9 шілдеде Мәскеудегі «Зарядье» саябағынан басталған халықаралық автокөлік экспедициясына қатысушылар Қазақстан шекарасынан өтіп, Атырау аймағына келді. Облыс орталығындағы Достық үйінде қонақтарды шашу шашып қарсы алған шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы, Атырау қалалық әкімдігінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.
– Қазақ елінің мұнайлы астанасы атанған Атырауда 80-нен астам этнос өкілдері тұрады, 19 этномәдени бірлестік бар, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев. – Бұл автошерудің мақсаты да елдердің арасын жақындатып, халықаралық байланысты нығайту. Осы мақсаттарыңыздың орындалуын, қайда барсаңыздар да жолдарыңыз ашық болуын тілейміз.
Экспедицияға қатысушылар атынан сөз алған «Единство» журналының бас редакторы Александр Шин: «Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында, депортация кезінде корей халқын бауырына басып, жақсылығын аямаған, төрінен орын берген қазақ елінің дархан пейілін ешқашан ұмытпаймыз. Сол қазақы қонақжайлылықты бүгін де көріп, сезініп отырғанымызға қуаныштымыз. Сіздердің ақ көңілдеріңіз жолымызға тілекші болады деген ойдамыз. Ұзақ сапарға бет алған бізге деген құрметтеріңізге алғысымыз шексіз», – деп ризашылығын жеткізді. Автожорыққа 10 көлік қатысады.
«Ресей халықтарының Ассамблеясы», жалпыресейлік қоғамдық ұйымдардың бастамасымен жолға шыққан автошеру Мәскеу – Нұр-Сұлтан – Ташкент – Ұлан-Батыр – Пхеньян – Бейжің – Сеул – Мәскеу бағыты бойынша жүреді. Құрамында ресейлік және корейлік қоғамдық ұйымдардың басшылары, саяхатшылар мен блогерлер, журналистер, фотографтар бар экспедиция жеті мемлекеттің 41 қаласында болады. Жетпіс күн бойы жолда жүріп, 15 қыркүйекте Мәскеуде аяқталатын сапардың сәтті болуын тілеген атыраулықтар жолаушыларды ақ батамен шығарып салды. Алда оларды 30 000 шақырымға жуық жол күтіп тұр.