Алматыда Іскерлік кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын дәйектілікпен жүзеге асыру төңірегінде жан-жақты сөз болды. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және іскерлік орта өкілдері қатысқан кеңейтілген жиында сонымен қатар, Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамуының қарқынын арттыру мәселесі де күн тәртібіне қойылды.
Іскерлік кеңес отырысын ашқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов күн тәртібіне қойылған басты мәселе және оңтүстік астанада бұл бағытта бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан маңызды іс-шараларды тілге тиек етті. Қолға алынған сондай іргелі жұмыстардың бірі Алматының Алатау ауданында орналасқан индустриялық аймаққа тікелей қатысты. Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы қолдаған индустриялық аймақтың қала үшін де маңыздылығы жоғары, яғни жаңа жұмыс орнының ашылуы және өзге де мүмкіндіктер көбеюде.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына Алматы қаласынан жалпы сомасы 410 миллион долларды құрайтын үш жобаның енгендігін хабарлаған қала әкімі, бұл жобаларға да кеңірек тоқталды. Мұның өзі ең алдымен “Медеу”, “Шымбұлақ” таулы-шаңғы курортын дамыту және қатты және сұйық дәрі-дәрмек құрал-жабдықтар өндірісін кеңейту мен модернизациялауды қамтиды. Сонымен қатар, “Самұрық-Қазына” қоры бағыты бойынша трансформаторлық стансалар құрылысының жобасы да бар.
Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі күнге дейін оған қосымша жалпы сомасы 1,5 миллиард долларлық жиырма бір жоба қаралған. “Олардың ішіндегі бес жобаны министрлік қолдаған жағдайда индустриялық-инновациялық дамудың қалалық бағдарламасына енгізуді ойластырудамыз”, деді Ахметжан Есімов.
Іскерлер кеңесінде сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев индустриялық-инновациялық жедел дамудың бесжылдық бағдарламасының негізгі әдістері туралы баяндап берді. Министр, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша дамудың нақты бағдарламаларын ортаға салып, өз пікірін білдірді.
Бесжылдық бағдарлама Мемлекет басшысы жариялаған 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының онжылдығы аясындағы ең алғашқы индустриялық жоба болып табылады. Атап айтарлығы, мұндай ауқымды бағдарламаның ең басты мақсаты – көзделіп отырған бес жылда индустриялық-инновациялық жоғары жетістікке қол жеткізу болып табылады. Отандық бизнесті қолдау бәсекеге қабілеттіліктің артуына игі ықпал ететіндігі сөзсіз. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы міндеттер шын мәнісінде де “еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс”,– деді Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.