Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Жергілікті қамту: жетілдіретін тұстар көп

378 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстандық үлесті дамыту Үкімет үшін ең бірінші мәселе болуы тиіс». Елбасының осы тапсырмасы аясында мұнай-газ саласындағы ірі жобаларда қазақстандық қамту үлесі жыл санап артып келеді. Алайда нақты тауарлар бойынша көрсеткіштер қуанарлықтай деңгейде емес. Жер қойнауын пайдаланушылар арасында ең ірі үштік саналатын ТШО, ҚПО, НКОК компанияларында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 5, 12, 27,3 пайыз ғана болып отыр. Жергілікті қамтуды дамытуға байланысты талаптардың орындалмауына не себеп?

Жергілікті қамту: жетілдіретін тұстар көп

Осы сауал Премьер-Министр Асқар Маминнің Атырау облысына жұмыс сапары барысында өткізген жиналысының өзегіне айналды. Әсіресе мұнай-газ өндірісінде машина жасау саласының дамуы көңіл көншітпейді. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр да жасырмады. «Отандық ірі мұнай жобаларында машина жасау үлесі 5 па­йыздан аспайды, – деді министр. – Жер қойнауын пайдаланушылардың машина жасау тауарларының 88 %-ы импорттың үлесінде». Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, өткен жылы жоғарыда аталған үш компания 245 млрд теңгенің тауарын сатып алған. Соның 19 млрд теңгесі, яғни 7,3 пайызы ғана отандық тауарлар. Мұнай-газ саласындағы басқа жобаларда қазақстандық қамту – 38%. Бұл сандарды әлі де көбейту үшін не істеу керек? «Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы аясында бірқатар шараларды атқару жоспарда бар», деген министр операторлардың талаптарына сай келетін тауар өндіруге ниетті 18 отандық кәсіпорын анықталғанын атап өтті. «Импортты ішінара алмастыруда біре­гей сипаттағы тауар өндірушінің өнімін оқшаулау маңызды. Біздің болжамымыз бо­йынша, алдағы 10 жылда ТШО, ҚПО, НКОК компанияларының сатып алу көлемі 1,7 млрд АҚШ долларына жетеді, – дейді Қанат Бозымбаев. – Бірегей тауар өндірушілер жеке немесе бірлескен кәсіпорындар құра алады. НКОК компаниясы өндірісті оқшау­лау бойынша 20 меморандум жасақтады. Алдағы уақытта осындай 55 құжатқа қол қою жоспарланды. Мұндай жобалар ТШО мен Қарашығанақта да бар». Министр бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін ірі операторларға аса қажет тауарларды алатын жергілікті өндірушілерді кеден бажы мен қосымша құн салығын төлеуден босатуды ұсынды. Ал операторлар мердігер компанияларда еңбекақы төлеуде кемсітушілікке жол берілмеуін, еңбек жағдайы отандық, шетелдік қызметкерлерге бірдей болуы керектігін назарда ұстаулары тиіс.

НКОК компаниясы басқарушы дирек­торы­ның орынбасары Ермек Марабаев­тың айтуынша, отандық қамтуды енгізуде әлі де жетілдіруді талап ететін жайттар бар. Мысалы, жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтері халықаралық талаптарға сай келе бермейді. Сондай-ақ ірі операторлар бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі емес. Бір өнімге бірге тапсырыс беріп, тауар өндірушінің тапсырыс портфелін көбейтуге болар еді. Тағы бір мәселе – қазақстандық машина жасаушылар жобалау кезеңіне тартылмай отыр. Осы проблемалар шешімін тапса, қазақстандық қамту үлесін әлі де арттыра түсуге мүмкіндік көбейері анық.

Отандық мамандардың үлесі көп

Қазір Теңіз кенішіндегі келешек кеңейту жобасында 50 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Оның 48 мыңы – отандық мамандар. 23 мердігер, 25 қосалқы мерді­гер мекеме жоба жұмысына тартылған. Келе­шек кеңейту жобасын іске асыру арқылы Теңізде жылына 12 млн тоннадан астам мұнай өндіру көзделіп отыр. Осы мақсатта үшінші буын зауытын, жер қабатына шикі газ айдау зауыты, газтурбиналық электр стансалары, ТШО кешенін меншікті энергиямен қамтитын қосалқы стансаларды салу, сағалық қысыммен басқарылатын 125 жаңа ұңғыманы бұрғылау секілді жоғары білік­тілікті, зор жауапкершілікті талап ете­тін жұмыстар қолға алынып жатыр. «Сон­дықтан шетелдік білікті мамандарға сұраныс бар», дейді министр Қанат Бозым­баев.  Ал шекара асып келетіндер саны квотамен шектелген. Операторлар  мердігер және қосалқы мердігер мекемелердегі еңбек­ақы айырмашылығына мән берулері керек­тігі де кеңесте айтылды. Әйтпесе, ауыр жұмыс істеп, аз ақы алатын деректер анық­талған. Қашағанда еңбек етіп жатқан қызмет­керлердің – 90, Қарашығанақта – 92, Теңізде  88 пайызы қазақстандықтар. Бір айта кетерлік жайт, осы жоба басталғалы бері 120 шетелдік маман жергілікті кадрмен алма­стырыл­ған. Операторлар арасында бұл көрсет­кіш 10 па­йыз ғана. «Мұнай-газ секторында жергілік­ті қамту үлесін арттыру, соның ішінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру – министрліктің бақылауында. Бұл бағыттағы барлық тапсырмалар орындалады», деген Қ.Бозымбаевтың сөзіне сенгіміз келеді.

Жергілікті қамту және мұнай-газ сала­сын­дағы машина жасауға қатысты мәселе­лер көтерілген кеңесте Премьер-Министр А.Мамин: «Мемлекеттік органдар ірі жобаларға тауар, жұмыс, қызмет сатып алуға жергілікті тауар өндірушілердің тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы керек», деді. Еліміздегі машина жасау кәсіп­орын­дары 80-нен астам тауар түрін дайындап шығарады екен, ендігі кезекте осы тауар­л­ар­дың санын көбейтіп, қолдану аясын кеңейтуге назар аударылса игі.

 

АТЫРАУ