Қазақстан • 27 Маусым, 2019

Кемеңгерлік келбеті

708 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­дентінің Қазақ елі, мемлекет мүд­десі үшін атқарған қызметіне орай Алматыда «Кемеңгерліктің 30 жылдығы» атты халықаралық ғылы­ми конференция өтті. Ғылы­ми конференцияның өтуіне ұйыт­қы болған – Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі және Қазақ­стан Республика-сының Тұң­ғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасы. Егемендігіміздің әрбір қадамын аңдатар, тәуелсіз­дігіміздің тұтас тарихындағы ел болып қалып­та­судағы батыл қадамдар мен бірегей шешімдердің иесі Елбасының ертеңгі ұрпаққа аманаты мен өсиеті осы конференция барысында айқын көрінді. Тұңғыш Президентіміздің әр сөзіне «Елбасымыз не айтты?» деп ойланып, ғылыми-сараптамалық тұрғыдан жа­уап іздедік. Ел-басымыздың келешекке арнаған әрбір жетелі сөзіне зер сала отырып, төмендегідей ойымызды түйдік. Өздеріңізбен де бөлісуді жөн көрдік.

Кемеңгерлік келбеті

Конференция барысында Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен жастар тәрбиесіне терең тоқ­талды. Жастар тәрбиесі – бола­шағымыздың іргелі кепілі. Өт­кенімізді жаңғыртып, тарихымызды ұмытпай, қолда барды қадірлеп, аялай білу қоғамымыздағы әрбір азаматтың парызы болуы керек. Қоғамды қадірлеу әр адамның өз қадамынан басталады. Әркім еңбек етіп, өз саласымен сауатты айналысуды машыққа айналдыруы шарт. Орыстың белгілі жазушысы, драматург М.Булгаковтың сөзімен айтсақ: «...әркім өз ісімен тікелей айналысқанда қирау өз-өзінен жоғалады». Қоғамды алдыға қозғайтын тек еңбек. Ал алаңсыз еңбек ету үшін сенім қа­жет. Қоғамның кредосы – әркім­нің өз ұстанымына деген сені­мі бо­луы қажет. Мемлекетке, тұл­ға­ға, қоғамға деген сенім. Тұл­ға мен қоғам арасындағы сенім. Се­нім қайдан туады, қалай қа­лып­­тасады десек, оның негізі: Шә­кәрім «Үш анығында» айтып кеткен – «Ұждан». «Үш анығында» Шәкәрім бабамыз айтады: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл-көзімен көреді. ...Ұждан дегеніміз: ынсап, әділет, мейірім».

Адамнан ынсап кеткенде тең­дессіз құндылықтар: еркіндік пен ты­ныш­тықтың қадірін сезінбеу бас­талады. Бұл – Абай айтқан, толық адам тәрбиелеудің өзегі. Абай 29-қара сөзінде: «...Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» дейді. Бүгінгі күннің тілімен айтсақ, «қара басының қамын ойлап», хайп жасап, лайк жинауды мәртебе санаудың несі абырой, несі мұрат? Қоғамның бетұстары бола алатын, темір­қазығы ретінде жол сілтей алар адамға ақыл керек. Ой мен ақыл бірлігі – ертең де іргелі ел болуды өз ұрпағына тілейтін саналы аза­маттың қадамы, ең басты кепілі.

Адамның ерекше сипаты – интеллект. Ғылымда интеллектінің менталдық, эмоционалдық, әлеу­меттік, физикалық бес түрі бар. Олардың басын біріктіруші рухани интеллект. Елбасымыз 1991 жылы «біздің дамуымызда ерекше өз жолымыз бар» деген. 2019 жылдың 19 наурызында Тұңғыш Президентіміздің ел алдында қабылдаған тарихи шешімі – Ұлы дала демократиясының тағы бір жарқын көрінісі. Бұл жол – рухани интеллектісі жоғары ұрпақ тәрбиелеу жолы. Интеллигенция қоғам алдында рухани адамгер­ші­ліктің жауапкершілігін алуы қажет. Ел алдында сөзі өтетін интел­лигенция өкілдері халықтың ойын тұрақтандыруға атсалысуы шарт. Адамда, қоғамда өзін өзі бағалау индексі бар. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Қазіргі қоғамның күрделі проблемасы осы: индекстің құлдырауы. Де­мек, әр адам өз бағасын білсе, ол қо­ғамның да, мемлекеттің де қадірін терең сезінеді.

Тарихи қазақтың бойында бар қоғамның иммунитетін көтеру рухани жаңғырудың гуманитарлық саласындағы инновациясы болып отыр. Ақсақалдар институты, қазақ даласының демократиясы, кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ізеті болған. Осы тарихи иммунитетімізді қалыпқа келтіруіміз қажет. Тағы бір айта кететін жағдай: бүгінгі таңда хал­қына орынсыз сын айтушылар көбейді. Елге сын айту үшін ха­лық­тық ой-сана биігінен қарап үй­ре­ну керек. Ол үшін Дулат, Абай, Шәкәрім сияқты хакімдік пен да­ныш­пандық деңгейіне жету шарт.

Татулық пен бейбітшіліктің қадірін кез келген бағалай білмесе, бұл қоғам «тұмау тиген қоғамға да» айналып кетуі ғажап емес. «Тұмауды кетіру» үшін есік пен терезені ашпай, асқындырмай, уақытында дертімізге дауа табуымыз керек. Одан емделудің бір ғана жолы, бір ғана дәруі бар: бұл – білім, мәдениет, ағарту саласы.

Бүгінгі күні әлемдік тренд – «өмір бойы білім алу». Ал осы ойлардың шешімі ше? Белгілі бір істің жай-жапсарын халыққа жеткізуіміз үшін жаңа коммуникация құралдары қажет. Бұл – әлеуметтік желілер емес, бұл – еркін пікір алмасу алаңдары. Адам мен адамның түсінісуі, жарқын жүзбен мәмілеге келуі. Кез келген идеялармен бөлісуі. Ортаға салу, дұрыс-кемдігін талқылау алаңдары. Бұл алаңдар нәтижелі жұмыс жасауы үшін азаматтық қоғамның деңгейін, құқықтық, мәдени, білім сапасын көтеруіміз керек.

Бүгінгі қоғамда жаңаша көз­қарасты қалыптастыруымыз керек. Жаңаша көзқарас – жаңа проб­леманы табу емес, байқала бастаған проблема болса, оны шешудің тиімді жолдарын табу. Бұл – ағартушылық жолы.

Конференция барысында Елбасы­мыздың ақыл мен ой туралы сөздерін естіп, елімізге жаңа ағартушы тұлғалар қажет деп есептедік. Адам өмірінде, қо­ғамда пайда болатын кез келген сыртқы-ішкі жағымды, жағымсыз факторларға төтеп беруі үшін кез келген тұлға өмір бойы тәрбие алуы керек. Ақыл жинауы шарт.

Ал ақыл мен тәрбиенің бастауы, ағартушылық жұмыстың негізі: пәл­сапа жағынан, ақыл-ой, тәрбие жағы­нан, бұл – Абай, Шәкәрім сынды тұл­ға­лары­мыздың еңбектері, Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы». Ал эко­номи­ка, саяси, тарихи, әлеуметтік салалары не­гізін Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің осы салалардағы ең­бектері арқылы жеткі­зуі­міз керек.

Бүгінгі таңда мемлекет бо­лып қалыптасудан бастап, тәуел­сіз­діктің стратегиялық тарихы ту­ралы талданып көрсетілген Ел­басымыздың 100-ге жуық еңбек­терінің, ақыл-ойларының қоры бар. Осы ғылыми жұмысты қор ретінде жинақтап, бірнеше ғылыми институттар атқаратын істі қолға алып, қарқынды да, нәтижелі жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков. Бұл қолданбалы материал бүгінгі күні білім саласының жаңа мүмкіншілігі. Олай болса, Тұңғыш Президентіміздің көп салаларды қамтитын еңбектері ғылыми бағыттардың методологиясы бола алады. Бұл оқу орындарында жаңа білім беру бағдарламаларына енгізілуі керек.

Түркі әлемінің алтын бесігі Алтайда мыңдаған жылдар бұрын айтылған, тасқа қашалғандай ұлағатты пәлсапалық сөз бар: «Жарық ой, жарық сөз, жарық іс, жарық өмір». Осы жарықтарға жетудің жолы – ағартушылық жолдың негізі – Елбасының өмір жолы. «Қазақстан жолымен бірге келе жатқан Назарбаев жолы». Бұл – тәуелсіз Қазақ елінің кез келген жасына жол көрсететін іргелі жол. Осы тұста басты миссиясы ағартушылық болатын университет – қоғамның кіндігі. Бұл миссия аясында университеттер әлеуметтік жауапкершілік алуы маңызды. Қоғам тұтастануының алтын көпірі де – университет. Олай болса, білім саласы халық пен келешек арасындағы білім көпірі болуы шарт.

 

Мейір ЕСКЕНДІРОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім университетінің ректоры

 СЕМЕЙ