Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Ешкі бақты, табыс тапты

1986 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі кәсіпкерлеріміздің бірі Райымбек Баталов алғашқы капиталын ешкі бағудан бастағандығын айтқан еді. Тумысынан еңбекқор бозбала кезінде бір топ достарымен бірігіп, асыл тұқымды ешкі өсірумен айналысыпты. Ешкі – өте өсімтал түлік. Кейін жинаған қаржысын басқа табыстарға салған Баталов Қазақстандағы алғашқы мықты бизнесмендердің біріне айналды.

Ешкі бақты, табыс тапты

«Ешкі бақтым, еңіреп бақтым» дейтін сөз бар. Отардың алдына түсіп алып, жақсы жайылым іздеп желдеп кететін ешкі бабын тапса, байы­татын түлік. Оны Қазалы ауданы, Қашақбай Пірімов ауылының тұрғыны Ләззат Бекназарова да растайды. Ол асыл тұқымды швейцариялық заанен ешкісін бағады. Әу баста ауылда қандай бизнестен жақсы пайдаға шығуды ой елегінен өткізген кәсіпкер сүтті ешкі алуды ойлайды. Бұған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасы мұрындық болған.

Мемлекет жақсы инновациялық бизнес-жоспарға тегін грант бөледі. Сол арқылы Ләззат 750 мың теңгеге асыл тұқымды заанен ешкісінің жеті төлін алады. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі сол, қажетті жем-шөп алу үшін тағы да қосымша қаржы бөледі.

– Ауылда мал бағып өскен адамға ешкі өсіру қиыншылық туғызбайды. Бұл ешкіге көңілімнің құлағаны, ол басқа тұқымдастарынан сүттілігімен ерекшеленеді. Бүгінде медицина адам ағзасына ешкі сүтінің пайдасы көп екендігін айтып жатыр. Сондықтан да сүті қымбат. Тұтынушылардың көп болатындығын білгендіктен, ойым­ды батыл жүзеге асырдым, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде ешкілері төлдеп, басы көбейген. Асыл тұқымды ешкі күніне 3,5-4 литр сүт береді. Ауданда литрі 500 теңгеге саудаланғанымен, Байқоңыр қаласында мың теңгеге жетеді. Енді Ләззат жинаған қаржысына тағы біраз ешкі алмақ ниетте.

Ешкі сүті – көп ауруларға ем. Сүтін үзбей ішкен талай науқас құлан-таза айығып кетіпті. Сондықтан да осы жұмысының жемісті болары кәсіпкерді қанаттандырып отыр. Үйге түсетін табыс тек ешкі сүтінен ғана құралмайды. Ұсақ мал ұстап, сиыр сүтінің өнімін саудаға шығарып отырған отбасы аз уақытта тұрмысын оңдап алды.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп абыз Абай осындай рухы мықты адамдарға айтқан ба деп ойлайсың. Әйтпесе, жұмыс жоқ деген сылтаумен өзін алдарқатып, мемлекеттік көмекке қол жайып жүрген отбасылардың да қолынан келетін кәсіп қой. Тек талпыныс, қажырлы еңбек керек.

 

Қызылорда облысы