Қазақстан • 16 Шілде, 2019

Теңізде он төрт тәулік ыққан балықшы

1862 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Теңізде он төрт тәулік ыққан балықшы

Ол адаммен көзбе-көз тілдесіп отырмын. Орта бойлыдан аласа, жүзі жұмсақ, ал дене бітімі кесек, төртбақ келген, шымыр. Жүріс-тұрысы жеңіл, сақал-мұрты мен шашында бір тал ақ жоқ, қап-қара және барынша қою. Үйде бізден басқа Құмар апай бар. Ақсары, ұзын бойлы, бәйбіше.

– Ал інім шаруаңды айта отыр, – деді Әбілда аға жайдарылана түсіп.

– Аға, балықты көптен аулайсыз ба?

Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне қарас­ты. «Қашан еді осы?» деп өз-өздеріне сауал қойғандай.

– Мен он жеті жасымда келін болып түстім бұл үйге, – деді Құмар апай әңгімеге араласып, – сонда атам марқұм айтушы еді: «Біздің Әбілда туған күні-ақ балық аулауға кірісті» деп…

 – Бұл нендей сыр?

Әбілда аға шай кесесін дастарқанға қоя салды. Әйтсе де сөйлеуге асыққан жоқ. Мүмкін осы кәсіпке бала күнінен баулыған сол аяулы әкесін еске алып отырған болар. Жоқ әлде, «Туған күні-ақ балық аулауға кірісті» деген сөздің мәнісін қалай түсіндірсем екен деп толғаныс үстінде ме? О жағын бет-әл­петінен айыру қиын еді. Біраз үнсіз­діктен кейін барып, баяу, қоңыр дауыспен сөйлеп кетті.

– Ол өзі былай болыпты. Сірә, мен өзі сәуір айының орта шенінде, теңіз мұзы еріп болған кезде дүниеге келсем керек. Әкем балық аулаудан келсе іңгәлаған нәрестенің үнін есітеді де, су киімдерін шеш­пестен мені қаудыраған балықшы шинеліне орап алып, теңізге қарай жүре береді.

– Қайда апарасың? – дейді жеңгелері шошып.

– Теңізге бір сүңгітіп аламын!..

– Ойбай қой, суық тиіп қалады!…

Әкесі тыңдамайды, жеңгелері басқа айлаға көшеді.

– Бұл ұл емес, қыз, – дейді олар…

– Бәрібір, – дейді әкесі, – қыз теңізге шығып балық аулай алмайды деген кім сендерге!..

 Сөйтіп дүниеге келген күні-ақ теңізге бір сүңгіп шығыпты. Тыржалаңаш баласын әкесі оң қолымен жоғары көтеріп теңізге төне түсіп:

– Міне, нағыз балықшы ұрпағы бұл. Теңізде тудың, осында өсіп, ержетесің. Саған асау ақжал толқындар да, ұйтқи соққан дауылдар да, пышырлап сынған мұз да қауіпті емес. Өйткені еншің бір теңізбен, егіздің сыңарысың, – депті.

Керемет дәстүр екен!..


* * *

Дастарқан жиналып болғансын ғана:

– Теңізде ығып көрдіңіз бе? – дедім.

– Ықтым әрине, ықпаған балықшы – балықшы ма?

– Сіз қанша рет ықтыңыз?

– Жүдә көп! – деп күлді Әбекең.

– Ең алғаш рет ығуым, – деді ол, – теңіз мұзы енді-енді ғана еріп жатқан кезде болды. Ұмытпасам 1939 жыл­дың көктемі болса керек. Теңізде аумақ-аумақ сең бар. Ол жылдары осы «Бек­тауда» тұрамыз. «Балықшылар» колхозына мүшемін. Теңізде еспе майда жел бар-ды. Сөйтсе де марқас қайыққа желқұм құрып «Домбал» қайдасың деп тартып отырдым. Сең қозғалғанда балық та қозғалады. «Домбал» қайыры дәмелі орынның бірі. Сол арадан жылымды бір қайырмақ болып келіскенбіз. Теңіздің бір қайырылысында үлкен тұмсық болатын. Айналып өту керек. Ол ара тынық күннің өзінде де толқынсыз болмайды. Дәл осы арада моторлы кеме кездесті. Ішінде колхоз төрағасының орынбасары Оспан Үркімбаев бар екен. Сол тұрып:

– Марқасыңды моторға тірке, – деді.

