Үкімет басшысы алдымен «Қошқар-Ата» қалдық су қоймасының қазіргі ахуалымен, сондай-ақ жел күшімен алынатын электр энергиясы құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда Қошқар Ата өзені шұғыл түрде шара қолдануды талап етіп отырған аймақтағы ең басты экологиялық проблемалардың бірі.
Сапар аясында Премьер-Министр Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының құрметіне арнап салынып жатқан рухани орталықта болды. Жазушының мәдени құндылықтары мен еңбектерін мәңгі есте сақтау және насихаттау мақсатында құрылған орталықтың аумағы 10 гектарды құрайды. Осы жылдың қазан айында рухани орталықта орналасатын мұражайдың құрылысын толық аяқтау, ал келер жылы нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында А.Мамин өңірдегі бірқатар инновациялық өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды, өңірде «жасыл» экономиканы, жаңартылатын электр энергиясы көздерін дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мәдени және туристік нысандар салу барысымен, автожолдарды салу және қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Өңірде жалпы қуаттылығы 50,6 мВт болатын күн және жел электр стансаларын салу бойынша бірқатар жобалар іске асырылған. 2021 жылға қарай қуаты 147,6 мВт болатын жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейтін болады деп күтілуде.
Премьер-Министрге жаңа шағын аудандарды сумен, жылумен, газбен, электрмен қамтамасыз ету үшін инженерлік желілерді салу бойынша жобалар туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «Шлюмберже», «Каспий битум», «Каспий» су тұшыту зауыты секілді шаһардағы бірнеше ірі кәсіпорындарды аралады. Мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызмет көрсететін «Шлюмберже» компаниясының өндірістік қуаты жылына 1000 насос қондырғысын шығарады. Ал «Каспий битум» зауыты жылына 1 миллион тонна мұнай өңдеп, осы жылдың өзінде 151 мың тоннадан астам сапалы жол битумын шығарған.
Зауыт жұмысының нәтижесінде және басқа отандық өндірушілердің өнімін қоса алғанда, бүгінде елдің жол битумына деген қажеттілігі толық қамтылып отыр. Салыстыратын болсақ, 2013 жылы Қазақстанға әкелінетін битум импорты 200 мың тоннадан астам болатын. 2018 жылы зауыт өнімі елдің ішкі нарығы қажеттілігінің 37%-ын қамтамасыз етті.
Қазір Ақтау битум зауытында жоғары сапалы, оның ішінде бұған дейін Қазақстанда шығарылмаған полимерлі-түрлендірілген битум өндіріледі. Полимерлі-түрлендірілген битум жылуға, аязға және тозуға төзімділігі бойынша жақсартылған сипаттамалары есебінен асфальт-бетондық жабындылар қызметінің мерзімін 1,5-2 есеге ұзартады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры Мұратжан Мұсайбеков зауыт іске қосылған уақыттан бастап 3,52 млн тонна мұнай өндіріліп, 1 млн тоннадан астам жол битумы немесе 3 500 шақырымға жуық жол шығарылғанын атап өтті. Ақтау битумы елдің стратегиялық автожолдары, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының құрылысы кезінде пайдаланылды. Ақтау зауытының битумы барлық көрсеткіштері бойынша мемлекеттік және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келеді.
Үкімет басшысы Ақтау қаласындағы өндірістік аймақ пен тәулігіне 25 мың текше метр су өңдеп, Қарақия, Мұнайлы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Каспий» су тұшыту зауытында болды. Сондай-ақ Каспий жағалауында орналасқан еліміздегі ең ірі курорттық кешеннің құрылысымен танысты. Ақтаудан 20 шақырым жерде 160 гектар аумақты алатын демалыс аймағы 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аудан орталығы Бейнеуден Ақжігіт ауылы арқылы көрші Өзбекстан шекарасына қарай жөндеуден өтіп пайдалануға берілген жаңа жол – Маңғыстау өңіріндегі жаңғырған жол тараптарының жалғасы. Бұған дейін жолаушыларына машақатқа толы сапарды «сыйлап» келген дала жолы енді тақтайдай төселген қара жолға айналды.
Маңғыстау облысына сапары барысында А.Мамин Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен бірге Тәжен ауылында «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» бағытындағы халықаралық маңызы бар автокөлік жолының ашылу рәсіміне қатысты.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба «Бейнеу-Ақжігіт» трассасы Құрық порты арқылы автомобиль транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді және Транскаспий дәлізінің Өзбекстанмен, сондай-ақ Орталық Азияның басқа да елдерімен жаңа қатынасын қамтамасыз етеді. Мамандардың болжамы бойынша, жол бойынан жылына 7 мыңға жуық автокөлік өтіп, оның өткізу қабілеті 7 есеге артады деп шамаланады. Жалпы ұзындығы 85 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Нысанға барлығы 381 адам, 155 бірлік техника жұмылдырылған.
Салтанатты шарада мемлекетаралық маңызы бар елеулі жобаның Қазақстан және Өзбекстан елдерінің экономикалық дамуына үлкен серпіліс беріп, екіжақты ынтымақтастықтың артуына септігін тигізетіні айтылды.
Бұл жолдың ашылуы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзёев айқындаған стратегиялық әріптестікті қарқынды дамыту символы болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынастар сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді және тұрақты оң динамикаға ие болды. Жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 20%-ға өсіп, $1 млрд-қа жуықтады. Сәуір айындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін берді, деген А.Мамин халықаралық автомобиль жолында қозғалыстың ашылу рәсімімен құттықтап, айтулы оқиғаның Орталық Азияның көлік инфрақұрылымының дамуына, сауда-саттық көлемінің артуына, транзиттік әлеуетін іске асыруға серпін беретінін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуінің дәлелі – өзара сауда көлемінің жыл сайынғы өсімінен көрінеді. Өткен жылы тауар айналымы $3 млрд-ты құраса, биылғы жылдың басынан бері оң өсім динамикасы байқалуда.
Маңғыстау облысы