Қоғам • 19 Шілде, 2019

Ғасыр бұрынғы оқулықтардағы ғақлия

873 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бұ дүниеден түрлі даныш­пандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақ­тың арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдік­тің белгісі», депті саналы ғұ­мырын ұлт қызметіне ар­наған Алаш арысы Халел Дос­мұхамедұлы.

Ғасыр бұрынғы оқулықтардағы ғақлия

Жақсыларды ұмытпай жүру­ді үлгі еткен қабырғалы қай­рат­кердің артында қалған мұра­сы ұшан-теңіз. Соның бәрін жи­нақтап «Арыс» баспасы үш томдығын қалың жұртқа ұсынған екен. Оған ұйытқы болған, айтулылар мұрасына жанашырлық танытып жүрген белгілі ғалым, профессор Ғарифолла Әнес.

Үш томды парақтап отыр­ғанда, қазақты қайтсем шаң­ға қаптырмай, тозаңға көм­бей, өзге­ден кем етпей алға жетелеймін деген сергек санадан туған тұғыры мықты, айтары мол еңбек екеніне еріксіз иланасың. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмейтін ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт», деп тіл тірлігін, ұрпақ тағдырын, жұрт келешегінің кемелдігін көш ілгері ойлаған асыл азамат әдебиет жауһарларын да саралап, оның өкілдерін даралап, тән сұлулығы мен жан сұлулығын ғылыммен ұштастырып, жануарлар дүниесін жан-жақты баяндаған бұл үш кітаптың көтерген жүгі қорғасындай сал­мақты. Жан және тән саулығы туралы оқулықтарынан үйренер үлгі аз емес.

Еске сала кетейік, өткен ға­сыр­дың басында ұлт зиялылары ұлтты біріктіретін білім, сол білім арқылы ұрпақты заманға қарай сауатты етіп шығару парыз, сондықтан да оларды оқу құралдарынан тарықтырмаймыз деп бұл іске жұмыла кіріскені тарихта мәлім. Мұндай ұлы жұ­мысты атқарғандардың қата­рын­да айтулы алыптарымыз аз болмаған. «Мен педагогика май­данында бәйге алып жүрген адам емеспін», дей отырып ұлт мұғаліміне ниет тазалығымен ұсынған Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы», Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Тіл құралы», Жүсіп­бек Аймауытұлының «Пси­­хологиясы», Міржақып Дулат­­ұлының «Қирағат кітабы» мен «Есеп құралы», Қаныш Сәт­баевтың «Алгебрасы» еске түседі. Бұл кітаптардың дені әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ. Әсіресе онда ұлттық тіл мен ұлттық менталитет ерекше көрі­ніс тапқанын санамыздан шығар­масақ екен.

Халел Досмұхамедұлының үш томдығының бірінші кіта­бы­на тарих, әдебиет, тіл туралы мақалаларымен қатар, аудармалары топтастырылыпты. Қазақтың елі мен жерін көздің қарашығындай сақтау жолында жанын да, қанын да аямаған Исатай, Махамбет, Жалаңтөс батырлардың ерлігі, ұлт сөзін ұстаған Мұрат ақын, Шернияз шешен жайлы жазбаларды оқуға болады. Жан сұлулығы мен тән сұлу­лығын тарата айтып, «дені саудың – жаны сау», деген қанат­ты сөзден ой тарата келіп, ауру түрлерін, оған қолданатын дәрі­лер, әсіресе оқушы балалар­ды құлақ, мұрын, көз, өзге де сыр­қат­тардан сақтандыруға қатыс­ты байламдары ұлттық қағидат­тармен қабысып жатады. Сол секілді, бүгін қолға алып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесін де тереңінен қозғап, «Түрік халықтарына араб хәріфтерін тастап, латын хәрфін алу керек деген сөз көптен бері бар...», дей келіп, дәл бүгін бұл істі жүзеге асырмасақ та, кейін қолға алу керектігін өмір өзі алға тартатынын тілге тиек етеді. Ал термин мәселесіне келгенде: «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтын тұмағын қиып, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін», деген түйінін бүгінгі тіл жоқшылары естен шығармаса дейміз.

Екінші томдағы тұңғыш рет жарық көріп отырған көлем­ді еңбектері «Адамның тән тір­лігі», «Табиғат тану» деген екі оқу­лықтан тұрады. Бірін­ші­сінде, адам анатомиясы тура­лы жан-жақты мағлұмат берсе, екіншісінде табиғат әлеміне тереңдеп барып, сан түрлі құбы­лыс­тарды зер­делепті. Қабыл­данған пән сөз­дерін де жарыс­тыра жариялапты. Үшінші том жануарлар әлеміне арнал­ған. Бай­тақ қазақ жеріндегі ал­уан түрлі балықтар мен түр­лі жән­діктер, құстар мен жабайы аң­дар, ірі қара мен қой-ешкі, жыл­­­қы – бәрін де сөз етеді. Бұл том­ды оқып отырғанда Халел Дос­мұ­ха­медұлының ғұлама ға­лым екеніне, әр тақырыпты алған­да сөзбен ғана айтып қой­май, суретті дәйектермен қабыс­тыруы білімдарлығын көрсетеді. Мы­салы, әр жан-жануардың басынан бастап қара тұяғына дейін сыз­ба­сын жасап, сүйек пен буын ат­тарын ұғынықты етіп беруі, тіп­ті таңғалдырмай қоймайды. Осы оқулықтарды бүгінгі мектеп бағдарламасына қосымша құ­рал ретінде ұсынсақ ұтылмас едік. Өйт­кені кітаптағы ұлттық сөз бай­лығын ерекше атауға тұрарлық.