Солай етпек болып, желқұмды түсі­ріп бола бергенімде қара дауыл соқты-ау кеп. Су үсті алай-дүлей болды. Кеме­нің қайда екенін, өзімнің қайда кет­ке­німді білмей қалдым. Арпалысып жүріп желқұмды көтердім. Бәрібір одан ештеңе шықпады. Тосыннан соққан дауы­л марқас қайықты домалатып тастады. Мен болсам, сол қайықтың бір бүйіріне жармасып алдым. Қайықтан айырылмауым керек. Айрылсам болды – ажал!.. Және дауыл олай бір бұлай бір ұйтқып соғады. Тұрақтамайды. Әуелгіде жағадан екі шақырым шамасы-ау деп шамалап едім. Қайық аударылған кезде жеті-сегіз шақырымға дейін ұзап кеткенімді білдім. Өйткені қайыққа жармаса жүріп, бір-екі рет сүңгіп шықтым. Бойлау деген жоқ.

Күн кешкірген кезде барып, жел арқаға тұрақтады. Ал мен ұшанға қарап ыға бердім. Бір үміт – сол қапталдағы «Шәйкен» атауы еді. Оған да соқпады. Түн ортасы ауа жел теңізге бұрылды. Бірақ екпінсіз жай ғана. Бір орыннан тапжылмай тұрып алдым. Таң білінген соң жан-жағыма көз салсам жым-жылас, көк теңізден басқа түк жоқ. Осылай жеті күн, жеті түн ықтым.

– Жеті күн, жеті түн?!

– Иә, солай!.. Нәр татқаным жоқ. Көз шырымын алғаным жоқ. Ең болмаса қайықтың іші болса екен-ау, сыртқы қапталындамын ғой. Және таудай тол­қындардың екпінімен қайық бір батады, бір шығады. Мен де сол. Үнемі қоз­ғалыста, арпалыста болдым. Бірақ қор­қу, осы арада жан тапсырамын-ау деген ой болған жоқ. Екі-үш тәулік өт­кен соң бір батып, бір шығуға үйреніп кеттім.

Сегізінші күннің таңы атқанда қайық­ты «Шайкен» атауына қайыра қуды. Бір шақырым шамасындай-ақ жерге келіп қалған екен. Іңір қараңғысы басталысымен сарағыс жүрген-ді. Сол ағыс қайықты айдап келе жатты. Бір маңға соғарсың-ау, – деп едім, соным дұрыс болды. Есен-сау жағаға шықтым. Әл кете бастағанын сонда біл­дім. Тәлтіректеп жүре алар халім жоқ. Отыра кеттім. Түс ауа «Үш мырза» атауы жақтан бір қайық жылт етті. Рей салып келеді. Жақындай түсті. Биіктеу шоқының басына шығып қол бұлғадым. Осыдан кейін естен айырылыппын.

Көзімді ашсам бір үйде жатырмын. Манағы қайық мені байқап қалыпты. Олар Жәли мен Шәпиған деген жігіттер екен. Арқалап алып «Үш мырзадағы» Жәрімбет құрдасымның үйіне жеткізіпті.

– Он бес күнде оралды үйге, – деді әңгімені манадан тыңдап отырған Құмар апай, – ақ шүберектен бірде аумайтын. Үлкен бөшкеге жылы су құйып соған салдым, қызыл бұрышты басыңқырап, ет пен балық сорпасын бере бердім. Бір айдан соң теңізге қайта шықты-ау!..

– Құмар апаң о жолы ерледі, – деді Әбекең аса бір разылықпен жұбайына назар аударып, – бірақ өзі де уайыммен жүдеп, қу сүйегі қалған екен. Ал екінші ығуым 1946 жылдың күзінде болды. Баламыз екеуміз ықтық.

– Әнәпиямен бе?

– Иә, онда Әнәпия небәрі он екі жас­та болатын. Оқудан бос еді, демалыс күні-ау, сірә. Қолғабыс бермек болып ол да жүрді. Қабадан қайық еді, өзі құй­тақандай болатын. «Үш мырзаның» бел ортасына жете бергенімізде жынды толқын килігіп аударып тастады.

– Жынды толқын?!

– «Жынды» толқын деп кезбе тол­қынды айтамыз. Ол өзі ойда жоқта вулкан сияқты су астынан атылып шыға келеді. Міне, соған тап болдық. Теңіз үсті тып-тыныш. Тек әлгі вулкан атқан аумақ қана асты-үстіне шығып бұлқан-талқан болып жатыр. Менің ештеңем кетпес-ау, Әнәпияға қиын соғатын болды. Енді қайттім? Құйтақандай қайық екеуміз бірдей жабысқасын шым батады, небір орнында тұрақтамай зырғи береді. Әнәпияны қайықтың қара құсында қалдырдым да, өзім суға түсіп кейінгі азына маңында жүрдім. Қайықтан ұстауды қойдым. Су ішінде қармана берем. Яғни, қос қолым да, қос аяғым да ескекке айналды. Сөйтіп қайықтың ізінен қуам да отырам. Әбден шаршаған кезде ғана қайыққа жабысып, тыныстап алам.

– Әке, неғып жүрсің? – деп айқайлап қояды балам.

– Жүзіп жүрмін, – деймін.

– Бері келші, көрсетші! – деп қолқа­лайды бала мінез қызығып.

– Несі бар, үйрен деймін. Бұл әдіс­­ке ол да көшті. Теңізде өскен ба­ла жү­зуді біледі ғой. Лезде-ақ менен бетер жүзетін болып алды. Бұл өзі дұ­рыс болды. Қа­йыққа кезекпен шар­ша­­ғанда жармасамыз. Әрі қимыл­дап тұрған соң тоңа да бермейді екенсің. Осы арада, бірінші рет балама о бір жылы, оның бес жасында марқас қайықтың бір қапталынан ұстап жеті күн, жеті түн қалай жүзгенімді айтып бердім. Әңгімем мақсат еткен нысана­ма тиді. Бала жігері соны күш келіп қо­сылғандай щабыттанып кетті:

– Мейлі осылай он күн ықсақ та шыдаймын, – деді ол нық сөйлеп.

Бірақ теңізде мұншама уақыт жүруге тура келген жоқ. Үш тәулік өткен шамада көмекке Балғазы аға жетті.

– Сонда үш күн, үш түн ықтыңыздар ма?

– Солай болғаны ғой…

– Апыр-ай ә!..

* * *

– Аға, үшінші ығуыңыз ше?

– Үшіншісі тым ауыр болды, – деді Әбекең... қиналып, – киініп ал, таза ауа жұтайық…

Теңізді жағалап үнсіз келеміз. Әлден соң:

– Бұл уақиға пенсияға шығарымның аз-ақ алдында болды, – деді Әбекең теңіз жағалауындағы төмпешікке отырып жатып: – Мұздың қатып болған кезі еді. Әлімбай есімді бригадиріміз бар-ды. Сол кісі келіп «Жаңтақтыға» бір жылым жібер­дім, соған бас-көз бол, звенолық жаса, – деп қолқалады. Амал қайсы, мұз астын­дағы ау-құралымды Құмар апаң мен Әнәпияға тастап, өзім сонда тарттым. Таң біліне «Жаңтақтыға» жеттім. Барғасын не тұрыс болсын, Қожабай Ниязов деген жігітті ертіп, фуфайкадан басқасын шешіп тастап, жылым шығаратын майлық дайындауға кірістім. Бір-бір сүймен, бір-бір күрегіміз бар. «Сабақ» ретінен жылым тартпақ болып, майлығын, шөгермесін, теңіз жағының иығын ойып бола бергенімізде бір нәрсе сарт ете қалды.

– Қайсың да мылтық бар еді? – дедім Қожабайға.

– Ешқайсымызда мылтық жоқ, – деді ол.

- Бұл не ендеше?!

Үп-үлкен мұз аумағы жағадан бөлініп кетіпті. Ол дереу шешіне бастады.

– Ау, не істемексің, – дедім оған.

– Жүзіп шығамын, – деді ол.

– Жаң қалтаңда шаппаң бар ма?

– Ох! – деді ол осы арада.

Жүзіп барды делік. Сонда ол жаға­дағы мұзға қалай мінеді? Барған соң мұзға қадап қойып, сол арқылы жоғары көтерілуге пышақ не басқа сондай бір құрал керек. Ал қоста қалғандар бізден хабарсыз. Жылы үйде жылым септеп жатқан-ды. Әрі бізді қуа қоятын бұл маңда қайық та көрінбеді.

Сөйтіп екеуміз мұз үстінде кете бардық. Қожабай қырықтың үстіндегі қара­торы, сұлу жігіт еді. Екі ағасы бар. Олар да балықшы.

– Менің ыққанымды есітіп, ол екеуі қайықпен қуады, сосын олар да жолда қалады, – деп уайымға салына береді.

– Өзіңе берік бол, бір қараға соғармыз, – деймін. Басқа не дейін? Өзімді емес, оны аядым. Жасарымды жасадым, біраз қызықты көрдім де ғой.

