Әлем • 28 Маусым, 2019

Есірткі айналымы: құрдымға кеткен картельдер

742 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның есебінше, жыл сайын әлемдік есірткі трафигінің айналымы қаржыға шаққанда 700-800 млрд долларға бағаланады. Бұл сома мұнай нарығындағы көрсеткішпен пара-пар. Есірткі заттарының жоғары өтімділігі аталған индустрияның белең алуына сеп болып отыр. Осыған орай заңсыз бизнестің Қазақстандағы және әлемдегі конъюнктурасын бағамдап көруді жөн көрдік.

Есірткі айналымы:  құрдымға кеткен картельдер

Трансұлттық қылмыстық топ құрықталды

Жаһандағы ахуалды тар­қат­пас бұрын, алдымен елдегі кар­тельдердің мәселесіне тоқ­тайық. Бұл ретте Ішкі істер ми­нис­тр­лігіне сұрау салып, ел тари­хындағы әшкере болған ең ірі есірткі партиялары жө­нін­де мәліметке қанықтық. Құ­қық қорғаушылар берген ақпаратқа сүйенсек, 2014 жылы Қа­рағандыдан Үштөбе ауылына бет алған «Лада Приора» автокөлігінен екі жүк сөмкесіне тиелген салмағы 40 килодан асатын героин табылыпты. 30 полимерлік пакетке салынған есірткінің қара нарықтағы құны шамамен 600 мың долларға бағаланған дейді полицейлер. Ұсталған азамат 12 жылға бас бостандығынан айырылыпты.

Заңсыз есірткі айналымы­мен кү­ресте халықаралық құқық қорғау құ­рылымдарының әлеуеті зор. Мә­селен, отандық тәртіп сақшылары Сыртқы істер министрлігінің қолдауы­мен АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы және Интерпол ұлт­тық орталық басқармасымен бір­лесіп трансұлттық қылмыстық топтың әре­кетін әшкереледі. Анықталғандай, бұл топ ел азаматтарын халықаралық есірткі трафигіне тартумен айналыс­қан. 2017 жылы Сан-Паулу қала­сын­­да мемлекеттік шекарадан өту кезінде Қазақстанның екі аза­матшасы ұсталып, олардың әрқайсысынан 2 килодан кокаин табылды. Артынша ізі суымай Қарағандыда 1992 жылғы азаматша құрықталып, ол жоғарыда айтылған екі адамды зергерлік бұ­йымдарды тасымалдайсыңдар деп ал­дағаны мәлім болды. Сон­дай-ақ бұл оқиғаға қатысы бар, халықаралық іздеудегі иор­да­ниялық азамат та Тбилиси әуе­жай­ында қолға түсіп, тиісті жазаға тартылды.

Соңғы жылдары қылмыс­тық жолмен табылған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдас­тыруға қа­тысты 20-дан аса дерек тір­кел­ген. Оның ішінде 2016 жылы есірт­кінің пайдасынан құны 15 млн 285 мың теңге болатын ақша мен мүлікті заңдастыруға ниеттенген азамат заң өкілдерінің қолына түсті. ІІМ өкілдері атал­ған ақшалай қаражат мемле­кет кірісіне аударылғанын нақ­тылады. Бұл Қазақстанда есірт­кі биз­­не­сінен тәркіленген әзірге ең үлкен сома.

Тәртіп сақшыларының мәлі­ме­тінше, бүгінде ел аума­ғында каннабис тұқымды (марихуана, гашиш) есірткі түрлері  кең таралған. Жыл сайын заңсыз айналымнан орташа есеппен 18 тоннадай есірткі алынады екен. Соның 15 тоннасы марихуа­на, 500 килосы гашиш. Отандық валю­таға шаққанда жалпы құны – 240 млн теңге (марихуана көтерме баға­сы – 226, 5 млн теңге, гашиш 17,7 млн теңге).

 

Синтетикалық есірткіге сұраныс артып барады

Қуантарлығы, соңғы кез­дері қазақ жерінде есірткіге байланыс­ты қылмыстар азайып келеді. Мұны тиісті ведомство өкілдері де растап отыр. Сарапшылар, бұған ауған тра­фигі бағытының өзгеруі әсер еткенін айтады. Дегенмен бір жаман­­дықты екіншісі алмас­тыратыны қын­жыл­тады. БҰҰ-ның есебіне сәйкес, 2016-2017 жыл­дар­да Ауған жеріндегі апиын ал­қап­тарында егістік көлемі екі­ есе қысқарған. Алайда, оның орнын психобелсенді син­тетикалық өнімдер бас­ты. Бұл – дүние­жүзілік үрдіс. Онымен күресті БҰҰ басты проблема ретінде белгілеп отыр. Осы ретте аталған дерт­ті ауыздықтауда заң­на­ма­лық тетікті жетілдіруге ден қойылды. Биылғы шіл­де айынан бастап былтыр жел­тоқсанда елімізде қа­был­данған заң кү­шіне енбек. Аталған реформа пси­хобелсенді зат­­тарға тосқауыл қою­ға, іс-қимыл мәселелерінде құ­зыр­­­лы органдардың құзы­ретін кеңейтуге және есірткі ай­на­­­лы­­мындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге серпін бере­ді.  Ал оның қан­шалықты нә­ти­­желі болатынын уақыт тө­реші көрсетер.

