Экономика • 17 Шілде, 2019

Тың технологиясыз табысқа жету мүмкін емес

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдымызда аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндеті тұр. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде атап көрсетіп, ол үшін ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есе ұлғайту қажеттігін қадап айтты.

Тың технологиясыз табысқа жету мүмкін емес

Жасыратыны жоқ, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті зор екенін біле тұра, ішкі-сыртқы мүмкіндік көздері ұтымды қарастырылмай келеді. Шетке жөнелтілетін өнімдердің 60 пайызы шикізат екені осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Тереңдей берсек, оның бір ұшығы жер телімдерін тиімсіз пайдалануға келіп тіреледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген инвентаризация қорытындылары жаға ұстатады. Ауыл шаруашылық жерлердің 16,5 миллион гектарының иесіз қалуын ешнәрсемен ақтауға болмайды. Мемлекет басшысы тиісті орындарға жер кадастры ақпараттық жүйесін цифрландыруды да тапсырды. Бұл мәселеде ашықтық қағидаттары жоқ екені бесенеден белгілі. Жерді тиімді пайдалануға қатысты мониторинг жүргізу үрдісі де кенжелеп қалғаны ащы болса да шындық. Осындай олқылықтарға жол берілуінің бір себебі, экономиканың тірегі болып табылатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жайлы көп айтылғанымен, бүгінгі күннің басты талабына айналғанын сезінбеуімізде жатыр.

Қарап отырсақ, бүгінде бүкіл әлем цифрлы технологиялар дәуіріне қадам басты. Өркениетті елдер өз экономикаларын заман талаптарына сай оңтайландырып, цифрлы жүйелер мен автоматтандырудың, жасанды интеллекті мен инновациялық технологиялардың игілігін көріп отыр. Олардың тәжірибесі көрсеткендей, цифрландыру шаралары экономиканың қарқынды дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторы. Олай болса, цифрлы технологияны дамытып, қуатты индустрияны қамтамасыз ету еліміз үшін қашанда өзекті болып қала береді.

Агроөнеркәсіп кешенінің алдында әлемдік нарыққа бағыт­талған, бәсекеге қабілетті сапалы өнім көлемін молайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Отандық аграрлық секторды «Ақылды техноло­гиялар» арқылы дамыту және дәлме-дәл егіншілікті қолға алу арқылы кли­мат­тық өзгерістерді болжауға, ауыл шаруа­шылығы дақылдарының өнімділігін, топырақ құнарын, оның ылғалын анық­тауға, жүйені автоматтандыруға, зиян­кестерге қарсы уақытында шара қол­дануға және кеткен шығындарды, түсетін пайданы есептеуге мүмкіндік алады. Бұл бағытта қанатқақты жобалар­ды жүзеге асыруда Солтүстік Қазақ­стан облысы алдыңғы қатарда келеді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық университетімен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді цифрлан­дырудың негізгі ғылыми-әдісте­мелік орталығы орнықты. Бірқатар агро­құ­рылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрлы фор­матқа көшіріп, егіс алқаптарын ғарыш ар­қылы бақылау мүмкіндігіне қол жеткізді. Олардың қатарында «Тайынша-Астық», «Шағала-Агро», «Атамекен-Агро» секілді шаруашылықтар бар.

Алайда, жерді талапқа сай игеріп, мол өнім алудың бірден-бір жолы саланы цифрландыру екенін бәрі бірдей сезініп отыр десек, артық айтқандық болар еді. Мәселен, дәлмә-дәл егіншілік туралы осыдан он жыл бұрын айтылғанымен, осынау инновациялық жүйені енгізу қарқыны әлі баяу. Өйткені қанатқақты жобалар мен озық бағдарламаларды игеруге шағын шаруа қожалықтары қауқарсыз. Оған қаржы тапшылығы кедергі келтірсе, екіншіден, өз ісін жетік білетін білікті мамандар жетпейді. Ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен цифрландыру бойынша білім жетілдіру семинар­ларын ұйымдастыру да кезек күтпейтін шаруалардың бірі. Өйткені егістік алқаптарының әрбір гектарын зерттеп, топырақ жағдайын толық білмейінше, өнім көлемін арттырамын деу бос әурешілік екенін баса айтқым келеді.

Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалану бойынша мониторинг жүргізу керектігін айтты. Шынында да, күтім жоқтығынан иесіз жатқан егістік алқаптарының құнары төмендеп кеткен, арамшөп басқан. Кей серіктестік иелері топырақты тыңайтудың, зиянкестермен күресудің, тыңайтқыштарды қолданудың ұтымды жолдарын білмейді. «Атамекен-Агро» АҚ-ы алқаптарды ғарыштан мониторинг жүргізу мүмкіндігіне ие. Егін еккеннен бастап астық оруға дейінгі аралықтағы қозғалыстың бәрін қолмен қойғандай бақылап отырады. Осы арқылы компанияның жылдық табысы 32 пайызға дейін молайды. Бұдан шығатын қорытынды, нақты әрі жүйелі іс-шаралар қолға алынған жағдайда ғана агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру өз жемісін береді.

Алтай ҚОЖАХМЕТ,
экономика ғылымдарының

кандидаты, профессор


Солтүстік Қазақстан облысы