Сол күні ықтық. Мұзға түнедік. Ертеңгілік әлгі мұздың жартысы жоқ болыпты. Айнала көк теңіз. Өзге бұдыр жоқ. Толқын соққан сайын біз мінген мұзды мүжіп, бөлшектеп алып кетеді. Екінші күн өтті. Мұз аумағы мүлде кішірейіп қалыпты. Қожабай дір-дір қағады. Тоңдым деді. Жүгір деймін. Жүгірген болды. Бірақ аяғы жуыспады. Қыстың күні, теңіз үсті. Киіміміз фуфайка ғана, тоңбай қайтейік. Мен сыр бермедім. Ас жоқ, Қожабай бір кезде күлімсіреп, қойнына қолын тықты. Қол басындай таба наны бар екен. Бөліп, жартысын маған берді.

– Жо-қ, жемеймін, – дедім.

– Неге?!

– Жеті күн ыққанда да нәр татпай-ақ есен-сау оралғанмын!..

Қожабай одан әрі ләм демеді.

Үшінші күннің түнін бірге түней алмадық. Мұз майдаланып кетті. Екеу­мізді бірдей көтере алмайтын болды. Шыжым арқан бар-ды. Соның бір ұшын алып, бөлек мұзға міндім. Түн болды. Айқайласып аламыз:

– Барсың ба?

– Бармын!

Бар екенімді білдіргендей әлгі шыжым арқанды сілкіп қоямыз. Таң атты. Бір түн – бір жыл сияқты. Таң атып болмайды-ау, болмайды!.. Бір-бірімізден ұзай түстік. Сосын шыжым арқанды қоя бердім. Төртінші күннің түсі ауа толқын суы мен мінген мұзды шайып өтті. Тек қалқиған дене келеді. Мұз үстінде емес, астында келе жатқандаймын. Құмар апаң есіме түсті. Өзімше қоштасқым келеді-ау, сірә. Сол кезде үйден шығарда орамалыма орап, бір нәрсе бергені ойыма сап ете қалды.

– Бұл не нәрсе? – деп ұрысқанмын.

– Сөйтесің-ау, ала берші, – деген ол.

Әлгі затты қарасам – бармақ басындай күйдірген шекер екен. Аузыма салып сора бердім. Тыңайып кеттім. Көзім шайдай ашылды. Қожабай көрінді. «Әу» деген жерде барады. Ол мінген мұз үлкендеу еді. Толқын шаймаса жарар еді, деп келем. Сөйте тұра теңізге қарасам суы өзгерген сияқты. Көгілдір емес. Қоймалжыңдау ма қалай? Әмудариясынан шыққанымыз ба?

– Қожабай жаға көрінбей ме? – деп айқай салдым. Ол мүлгіп тұр еді, басын шұлғып көтеріп алды.

– Қайдағы жаға, түк көрінбейді ғой, – деді. Даусы үзіліп, дірілдеп әрең шықты.

Айтқандай-ақ, біраздан соң бұлдырап қамысты атау көрінді. Бір кезде оған да кел­дік-ау. Таяздағы күрге түсе-түсе қал­дық. Қожабай малтып әрең шықты. Қара жерге жатып аунап алды. Бірақ не пайда, одан әрі жүруге халі келмеді. Ал жа­қын маңда ел жоқ-ты. Қаншама жүр-жүр­легенмен, арқама салып сүйрегенмен бес-алты шақырымнан әріге апара алмадым!..


* * *

Әбділда аға әңгімесін аяқтады. Сөйт­се де орнынан қозғала қоймады. Теңіз үстінде жүгірген сағымға көз тігіп ауыр ой үстінде отыр.

– Ал енді осы тұрғанда арқадан күшті жел тұрса, біз отырған мұздың сынып кетуі мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Күшті жел емес, сарағыс жүрсе де сынып кетеді.

– Сонда әлгі жылым қайырып, ау салуға кеткен Әнәпияңыз және басқа­лары ығып кете бере ме?

– Әрине сөйтеді. Ықпаған балықшы – балықшы ма?

Мен Әбекеңе жалт қарадым. Әзілі емес, шыны екен. Оның бұл сөзінен, тіпті осы отырған тұлғасының өзінен, ба­лық­шы қауымын асау толқынмен айқасқа, батылдыққа, ерлікке шақырған сарқылмас қайрат иесін танығандай болдым.


Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Ақпарат саласының үздігі, Қызылорда облысының құрметті ардагері

Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Ұялы ауылы