Қош, сонымен жыл басынан бері есірткі  қылмысы бойын­ша 3089 құқық бұзу­шылық анық­талып, оның 984-де қылмыстық және 708 дерек­те есірткі заттарын өт­­­кі­зуге қатысты белгілер анық­талған. Ұзын-саны 3 тонна 409 кило есірткі тәркіленді. Мұндағы героиннің салмағы – 11, 144 кило. Тұтастай 4 ұйым­­дас­қан қылмыстық топ­­тың әре­кетіне тосқауыл қойылды. Көш­­басшылары және мүше­лері 8 қылмыстық іс­ке сәй­кес заң алдында жауап бер­ді. Бұдан басқа 73 есірт­кі­ кон­трабандасының беті ашыл­ды. Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметіне қа­рағанда, зиянды өнімге тәуелді қа­зақ­стандықтардың саны 8, 3%-ға азайып, 22 788 (24870) адамды құраған. Нақтылап айтсақ, кәме­летке толмағандар – 129, әйел адамдар 1716.

 

Есірткі бизнесінің ошақтары қайда?

Бұл индустрияда тасы­малдың түрлі амалдары жолға қойылған. Әсіресе оның екі тармағы – ауған героині және латынамерикалық кокаин трафигі кең танымал. Ал­ғаш­қысын жеткізудің бірне­ше жолдары бар. Оның ішін­де «Балқан маршруты», яғ­ни Ауған­стан – Иран – Пәкістан – Түркия – Балқан түбегі – Оң­түстік Еуропа – Орталық Еуропа – Нидер­ланд елі арқылы өтетін дәліз басымдыққа ие. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, трансұлттық қылмыстық топтар «Солтүстік маршруты» немесе «Жібек жолы» бағытын да мықтап қолға алыпты. Сол бойынша есірткі заттары Ауғанстан, Тәжік­стан, Қырғызстан, Өз­бек­стан, Қазақстан, Ресей, Украи­на, Беларусь және Бал­тық жаға­лауынан асып, тіке­лей Еуропаға тасымалда­нады. Бұл жолдың артықшылы­ғын қыл­мыскерлер – ТМД мем­лекеттері арасындағы ке­ден­дік кедергілер мен шека­ра­лық шектеудің жоқты­ғы­нан көріп отыр. Ал латын­аме­рикалық кокаин трафигі – «солтүстікамерикалық мар­шрут» (Оңтүстік Америка – Мек­сика – АҚШ), сондай-ақ «Африка маршрутымен» (Оңтүстік Америка – Мексика – Атлантика – Аф­рика – Еуро­па – Балтық жа­ғалауы – Ресей)  жүзеге асы­рылып келеді. Оның қанат жаюына Медельин кар­телі ықпал еткені белгілі. Дәл осы қылмыстық ұйымның атақ­ты көсемі Пабло Эскобар, «ко­каин бағытының» негізін салғанын айта кету керек. Forbes журналының баға­лауын­­ша, Эскобар әлемдегі ко­каинның 80%-ын уысында ұстап отырған екен. Содан болса керек, қылмыс әлемінде оны «Кокаин патшасы» деп атап кеткен. Кейбір дерек көз­дері бойынша колумбиялық қылмыскердің жеке қаржылай қоры 30 млрд долларға дейін жеткен. Колумбия мемлекеті қазір де әлемдегі кокаинның ірі өндірушісі болып саналады. БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының ақ­пара­тына сенсек, 2016 жылы оның өндірісі шарықтау шегіне жетіп – 1, 4 10 тоннаға өскен. Халықаралық ұйым Азия мен Африка біртіндеп кокаинның заңсыз айналымы мен тұтыну орталығына айналып бара жатқанын мәлімдеді.

Америкалық патрульдік қы­з­мет тарихындағы есірткі­нің ең ірі партиясы 2000-жыл­дардың басында тір­келді. Жаға­лау қызметі Кали­форнияда ба­лық­шылардың кемесінен 13 тон­на кокаинді қолға түсірген. Оның құны 500 млн долларға бағаланыпты.

 

Экономикалық дағдарыс және есірткі ақшасы

Мақаланы әзірлеу барысында мынадай дерекке тап болдық. Дү­ниежүзілік қоғам­дастық бар күшін есіртк­імен күреске жұмыл­дырғанда, екін­­ші жағынан осы қыл­мыстан түскен қаражат эконо­микалық дағ­­дарысты реттеуге де жұм­салған кез­дері болыпты. Иә, бір-бірі­не қарама-қай­шы фак­тор­ болғанымен, шындығы осы. Бұл жайында БҰҰ Бас хат­шы­сы­ның бұрынғы орынбасары, Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қар­маның экс-директоры Антонио Мариа Коста бри­тандық «The Observer»­ басылымына берген сұх­батында жайып салды. «Сол кезеңде банктер бір-бірі­не қарыз беруге құлықсыз еді. Бұл қаржы жүйесінің жұмысын тұра­латты. Көп жағдайда есірткі сау­да­сынан түс­кен ақша осы жағ­дайдан шы­ғуға септесетін жал­­ғыз ин­вес­тициялық құрал болды. 2008 жылдың екінші жар­тыжылдығында қаржы жүйе­сінің негізгі проблемасы – банктердің өтімділігі еді», дейді Коста. Ол жаһандық экономика сол тұста қылмыс әлемінің 300 млрд доллардан асатын сомасын жұтып алғанын нақтылады.

Қазақстан заңсыз есірт­кі айналымы бағытында­ғы халықаралық ынтымақтас­тықты нығайтуға мүдделі. Осы­ған байланысты­ Шанхай ынты­мақтастық ұйымы, Ұжым­дық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы секілді бір­қатар дүниежүзілік органдармен ке­шенді жұмыстарды атқаруға ниетті. Биыл елде «Тор» опера­циясын өткізу жө­ніндегі халық­аралық үйлес­тіру штабын қарсы алу көзделген. Мұндағы мақсат – ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттер аумағында психобелсенді зат­тардың таралуын және осы жол­дағы интернет-технологиялар мен электронды төлем жүйелерін қол­данудың алдын алу.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»