Қасым-Жомарт Тоқаев қызмет барысында әрдайым қарапайымдылығымен, біліктілігімен таныла білді. Ол кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сенат қабырғасында қызмет істеген жылдары байқағаным, Қасым-Жомарт Кемелұлына депутаттық корпус оған іскер азамат ретінде үлкен сыйластықпен, жоғары құрметпен қарады.
Жалпы, өмірде қандай жағдай болсын ол кісінің салиқалы қалпынан айнымайтын сабырлылығы, қай іске де төзімділігі, шыдамдылық таныта білуі үлгі боларлық қасиет. Сенатор, комитет төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік еткен делегация құрамында бірнеше мәрте Еуропарламент Ассамблеясының жиындарына қатыстым. Барлық басқосуларда Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен біліктілікпен, жоғары дайындықпен сөз сөйлеп, сауатты баяндама жасауымен лайықты құрметке ие бола білетін. Оның ұсыныстары мен ұтымды пікірлері Еуроодақ конференциясына қатысушылар тарапынан әрдайым қызу қолдау тауып отырды.
Осы арада бір жағдай еске түседі. Венада өткен Парламенттік ассамблея (ЕКПА) саммитіне қатысуға барған қазақстандық делегация қайтар жолда күтпеген жағдайға тап болды. Құрамында үлкен делегация – сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары, журналистер, басқа да лауазымды азаматтар отырған ұшақ аспанға көтерілген болатын. Бір уақытта делегация жетекшісінің көмекшісі мені Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіне шақырғанын айтты. Мен қасына барғанымда ол күтпеген жағдайдың орын алғанын, әуеге көтерілген ұшақтың бір шассиінің ішке кірмей қалғанын айтты. Үлкен жылдамдықпен аспанда ұшып келе жатқан ұшақтың аэродинамика кедергісі салдарынан жанармай әдеттегіден тыс көп жұмсалып, авиаотын жетпей қалу қаупі туындаған. Осы жағдайды маған жеке жеткізіп, жұртты әбігерге түсіріп, үрейлендірмеуге, сабыр сақтауға шақырды. Ұшқыштар болса, мұндай жағдайда Еуропаның бір қаласына қонуға рұқсат алып, сонда аялдауды ұсынды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы авиаотынның Ақтау қаласына дейін жететінін білген соң, қандай жағдай болса да Қазақстан территориясына жету қажеттігі туралы шешім қабылдап, ұшақты сонда қондыру қажет деді. Пилоттарға солай деп пәрмен берді. Осылайша күрделі жағдайда ұшақ қаланы бір айналып барып, екінші жолы ғана Ақтау әуежайына сәтті қонды. Сыртта төтенше жағдай қызметінің мамандары, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері сақадай-сай тұрды. Ішке кірмей қалған доңғалақ қатты жылдамдықтың салдарынан аспанда қисайып кетіпті. Осылайша делегация басшысы өзі жетекшілік еткен депутаттар мен делегация құрамының тағдырына алаңдап, асқан төзімділік пен сабырлылық таныта біліп, қайткен күнде де оларды аман-есен елге жеткізудің қарекетін жасаған болатын. Салқынқандылық, әрбір іске байыппен қарау, ұлтжандылығы бұл кісінің қанына сіңген қасиет.
Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық қатынастар, Еуропа, Ресей елдерімен парламентаралық байланыс, шекаралық, кедендік, дипломатиялық, заңдылықтардың сақталуы секілді маңызды құжаттарды талқылау мен қабылдаудағы біліктілігі мен сауаттылығы Парламент жұмысының пәрменділігін арттыра түсті. Әсіресе Ресеймен екі арадағы парламенттік комиссия тобының мәртебесі қызметін қайта құрудағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы жемісті болды. Сол ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Еліміз Тәуелсіздігінің бастауында тұрған білікті маман, кәсіби дипломат ретінде қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын, қытай, француз тілдерін жетік меңгерген маман ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының беделі халықаралық аренада жоғары бағаға ие екені баршаға белгілі.
2016 жылы ауқымды делегацияның ҚХР-ға сапарына орай өткен алқалы жиында күн тәртібіндегі халықаралық жағдайды талқылау барысында Қазақстан – Қытай қарым-қатынастары мәселесі сөз болды. Осы басқосуда Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси баяндама жасады. Сол тұста ілеспе аударма жасаушының жіберген қателігін байқап қалған Қ.Тоқаев оны тоқтатып қойып, өзі қытай тілінде тікелей аударма жасап, оның қатесін түзеткенде залда отырған қытай тарапының өкілдері ду қол шапалақтап, ризашылық білдіргенінің куәсі болдық. Ал қытай аудармашысы кешірім сұрады. Сол арада мән-жайды елшімізден сұрағанымда аудармашының үлкен қателік жіберіп, соны баяндамашының дереу тоқтатып, өзі дұрыстап аударғанын, залда отырған қытайлардың Қасым-Жомарт Кемелұлын қызу қолдағанын айтып өтті.
