Руханият • 26 Шілде, 2019

Құпияға толы Көккөл

2079 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиеата аумағында Алатаудың бес саласын асып түсіп, Қарақыстақ жайлауына жеткен жерде Көккөл бар. Таудың ұшар басындағы бұл көл Меркі ауданының Ақтоған ауылынан жүз шақырым қашықтықта орналасқан.

Құпияға толы Көккөл

Айта кетерлігі, Көккөлді көр­гісі келетін туристердің саны да жыл санап артып келеді екен. Тіпті жергілікті тұр­ғындар мұнда жол болмаса да жыл сайын шетелдік туристер келіп, құпияға толы көлді тамашалайтынын айтады. Алайда, бүгінде бұл жерді туристік орталыққа айналдыру мақсатында жұмыстар да атқарылуда.

Жалпы, бұл көл жергілікті тұрғындардың арасында «Әулиекөл» атанып кеткен. Сонымен қатар жұрт «Әу­­лиекөл» атайтын ерекше көлге қатысты аңыздар да көп. Мәселен, кейбір тұр­ғын­дар мұнда айдаһар бар десе, енді бірі ақырған бураны көр­гендерін айтады. Сондай-ақ бір аңызда бұл жерді жыланбасты, мойыны ұзын, бір өркешті түйеге ұқсайтын мақұлықтың да мекендейтіні айтылады. Себебі көл бетімен ұшқан барлық құс, су ішуге келген мал атаулы ғайыптан тайып, суға тартылып кетеді екен. Алайда, аталған көл осы уақытқа дейін толық зерттелмей, жұмбақ күйінде қалып келеді. Ал Көккөлді ерекше дейтініміз, әуелі көлдің аумағы жүрекке ұқсас. Сондай-ақ бұл көлге еш­қандай да ағын су келіп қосылмайды. Өзі де ешқайда су жібермейді. Бірақ судың деңгейі төрт мау­сымда да бір қалыпта тұра береді екен. Өлкетанушы Серік Құрал­баевтың айтуын­ша, түпсіз көлге кеңестік ке­зеңде түрлі экспедициялар да ұйым­дас­тырылғанымен, одан ешқан­дай нәтиже шықпап­ты. Содан осы уақытқа дейін көл­дің тереңдігі де анықталмаған.

Қазақ даласында құпияға толы жерлер аз емес. Ал Көк­көлдің құпиясы әлі күнге дейін жергілікті жұртшылықтың таңданысын тудырып келеді. Мәселен, көл айдынында ешқандай қоқыс немесе жа­пырақ жатпайды екен. Су бетіндегі ультрадірілден суға түс­кен кез келген зат сыртқа шығып кетеді. Құлама жартас­ты өткелдері бар құпияға толы бұл көлдің зерттелу та­­ри­хы енді болашақтың ен­ші­сін­де.

 

Жамбыл облысы