Әлем • 10 Шілде, 2019

«Ғасыр мәмілесі» Таяу Шығысты тыныштандыра ма?

538 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

АҚШ қашаннан Таяу Шығыстағы толқулардан бейтарап қалмай, бейбітшілік орнатуға бейілді екендерін танытып-ақ келеді. Алпауыт елдің бұл аймақтағы бір «бас ауруы» – Палестина-Израиль жағдайын қалыпқа келтіру. Осы күрделі мәселенің күрмеуін тарқатуды көздейтін АҚШ президенті Дональд Трамптың «Ғасыр мәмілесі» жобасы қаншалықты нәтижелі болады?

«Ғасыр мәмілесі» Таяу Шығысты тыныштандыра ма?

Өзіне дейінгі президенттердің Палестина-Израиль мәселесін шешудегі ұмтылыстары ай­тар­лықтай сәтті болмағанын біле­тін Дональд Трамп АҚШ билі­гінің басына келгенде бір­ден осы жағдайды реттеуді бас­ты мақсаттарының бірі етіп бел­гіледі. Сөйтіп «Ғасыр мәмілесі» жобасын жүзеге асыруды жос­парлады. Бұл істе оның қасына күйеу баласы әрі кеңесшісі Джа­ред Кушнер келді. Олар осы ба­ғыт­та екі жыл еңбектеніп, жа­қында аталған жобаның кейбір бөлімдерін жариялай бастады.

Ақ үй өткен айдың соңы­на таман мәлімдеме жасап, Па­лестина-Израиль қайшы­лық­тарын реттеу туралы жоспардың эко­номикалық бөлімінен мағ­лұ­мат берді. Жоба бойынша Таяу Шығыстағы жағдайды тұ­рақ­тандыру үшін 50 млрд дол­лар қаржы құйылмақ. Осы қа­ра­жат көлемінен Мысыр, Иор­дания және Ливанға да үлес тимек. Бұл бастаманы іске асыру үшін демеуші ретінде Парсы шы­ғанағы, Солтүстік Африка және Батыстың бақуатты елдерін тарту көзделген.

Мәлім болған жоспарға сәй­кес, Израиль, Палестинаны азат ету ұйымы және ХАМАС қоз­ға­лысы «Жаңа Палестина» мем­лекетін құру туралы келісімге қол қою керек. Бұл мемлекеттің аумағына еврейлер мекендейтін жерлерді қоспағанда Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторы кіреді. Ал еврейлердің қоныстары Израильге тиесілі болады. Палестина Мысырдан Газа секторының маңайындағы жер­­лерін жалға алады. Онда аэропорт, зауыттар, ауыл шаруа­шы­лығы мен саудаға арналған аймақтар құрылмақ.

Сондай-ақ құжатта Иеру­са­лим тұтастай сақталып, «Жаңа Палестина» мен Израильдің біріккен астанасы мәртебесіне ие болатыны көрсетілген. Араб тұрғындары Палестинаның азаматтары атанады. Оларға еврей үйлерін, ал еврейлерге араб үй­лерін сатып алуға тыйым салы­нады. Иерусалим мэриясы Из­раильдің қадағалауымен қаланың барлық аумағына бір өзі билік етеді. Тек білім беру саласы ғана «Жаңа Палестинаның» қара­мағында болады. Палести­на­лықтар Иерусалим мэриясына мүлік пен суға ерекше салық төлейді.

Сонымен қатар жоба бо­йынша Палестина мемлекетінде әс­кер болмайды. Тек полиция қыз­меткерлері ғана жеңіл қару түр­лерін ұстауы мүмкін. «Жа­ңа Палестинаны» сыртқы күш­терден қорғауды Израиль өз мін­детіне алады. Келісімге қол қою кезінде ХАМАС қозғалысы барлық қару-жарағын тапсырады. Жаңа үкімет құрылғанға де­йін қозғалыс мүшелеріне қол­даушы елдер жалақы беріп тұрмақ.

Жалпы көлемі 50 млрд долларға шақталған бағдарлама 179 жобадан тұрады. Иордан өзе­­ні­нің батыс жағалауына 27,5 млрд доллар, сондай-ақ Ливан­да­ғы (6,3 млрд), Мысырдағы (9,1 млрд) және Иорданиядағы (7,4 млрд) жобаларға қаржы бө­лі­неді. Бұл жоспар Ақ үйде Палес­­тина халқына көмек беру тари­хын­дағы ең әлеуеттісі деп аталған.

Бірақ АҚШ жоспарлаған бұл бағдарламаның ойдағыдай жү­зеге асуы оңай шаруа болмайын деп тұр. Өйткені Таяу Шығыстағы ушыққан шиеленістердің тігісін жатқызады деп болжанған «Ғасыр мәмілесі» тараптарды ымы­раға келтірудің орнына одан сайын «отқа май құйған» се­кілді. Яғни жоба Израильдің мүддесіне, сионистік режімге негізделген деген сын айтылуда. Сарапшылар Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тануы және АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иеру­са­лимге көшіруі «Ғасыр мәмі­ле­сінің» алғашқы қадамы бол­ғанын айтады.

Ішінара мойындалған мем­лекет Палестинаның прези­денті Махмуд Аббас өз елі үшін бұл жоба жағымды жаңа­лық емес екенін айтып, әу бас­тан қарсылық білдірді. «Нақ­ты саяси шешімдер жасалмай, мәселенің экономикалық жа­ғын талқыламаймыз» деген ол Бахрейн астанасы Манамада өткен конференцияға бармай қойды. АҚШ ұйымдастырған «Бейбітшілік жолындағы өр­кен­деу» атты бұл халықаралық кон­ференцияда Джаред Куш­нер «Ғасыр мәмілесінің» эконо­микалық бөлімін таныстыр­ды. «Соңғы жылдары палес­ти­налықтар табыс пен прогресс тарихын жасаудың орнына басқалар қайырымдылық пен экономикалық көмек көр­сететін халыққа айналып кетті. Бұл конференцияның мақсаты – Палестина халқының жарқын болашағын қамтамасыз ету. Қарапайым адамдардың өмірі жақсарған кезде ғана бейбітшілік орнайды. Экономикалық жос­парды келісу – қақтығыстарды шешудің алғышарты. Егер дау-жанжалға жұмсалған қаржының бәрі білім беруге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымды тү­зеуге бағытталғанда, бұл аймақ ин­весторлар үшін тартымды бола­тын еді» деді Ақ үйдің өкілі. Сөйтіп ол бұған дейінгі тара­тылған жобаның жай-жапсары ту­ралы тағы бір баяндап, «Ға­сыр мәмілесі» Палестинаның жыл­дық ішкі жалпы өнімін есе­леуге, миллиондаған жұмыс ор­нын құруға, кедейлік пен жұмыс­сыздықты 50%-ға азайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Аталған іс-шарадан соң көп өтпей Палестина басшысы Мах­муд Аббас мәлімдеме жасап, Джаред Кушнердің форумдағы сөзіндей «Ғасыр мәмілесі» де сұ­йылып кететінін айтты. Осы бас­тамаға қатысты позиция­сында табандап тұрған оны райы­нан қайтару үшін Сауд Арабиясының ханзадасы Мохаммед бин Салман 10 млрд доллар ұсынған екен. Мұндай батпан құйрықтан үзілді-кесілді бас тартқан Махмуд Аббас бұл ұсынысты қабыл алса, саяси жолына нүкте қойылатынын айтқан. Жалпы «Ғасыр мәмілесі» жобасының өзін ФАТХ ұлт-азаттық қозғалысы араб ақша­сына негізделген Палестина хал­қына пара деп бағалады. Бұл сөздің де жаны бар сияқты. Өйткені жобаның белгіленген қаржы көлемінің 20%-ын АҚШ, 10%-ын Еуроодақ және қалған 70%-ын араб елдері қамтамасыз етпек. Сондықтан бұл жоба Таяу Шығыстағы елдердің арасына сына қағып, жағдайды қалыпқа келтірудің орнына тіпті шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Қазірдің өзінде Сауд Арабиясы мен Бахрейнді күстаналаған тараптар жетерлік. Оның үстіне АҚШ-тың Голан жоталарын Израильдің меншігі деп тануы да «Ғасыр мәмілесі» жобасында қарастырылған деп санайтындар табылады. Негізінен «Ғасыр мәмілесіне» қарсылар бұл жобаның Израильдің ыңға­йына қарай жасалғанын айтады. Палестиналықтар мұндай келі­сімге келмек түгілі, сионис­тер­мен байланыс орнатқан сатқын­дарға жауап қатуға дайын.

Осы жағдайларды ескерсек, «Ғасыр мәмілесінің» жүзеге асуы неғайбыл сияқты. Тіпті бұған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Пампеоның өзі күмәнмен қарайды екен. Мұндай пікірлерден қағыс қалмайтын Дональд Трамп «Майк осылай десе, түсінуге болады. Өйткені жұрттың көбі бұл жоспарды орындау мүмкін емес деп ойлайды. Ал мен мұны мүмкін деп ойлаймын» деп жауап берген. Осы үдеден шығуға барын салатын АҚШ президенті Палестина мәселесін шешу арқылы Таяу Шығысқа жүргізілетін саясаттың басқа қырларын ашқысы келеді. Оның ішінде илікпей, именбей отырған Иранды да жөнге салғысы келетіні анық.

«Ғасыр мәмілесі» қарама-қайшылықтардың шешімі емес екенін айқын аңғартқан палестиналықтар өздерінің не қалайтынын Израильмен ара-қатынасты реттеудің бейбіт процесінде талап еткен. Олар 1967 жылғы Алтыкүндік соғысқа дейінгі аумақ тұтастығын қалып­қа келтіруді, екі тәуелсіз ел сияқты Палестина мен Израиль ара­сындағы шекараның шеген­делгенін алға қояды. Сондай-ақ Палестина өз мемлекетін Иордан өзенінің батыс жағалауында және Газа секторында құрғысы келеді және Шығыс Иерусалимді астанасы етуді көксейді. Ал Израиль бұрынғы шекараға қай­та шегінгісі келмейді, оның үстіне мәңгілік әрі бөлінбейтін аста­насы деп жария еткен Иеру­салимнің арабтармен ортақ бол­ғанын құп көрмейді.