Руханият • 17 Шілде, 2019

Шатарбай әулетінің шеберлері

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыздың көне дәстүрі мен қолөнерін дәріптеп жүрген Шатарбай әулеті киіз бен былғарыдан түрлі бұйымдар дайындайды. Әсіресе, Дәуей ақсақалдың қолынан шыққан ағаш бұйымдар үлкен сұранысқа ие.

Шатарбай әулетінің шеберлері

Дәуей Шатарбай 2009 жы­лы отбасымен бірге Моң­ғо­лиядан Келлеровка ауылына қоныс аударған. Қария қырық жылдық педагогикалық қыз­меті үшін Моңғолия Респуб­ликасының білім беру сала­сының үздігі атанған. Ол жер­гілікті жастарды көне мә­де­ниетіміздің қыр-сырын меңгеруге баулу мақсатымен қолданбалы өнер мұражайын ашқан. Сөйтіп киіз үй жасау кәсібін дамытып, көпшілік арасында дәріптеуге баса назар аударып отыр. Атадан балаға мирас болған бұл салтымыз теріскейде мүлдем ұмытылып барады десе де болады. Жастар өз ұлтының тарихын білумен қатар ата-бабаларымыздың кәсібін иге­руі керек. Осы себепті әкем­нен үйренген киіз үй тігудің қыр-сырын балаларым мен немерелеріме мұра ретінде қалдырғым келеді, дейді Дәуей ата. 

Кілең шеберлер жиналған әулеттің әрбір мүшесі тұскиіз тоқып, сурет салады, ер-тұр­ман соғады. Дәуей атамен қатар оның екі ұлының ұш­қыр қиялынан туған заттарда қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұр­пы жан-жақты көрініс тап­қан. Мәселен, бұл әулеттің қыз­дары мен келіндері үй шеберханасында ұмыт бола бастаған киіз басу мен алаша тоқуды терең игерген. Сондай-ақ жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндер үшін Дәуей ақсақалдың ұстаханасында арнайы курс­тар ұйымдастырылады. Та­биғи өнімнен жасалған ұлттық нақыштағы текеметтер әсем өрнегімен көздің жауын алады. Шеберлердің көз майын тауысып жасаған әрбір бұйымы, атап айтсақ, дом­бы­расы, ұлттық кәдесыйы мен ба­лаларға арналған ойын­шықтары,тастан жасалған әшекейлері тек ұлттық нақыш­та безендіріледі. 

«Әкем маған балық, қой жә­не құстың сүйегінен кәде­сыйлар жа­­сауды үйретті. Қазір ағаштан мү­сін оюға ма­шықтанып жүрмін. Ер­асыл есімді ұлым да атасының к­ә­­­­сібін жалғастырғысы келеді. Ата-бабамыздан дарыған бұл кәсі­бі­міздің арнасын кеңейтуді жос­парлап отыр­мыз», – дейді Шекен Дәуейұлы.

Шатарбай отбасының жасап шы­ғарған бұйымдары көптеген конкурс­тар мен көр­мелерде жоғары ба­ғаға ие болып, шетелдіктердің ұлттық мәде­ниетімізге деген қызығушылығын арттыра түскен. Нұр-Сұлтан қа­ла­сында өтетін түрлі ха­лық­аралық жиындарда осы әулеттің кәдесыйлары қонақ­тарға тарту етіліп келеді. Өнер­дің сан түрін меңгерген ше­бер бірнеше рет ұлттық бұ­йымдар мен кәдесыйлар көрмелеріне қатысып, бір­қатар елдерді аралап келген. Ендігі ойы– қолданбалы өнер колледжін ашып, дәріс беріп, ізба­сарларын көбейту. 75-ке келсе де, шәкірттерімен бөлі­сетін құпия-сыр­лары аз емес.


Гүлбике КУБЕНОВА,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы