Бүгінгі Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы елімізге ежелден ерекше құтты қоныс болып есептеледі. Болмысынан білімге құштар болып өскен Рысты Халесқызы осынау өңірде 1949 жылы дүниеге келген. Жалпы, тарихты танып-білуге тума таланттан бөлек қажырлы еңбек пен тапталмас талап қажет. Біздің кейіпкеріміз осы тұрғыда қазақ тарихын құжат арқылы зерделеуде үлкен еңбек еткен адам. Іргелі мектептердің есігін аша жүріп, білімі мен тәжірибесін қатар ұштайды. Ең алдымен ол 1970 жылы А.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Орал облысы Жәнібек орта мектебіне мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Жас маманның іскерлігі мен белсенділігі байқалып, екі жылдан соң Орал облысы Жәнібек аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады.
Ізденімпаз, жаңалықтың жаршысы бола білген білікті маман 1980-1982 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде оқиды. Иә, айта берсек, Рысты Халесқызының өмір жолы жас буынға үздік үлгі, парасат пайымы баршаға тағылымды өнеге.
Қазақта «Тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Сол тарих архив қойнауында жатқандықтан, тәуелсіздікке қолымыз жетіп, тәй-тәй басқан тұста егеменді еліміздің архив саласына елеулі өзгерістер енгізіп, жандандыру Р.Сариеваға тапсырылып, 1997 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша еліміздегі Орталық мемлекеттік мұрағатына директор болып тағайындалды.
Дәл осы жерде Р.Сариеваның сонау аз уақыт ішінде архив төңірегіндегі мәселелерді меңгере отырып, еліміздің тарихындағы алғашқы 1998 жылдың 22 желтоқсанындағы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына зор үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Алғаш рет архив ісінің мемлекеттегі орны мен атқаратын рөлі заңды түрде анықталып, оның құзырының шеңбері, қызмет ету және басқа салалармен қатынасы тұжырымдалды.
Осы кезеңде заңнан тыс архив ісі бойынша 70-тен астам нормативтік-құқықтық құжат дайындалды. Р.Сариеваның басқаруы мемлекеттік архивтер жүйесін сақтап қана қоймай, жаңа ғимараттар ашылуына септігін тигізеді.
Осыдан біраз жыл бұрын елордамызда 1 млн сақтау бірлігіне арналған Ұлттық архивтің құрылысы жүргізіліп, Үкіметтің 2004 жылғы 21 сәуірдегі №445 қаулысымен 5 республикалық мемлекеттік архив мекемесіне жеке заңды тұлға мәртебесін берілген оқиғада да біздің кейіпкердің есепсіз еңбегі бар.
Рысты Сариева бұдан бөлек бірнеше кітаптың авторы екенін айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде мамандарды дайындауға оқу құралы ретінде қолданылып жүрген «Очерки по истории организации архивного дела в Казахстане» (1918-1945); «Делопроизводство и архивное дело» терминологиялық сөздігі; Мұрағат ісі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен ғылыми-әдістемелік құжаттар жинағы (2001-2009 жж.), сондай-ақ тарих пен деректану мәселелері жөнінде 110-нан астам ғылыми мақаласы бүгінде ел игілігіне еркін жарап отыр.
Рысты Халесқызының тікелей басшылығымен Үкімет қаулысымен бекітілген «2001-2005 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы архив ісінің дамуының тұжырымдамасы және бағдарламасы» дайындалып, халықаралық қатынас орнығып республика үшін ғылыми, мәдени-тарихи маңызы бар шетел мемлекеттерінің ғылыми мекемелері мен архивтерінен XV-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды іздеу мен алу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. 2005 жылы «Қазақстан архивтері» атты ақпараттық және ғылыми-тәжірибелік журналды шығаруға тікелей атсалысты, қазіргі таңда аталған журнал архив саласының қызметкерлеріне әдістемелік-тәжірибелік журнал болды. Сондай-ақ жұмыс тәжірибесінде ғылыми-әдістемелік құралдармен алмасу, тарихи-мәдени құжаттық мұраны сақтау мәселелері бойынша дүниежүзілік мәселелер мен міндеттерді шешу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын қазіргі заман талабына сай ақпараттық технология енгізді.
Р.Сариеваның Исландия (2001), Франция (2002), Аустрия (2004), Қытай (2005) елдеріндегі Бас Ассамблея отырыстарына, халықаралық мұрағаттар кеңесінің конференцияларына қатысуы нормативтік-құқықтық, ғылыми-әдістемелік базаларын құру мәселелері бойынша және мұрағат ісі жөнінде мекемені материалдық-техникалық базамен жетілдіру, жаңа ақпараттық технологияны енгізу, халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасы және оның астанасының жетістіктері туралы насихаттауы мемлекетіміздің мәртебесін көтеруге үлес қосты.
2001-2008 жылдар аралығында Р.Сариева екі мәрте Халықаралық мұрағаттар кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімі төрағасының орынбасары болып сайланды. Соның нәтижесінде еліміздің астанасында қабылданған құжаттар еуразиялық ұғымның қалыптасуына, әріптестіктің нығаюына, ТМД елдерінің қатысушы архивтер қызметтері арасында тиімді ынтымақтастықтың қалыптасуының сенімді негізіне айналды.
Түйіп айтқанда, Рысты Халесқызының мемлекеттік басқару органдарында көп жылғы және мүлтіксіз атқарған еңбегі архив саласына айрықша серпіліс әкелді деуге толық негіз бар. Қажырлы еңбегі сіңген қайраткер, өз ісіне деген сүйіспеншілігі арқылы парасатты рухы биік ізбасарларын тәрбиелеу жолында да дарынды ұйымдастырушы болып тынбай еңбек етіп келеді.
Асия КЕРІМТАЕВА,
Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы