Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Жақсы хабар жан жылытады

2484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақсы хабар жерде жатпайды ғой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы Жарлық шығарғаны жөнінде сүйінші хабарды естіп, елең ете қалдық. Көңілде үміт көп. Өйткені тұрмыстың тауқыметін тартып, банкке борышты болып жүрген жанның бірі өзім едім.

Жақсы хабар жан жылытады

Біз – көп балалы отбасымыз. Төрт балам да мектепте оқиды. Күйеуім мемлекеттік мекемеде жүргізуші, өзім де Теректі ауданы әкімдігіндегі бір бөлімде хатшы болып қызмет етемін. Екеуміздің де айлық еңбекақымыз елдегі ең төменгі жалақы қатарына жатады. Оның үстіне пәтер жалдап тұрамыз.

Өмір болған соң басымыздан түрлі жағдай өткеріп жатамыз ғой. 2014 жылы екінші деңгейлі банктердің бірінен тұрмыс қажеті үшін 300 мың теңге несие алдым. Үш жылға есептеп алған несиемді 1,5 жылдай уақтылы төлеп тұрдым. 2016 жылы күйеуім аяқ астынан жұмыссыз қалды. Қиналдық. Несиені уақытында төлеу түгілі, күнделікті тұрмыс қажетін табу қиын болды. Сөйтіп, ойламаған жерден банкке борышты болдық.

Әрине «алмақтың да сал­мағы» барын түсінеміз. Бірақ кү­т­пеген кедергі жоспарды бұз­ды. Осындай қиын жағдайға тап болдық. Одан бергі сот шешім­дері жығылғанға жұдырық болды. Бүгінгі нәтижесі – банкке әлі 400 мың теңгедей борыштымын. Оның үстіне сот орындау­шы­сына 80 мың теңге төлеуге тиіс­ті­мін. Қа­зір ай сайын онсыз да аз жа­­л­а­қым­­ның тең жарымы сот шешімі бойынша «ұсталып», қа­рыз­ды өтеуге аударылып отырады.

Міне, Президентіміз айтқан «Өмірлік қиын жағдайда қал­ған Қазақстан Республикасы азаматтарының» бірі біз ғой деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Жарлығының мақсаты – қиын жағ­дайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің от­ба­сыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүм­кіндік беру екені сөзсіз. Шыны­мен де бұл үлкен көмек болмақ!

Айта кетейін, біздің отбасы біраз жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмыз. Теректі ауданы орталығында су жаңа үш қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталу­ға жақын қалды. Бұйырса, осы үйден үш бөлмелі пәтер тиеді деп қуанып, өз баспанамыздың табалдырығынан аттар сәтті күн санап күтіп жүрген едік. Бүгінгі жылы хабар жүрегімізді одан са­йын жылытты. Мемлекеттің ел­дегі көп балалы отбасыларына қам­­қорл­ығы күн санап күшейіп келеді. Біз осыны сезініп отырмыз.

 

Альбина САРБӨПЕЕВА,

көп балалы ана

 Батыс Қазақстан,

Теректі ауданы