Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Жаңаөзенде «Отбасы орталығы» ашылды

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отбасылық сот» пилоттық жобасы шеңберінде Жаңаөзен қаласындағы «Неке сарайы» ғимаратында «Отбасы орталығы» салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаңаөзенде   «Отбасы орталығы» ашылды

Салтанатты ашу рәсіміне Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Байжанов, Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев және судьялар, Жаңаөзен қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысының м.а. Салтанат Рублева, білім бөлімінің өкілдері және ардагерлер қатысты.

Іс-шарада сөз алған Ержан Қарабаев Орталықты ашуға мүмкіндік тудырғаны үшін қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне алғыс айтып, Орталықтың қызметі жанжалдасушы ерлі-зайыптыларды татуластыруға және ажырасулар санын қысқартуға бағытталатынын жеткізді. Орталықтың мақсаты - отбасылық құндылықтарды сақтау, отбасылық  дауларды шешу және татуластыру, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуге жағдай жасау екендігіне тоқталды Ержан Қарабаев. Сондай-ақ, ол мұнда отбасылық-неке дауларын сотқа дейін және соттан тыс реттеу шаралары жүзеге асырылатындығын атап өтті.

Одан әрі Жаңаөзен қалалық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағамбетов бітімгершілік соттарда қаралатын істердің жүктемесін азайтатындығын түсіндіріп, медиацияны қоғам арасында насихаттауға бір ауыздан үлес қосатындықтарын жеткізді.

Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы Бауыржан Тоқбаев соттарда некені бұзу туралы азаматтық істердің көбейгенін назарға алып, рәсімге қатысушыларды отбасылық жанжалдарды сотқа дейін реттеу үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауға шақырды.

Аталған орталық жайлы жиһаз, кеңсе техникасымен жабдықталып, арнайы балаларға арналған бұрышпен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, отбасы орталығының қабырғаларына отбасы құндылығын насихаттайтын суреттер салынып, тараптарды татуласуға үндейтін стендтер ілінген.

Маңғыстау облысы