Осы арада әрбір сөзге ыждағаттылықпен мән беріп, Қасым-Жомарт Кемелұлы әсіресе саяси мәселеде аса мұқият болудың үлгісін көрсетті. Халықаралық маңызды шарада үлкен қателікке ұрынбау, сауатты болудың үлгісі, міне осындай. Қай істе де білікті маман, көрнекті дипломат ағылшын-қытай тілін терең білуі арқылы тапқырлық таныта білді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы біраз жылдар бойы Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен атқарғаны баршаға белгілі. Сондықтан да оны жұртшылық ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға деп бағалайды. Белгілі қоғам қайраткерінің көптеген құнды еңбектері жарық көрген. Әр алуан дипломатиялық, мемлекеттік қызметімен қоса, үлкен шығармашылықпен де айналысуға уақыт таба білді. Оның әр кезде шығарған «Күнгей мен көлеңке», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі», «Беласу», «Он делает историю» атты еңбектерін жұртшылық қызыға оқуда.
Қасым-Жомарт Кемелұлының осыдан біршама уақыт бұрын жарық көрген «Нұр мен көлеңке» атты кітабы біздің кітап сөремізде тұр. Онда Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі қиындықтар мен сындарлы сәттердегі қиын-қыстау оқиғалар бүкпесіз баяндалған. Соның ішінде сыртқы саясаттың қандай сынақтан өткенін қаз-қалпында баяндаған.
Осы арада еске түсетіні, Сыртқы істер министрлігінде қызметте жүріп сырттағы бес миллионға жуық ағайынның да жағдайын ойластырып, солардың мүмкіндігінше атажұртқа оралуына әрекет жасауын жұрт ұмыта қоймас. Сол тұста осындай маңызды мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән беріп, халқының болашағын ойлап Қ.Тоқаев СІМ-де шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істеу барысында арнайы бөлім ашты, соларға көп жәрдем берді.
2015 жылы Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту ұйғарылды. Міне осы тарихи, саяси шараны бірден қолдап, бүкілхалықтық деңгейде атап өтуге, алғаш конференция өткізуге бастамашы болған Парламент Сенаты, оның сол кездегі Төрағасы болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей мұрындық болып, сонау XV ғасырда қазақтың Туы көкке көтерілгеніне орай мемлекеттік маңызды саяси іс-шараны жан-жақты атап өту туралы көзқарасы қызу қолдау тапты. Бұл көрнекті қоғам қайраткерінің өткенімізге немқұрайды қарамайтынын, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды мәселені әрдайым қолдап отыратынын көрсетсе керек.
Кез келген мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығы сыртқы факторлармен ажырағысыз байланыста екені белгілі. Осыған орай әлемде парламентаралық дипломатия барған сайын маңызды бола түсіп, жаһандану жағдайында сыртқы саясаттың бір құралына айналып отыр. Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа одан әрі кірігуі мақсатында Сенат Төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы жетекшілік еткен тұста қыруар іс тындырылды. Парламент депутаттары халықаралық ынтымақтастыққа көп көңіл бөлді. Осы аяда беделді халықаралық құрылымдармен өзара қатынасты нығайту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізілді. Соның бәріне Сенат Төрағасы жетекшілік жасап, нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беріп отырды. Осындай қауырт шаруасы көп, халықаралық маңызы бар алқалы жиындарға жетекшілік жасаған Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге қатысып, қанаттас, қызметтес болып, ол кісіден көп нәрсені үйрендік, мол тәжірибе жинақтадық.
Ол кісінің өзіндік ұстанымы бар. Қол астындағылардан көбірек біліп, солармен көбірек жұмыс істей білу әрекеті көңілге өте қонымды тәжірибе. Міне, сол қағидасы көпшілікке үлгі болса керек. Кәсіби дипломат, көрнекті қайраткер кімнің қолынан не келеді, қандай іске бейімі бар, сондай азаматтарға сол саланы сеніп тапсыруға бейіл. «Кейбір басшылардың қарамағындағыларға тапсырма беріп, өзі түк бітірмей қарап отыруы маған ұнамайды», деген қағиданы берік ұстанған. Қайта өзі кез келген іске білек сыбана кірісіп, мәселенің мән-жайына қанығып, оң нәтижеге қол жеткізуге тырысады.
Әр адамның ой-санасы, әлемдік көзқарасы өзін қоршаған ортадан алған әсерден, араласқан зиялы азаматтардың ақыл-кеңесін тыңдаудан, солардың парасат-пайымынан қалыптасады. Өзім бірнеше мәрте шақырылымдағы Парламентте сенатор, комитет төрағасы болғанымда интеллектуал азамат Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен қоян-қолтық араласып, тындырымды қызмет атқардық. Ол кісінің биік парасаты мен үлкен мәдениеті, әсіресе тектілігі, бекзат болмысы, терең білімі мен біліктілігі көпшілікке үлгі. Келешегіміз кемелді, болашағымыз жарқын болуы үшін осындай халықаралық дәрежедегі көрнекті тұлғаның ел дамуына қосар үлесі орасан екендігіне күмән жоқ.
Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор