Қазақстан • 15 Шілде, 2019

Елордада «Routes Silk Road 2019» халықаралық форумы басталды

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік сарайында жаңа әуе рейстерін ашуға және дамытуға бағытталған «Routes Silk Road 2019» халықаралық форумы өтіп жатыр деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Елордада «Routes Silk Road 2019» халықаралық форумы басталды

Форум жұмысына 250-ден астам қонақ, сондай-ақ халықаралық авиакомпаниялар мен әуежайлардың топ менеджерлері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен сала ұйымдарының өкілдері қатысуда.  

«Жуырда ғана біз елордадан Ұлан-Батыр, Токиоға тікелей әуе рейсін аштық. Алдағы уақытта тағы да Нью-Йорк, Сингапур, Бейжің (Шанхай) қалаларына тікелей әуе рейсін ашу жоспарда бар. Біз осы секілді 98 халықаралық әуе рейсін әзірледік. Бүгінгі форумға көптеген халықаралық әуе компаниялардың басшылары қатысуда және олар Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті. Осы тұрғыда біз ашық диалог құрып, серіктестікте қызмет етуге дайынбыз », - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев. 

Вице-министрдің мәлімдеуінше, 90 жылдары әуе қатынасын қолданушылар саны 800 мың адам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 8 млн-ға жетіп 45 пайызға артып отыр. 

Одан бөлек, форумға қатысушыларға қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкенов қатысып, өз кезегінде аталған шараның отандық әуе нарықтың дамуына үлес қосатынын айта келе ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Routes Silk Road 2019 - бұл ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері үшін әуе бағыттарын дамыту бойынша бірегей форум. Оның алаңында тікелей әуе бағыттауларын құру, авиасервис деңгейін арттыру, сондай-ақ туризм саласындағы қызметті жүзеге асыратын авиакомпаниялар, әуежайлар мен ұйымдар өкілдерінің арасында байланыстар орнату және тәжірибе алмасу сияқты мәселелер шешілетін болады деп күтілуде. 

Сонымен қатар, 3 күндік іс-шара бағдарламасында-форум, көрмелер және кәсіпкерлердің В2В форматындағы жеке кездесулері жоспарланған.