Бүгінгі таңда Түркия Республикасының төрт даңғылына Елбасының есімі берілген. 2011 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келетін Кападокия аймағындағы Невшехир қаласында еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуына орай Нұрсұлтан Назарбаев атындағы тұңғыш даңғыл салтанатты түрде ашылды. Ал Кыршехир қаласындағы Н.Назарбаев атындағы даңғылдың ашылу рәсімі 2012 жылдың қазан айында өтті. Сондай-ақ 2013 жылы Гебзе қаласындағы даңғылға және 2015 жылы Адана қаласындағы орталық көшелердің біріне Елбасы есімі берілді. Адана қаласындағы даңғылдың ашылуына қатысқан қала губернаторы Мұстафа Буюк «Қазақстан көшбасшысы – халықаралық ауқымдағы әйгілі тұлға. Оның елінің жарқын болашағы үшін қолға алған стратегиясын Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ұстанымымен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемнің көптеген елі үшін дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды», деп атап өтті.
Татарстан тартуы
Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 3 шілдесінде Татарстан астанасы Қазан қаласындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаев есімі лайықты деп танылды. Нақтылай айтқанда, Елбасының 75 жасқа толуына орай Татарстандағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының бастамасымен Қазан қаласындағы «Эсперанто» көшесінің атауы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміне ауыстырылды. Елбасы есімінің дәл осы көшеге берілуінің өзіндік себебі бар. Бұл көшеде Татарстанның республикалық халықтар достығы үйі орналасқан.
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшенің ресми ашылу салтанатына қатысқан Татарстанның бұрынғы президенті Минтимер Шаймиев «Шын мәнінде, біздердің, бауырлас екі халықтың тарихи байланыстарының арқасында әр уақытта да, тіпті тарихшылар тарихты жадыларына жіті түсіріп, тыңғылықты қарап шықса да, екі ел арасында ешқандай көңілге кірбің түсірер жайт болған емес. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін татар халқына ең бірінші болып достық қолын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлы болғанын атап өткен орынды. 1996 жылы ТМД елдері арасындағы ең бірінші болып Қазақстан мен Татарстан арасында сауда экономикалық және саяси келісімге қол қойылған еді», дей келіп, Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық жібі үзілмей, нығая беруіне тілектес екенін жеткізген.
Қалалар мен мемлекеттерге ірі тұлғалардың, саяси қайраткерлердің, көшбасшылардың есімін беру үрдісінің тарихы тым тереңде жатыр... Бүгінгі заманда да осынау дәстүр өз сабақтастығын табуда. Десек те, қазіргі таңда бұл сабақтастық көп жағдайда негізінен халықтың өз көшбасшысына деген құрметі шеңберінде жалғасып отырғандай.
Көрнекті тұлғалардың есімінің тек қалаларға ғана емес, мемлекеттерге де берілгендігін растайтын мысалдарға аз-кем тоқталсақ, Боливияның атақты қолбасшысы Симон Боливардың, ал Филиппин Испания королі ІІ Филипптің есімдерімен аталатыны еске түседі.
Әлемнің саяси, экономикалық, мәдени орталықтары саналатын бірнеше астана президенттер есімін иеленген. Оған мысал – Вашингтон. 1791 жылы АҚШ астанасына мемлекеттің бірінші президенті Джордж Вашингтонның есімі берілді. Шаһар бұған дейін Джорджтаун, Александрию деп аталатын екі қаладан тұрған. Жалпы, АҚШ-тағы 50 штаттың 11-і ірі тұлғалардың есімімен аталады. АҚШ-ты басқарған президенттердің атын алған қалалар да аз емес. Олардың қатарында Небраска штатындағы Линкольн, Миннесотадағы Рузвельт, Миссуридегі Джефферсон қалалары бар.
Осы орайда Санкт-Петербург қаласының атауына қатысты деректер назар аударарлық. Петр І негізін салған шаһарға патшаның есімі беріледі, бірақ КСРО құрылғаннан кейін қала Лениннің құрметіне Ленинград деп аталды. Алайда 70 жылдан кейін қалаға тарихи аты қайтарылды.
Канададағы Виктория, Конгодағы Леопольдвилль (қазіргі Киншаса) қалалары басқа елдің басшысына құрмет көрсету мақсатында атауы өзгертілген қалалар. Күні кеше Израиль үкіметі Голан жотасында АҚШ президенті Дональд Трамптың құрметіне Рамат-Трамп ауылы салынатынын мәлімдеген-ді. Румынияда Томирис ханшайымның құрметіне қойылған Тома қаласы бар.
Айта кетейік, КСРО кезінде қалаларға, облыстар мен аудандарға Коммунистік партия белсенділері, революционерлер, қолбасшылар мен саясаткерлердің атын беру дәстүрі болды. Осылайша КСРО-да көптеген қалаларға Киров, Калининград, Ульяновск және т.б. осы іспеттес атаулар берілді. Кеңес билігі құлағаннан кейін Еуразия кеңістігіндегі біршама қалаларға тарихи атаулары қайтарылды.
Елі сүйген, елін сүйген азаматтардың атын тарихта қалдырудың мұндай жолы мұнымен шектеле қоймаған. Президенттердің құрметіне қала, көше, даңғылдан бөлек түрлі ғимараттар, тіпті техникалар да аталып жатыр. Бұл, әсіресе АҚШ-та жақсы дәстүрге айналған. Мысалы, CV-42 әуе кемесі Франклин Рузвельттің, CVN-79 ұшағы Кеннедидің атында. Халықаралық әуежайларға президент атының берілуі көп елде бұрыннан келе жатқан тәжірибе.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»