Үкімет басшысы жаңа ферроқорытпа зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жоғары технологиялық кәсіпорынның маңыздылығын атап өтті. Жобаның ерекшелігі – «Индустрия 4.0» бағдарламасы аясында өндірістік циклдің жаңа технологиялық әзірлемелерін енгізуі.
Кәсіпорында алғашқы кезеңдерде жылына толықтай экспортқа бағдарланған 180 мың тонна өнім шығару көзделген.
«Алдағы уақытта жыл сайын 240 мың тоннаға дейінгі көлемде өнім шығару көзделген», деген А.Мамин, газ тазарту жүйелері кешені мен көмірдің орнына электр қуатын пайдалану атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды толықтай бейтараптандыратынын, сәйкесінше, қоршаған ортаға теріс әсері барынша аз болатынын атап өтті.
Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және өңірдің ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң үлесін қосады.
Ферросилицийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 94%-дан асады.
Зауыт құрылысы кезеңінде мың жарымнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оны пайдалану кезеңінде 350 тұрақты жұмыс орны ашылады, екінші кезең іске асырылған жағдайда, олардың саны 550-ге дейін артады.
Премьер-Министр Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлургия, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина жасау саласын дамы-
тудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Қарағанды облысында өнеркәсіпті әртараптандыру, жүйе құрушы кәсіпорындарды жаңғырту, инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр», деген А.Мамин, барлық тартылған инвестициялардың 93%-ы – жеке, оның жартысы шетелдік қаражат екенін айтты. Облыста 1 трлн-нан астам теңгеге 35 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, олардың 17-сі шетелдіктердің қатысуымен қолға алынды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында инвестициялар өсімі 72%-ды құрады.
Премьер-Министр өңірге жұмыс сапары барысында «Алайғыр» кен орнының қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өндіретін кәсіпорындарына, сондай-ақ «Көктасжал» кен орны базасындағы тау-кен байыту кешеніне барды.
Асқар Мамин «SES Саран» күн-электр стансасын тексеріп, Қарағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолының реконструкцияланған бөлігімен танысты. Ұзындығы 20 шақырымнан астам «Қарасор көлінен айнала Көкпекті-Қарағайлы» айналма темір жол желісі құрылысы жобасын қарау барысында су тасқыны салдарынан зиян келтірілген шойын жол желісінің бөлігін қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.