргызстан», «БТА-Банк Қырғызстан», «ЦУМ-Айчурёк» сияқты көптеген қазақстандық компаниялар елдеріміздің татулығы арқасында Қырғыз Республикасының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып отыр.

Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков 2017 жылы өзінің алғашқы ресми сапарларының бірін Қазақстаннан бастап, біздің елдеріміздің бауырлас екенін дәлелдеді. Осы іс-шара барысында: Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа, Мемлекеттік шекаралардың жұмыс режімі туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұдан соң Қырғызстан Президенті Елбасы Н.Назарбаевпен әртүрлі деңгейлерде бірнеше мәрте кездесті, қазіргі Президент Қ.Тоқаевпен де халықаралық іс-шаралар аясында бір­неше дүркін жүздесіп үлгерді. Бұл кез­десу­лер екіжақты ынтымақтастықты үде­мелі түрде дамытуға зор үлесін қоспақ.

Қырғызстан біздің елімізге негізінен электр энегриясын, сүт өнімдерін көк­өністер мен жеміс-жидек, мүйізді ірі қара, тігін өнімдерін, шыны және басқа да бұйымдарды жеткізеді. Ал Қазақстаннан Қырғыз Республикасына мұнай және мұнай өнімдері, астық, көмір, ұн, өсімдік майы, органикалық емес химиялық заттар, минералдық шикізат, темір және болат өнімдері әкелінеді.

Саяси диалог тұрғысынан екі ел арасындағы негізгі екіжақты қатынастар бойынша қайшылық жоқ, жоғары дең­гей­дегі келіссөздер тұрақты түрде өткізі­луде. 2017 жылдың аяғында Елбасы Н.Назарбаев пен Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков екі ел үкіметтеріне өзара сау­да көлемін 2020 жылға қарай 1 мил­лиард АҚШ долларына жеткізу жөнін­де тапсырма берген болатын. Қазір осы мақ­сатқа жету үшін тиісті билік тар­мақ­тары барынша тығыз ынтымақтастық орнатуда.

Оған қоса екі ел арасындағы мәдени-гу­манитарлық ынтымақтастық та қар­қынды даму үстінде. Мәселен, өткен жылы әйгілі жазушы Ш.Айтматовтың 90 жылдығы 2018 жылғы 25 сәуірде елі­мізде өткен халықаралық форумнан бастау алып, Қырғызстанда және бүкіл дүние жүзінде жалғасын тапқаны мәлім. Оған қоса былтырғы тамызда Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің жетінші отырысы болып, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Айтматовтың атына көше берілді. Бішкекте қазақ-қырғыз достығына арналған бірнеше дөңгелек үстелдер, жастар форумы өтті. Өткен жылы Қазақстанның мәдени саласын дамы­туға үлес қосқан Қырғызстан азамат­тары – суретші С.Осмоналиев пен Ыстық­көлдегі М.Әуезов атындағы Музей үйінің қызметкері С.Табышева еліміз­дің жоғары наградаларымен марапат­талды.

Осы жылы да экономикалық және гуманитарлық сала бойынша көп­теген іс-шара жоспарланған. Қазір­дің өзінде заманымыздың заңғар тұл­ғасы Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығы қарсаңында оның таңдамалы шығар­малары қырғыз тіліне аударылып, жеке кітап болып жарық көрді, таяуда аталған еңбектің тұсаукесері өтпек.

Қазақ пен қырғыздың жақындығын Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі одақтас мемлекеттер», деген сөзімен тұжырымдауға болады. Президент С.Жээнбеков те «қырғыздар мен қазақтар сияқты бір-біріне жақын халық жоқ», деп үнемі айтып келеді. Міне, осының бәрі «Қазақ пен қырғыздың арасы – көздің ағы мен қарасы» дегендей екі ел арасындағы рия­сыз достықты білдірсе керек.


Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ,
Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі