Әдетте, маңғаз таулар мен маң дала сыр аша қоймайды. Басынан сан түрлі нәубетті өткерген олардың құпиясы да шыңыраудан шыққан шер сияқты әсер етеді. Тарихтан белгілі, қазақ пен жоңғар соғысы ұлтымыздың тағдырындағы қасіретті кезеңнің бірі. Алатаудың басынан аңырап босқан ел, Қаратаудың басынан көш құлаған күрделі кезең қанды шежіре, қайғылы сурет. Кезінде көнекөз қариялар тарихтан тамыр тартып толғап келіп, Әулиеата өңіріндегі Әбілқайыр даласы туралы әңгімелерді жиі айтушы еді. Ел аузында Сұңқайты аталып кеткен алып жазықтың да көптеген тарихи сәтке куә болғанын талай естідік. Сонда сол жазықтың тарихи сырының көп екенін аңғарғандай болып едік.
Жергілікті жұрт Сұңқайты атап кеткен, шын мәніндегі аты Сұмқайтты жазығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек ауылдық округі, мына жағы Өрнек ауылдық округінің Бірлес, Жарлысу елдімекендері, күнгей жағы Юбилейное ауылына дейін қамтып жатқан үлкен жазық дала. Оңтүстігі халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен бастап, солтүстігі Мойынқұм ауданының Қызылқұмына дейін барады. Бұл жер Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы деп аталады. Әбілқайыр даласындағы Сұмқайтты деп аталатын жазықты алқап Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Сұмқайтты даласын 1926 жылы көрнекті Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев Шу-Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған деген деректер де сақталған. Сонымен қатар Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев сияқты ғалымдар да Сұмқайтты даласын зерттеуге елеулі үлес қосқан. Тіпті кезінде тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеп, археологиялық зерттеулер барысында сол жерден сарбаздардың қару-жарағы және ер-тұрмандар, түрлі саймандары көптеп табылған дейді.
Жалпы Сұмқайтты жазығы туралы деректер көп сақталмаған. Жергілікті халық жаугершілік кезінде «Жаудың беті, сұмның беті қайтты» деп Сұмқайтты атап кетіпті» дейді. Ал тарихшылар бұл жерде 1723, 1724, 1725 жылдары қазақ пен жоңғардың арасында аса ірі қақтығыс болғанын айтып жүр. «1720 жылдың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғыста қазақ жасақтарын басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап тұрақтаған дейді. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қантөгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер ел аузында «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастады», дейді Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясы директорының орынбасары, тарихшы Сауран Қалиев.
Бұл қилы кезең турасында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романында «Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан, жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты» болып өзгерген ат қойды», деп суреттейді. Қазақ тарихындағы әйгілі Аңырақай шайқасының бастау алған жері осы Сұмқайтты жазығы деген деректер де негізсіз емес. Қалың қазақ қолы жабылып, жоңғарларға тойтарыс берген жерінің де Сұмқайтты екені жазылған. Қасап қырғын шиеленісіп, бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылының маңы мен Меркі ауданының шекарасындағы Ойранды жазығында да болған дейді. Ақыры бұл шешуші шайқас Аңырақай шайқасына ұласқан. Бүгінгі Аңырақай даласы Жамбыл облысының Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарының аумағы мен Алматы облысының Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарының аумағын қамтиды. Осынау ұлан-ғайыр далада да талай ұлы сырлардың жатқаны ақиқат.
Жалпы адамдар Сұмқайтты жазығына біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастап қоныстанған деген деректер бар. Себебі алып даладан ежелгі қорымдарды, обаларды көптеп кездестіруге болады. Және мұнда тарихшылардың зерттеуінше, VI-IX ғасыр аралығында өмір сүрген түркілердің ғибадат орындары мен түрлі балбал тастар да көп. Сонымен қатар мұнда бертінге дейін көптеген елдімекендердің де болғанын кезінде Каллаур, Лерх сияқты зерттеушілер жазып қалдырған. Мәселен, Сұмқайтты жазығында Мыңмола, Мыңшейіт деген атаулар әлі күнге дейін бар. Ел аузындағы Каллаур жазып алған деректерге сүйенсек, жоңғар шапқыншылығы кезінде шейіт болған қазақ әскерлерін Әбілқайыр осы жерде жерлеген. Сауран Қалиев 1899 жылы жазып алынған бұл деректердің Түркістан әуесқойлар үйірмесінің хаттамасында да сақтаулы тұрғанын айтады. «Сұмқайтты даласы әлі күнге дейін терең зерттелген жоқ. Мәселен, мұнда ХІХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басында Мыңмола деген елдімекен болған. Осы жазықтағы Топағаш тарихы өз алдына. Жалпы, Сұмқайтты жазығы мен Ойранды жазығы қатар аталады. Сол Ойранды жазығына Сәмен батыр қол бастап келіп, жоңғарларға қарсы соғысқан деген деректер де бар. Сұмқайтты, Ойранды шайқасы, одан кейінгі бүгінгі Шу ауданының аумағының Шоқпар стансасы төңірегіндегі Құлжабасы даласында сабақтасып келіп, атақты Аңырақай шайқасына ұласады», дейді Сауран Қалиев. Сонымен қатар ол Сұмқайтты жазығы кезінде Ұлы Жібек жолының бойында болғанын, бұл жерде Күлшіп, Жүлшіп деген елдімекендердің де болғанын әңгімеледі. Тарихтан белгілі, VI-ХІІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының бойында керуен сарайлары болған. Сауда керуендері Күлшіп, Жүлшіп және Құлан қалашығы арасында қатынаған. Ал Каллаур зерттеуші кезінде Күлшіп елдімекенін Кеуілшөп болуы да мүмкін екенін жазыпты. Себебі мұнда төрт түлік малдың жұмсақ азығы Кеуілшөп деген шөп өседі екен. Ал бір кездегі Жүлшіп елдімекенінің орны қазіргі Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылының маңында жатыр. Ал не себепті бұл елдімекендердің Күлшіп, Жүлшіп деп түсініксіз тілде аталғаны әлі күнге белгісіз.
Ұлы даланың қай қиыры да тарихтан сыр шертеді. Ал Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы және Ойранды жазығы 2017 жылдан бастап «Қасиетті Қазақстанның» өңірлік қасиетті жерлерінің географиялық картасының тізбесіне алынып отыр. Мұндағы мақсат – еліміздегі тарихи жерлерді жас ұрпақтың санасына сіңіру және насихаттау. Шынында да Сұмқайтты даласына бүгінде насихат жетпей тұр. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен небәрі 11-12 шақырым қашықтықта жатқан Сұмқайтты даласын көп адам біле де бермейді. Не жол бойына орнатылған белгі жоқ. Ал жазықтың өзінде «Әбілқайырдың ұмытылмас орны» деген үлкен монумент ескерткіш қойылған. Бірақ сол ескерткішті барып көру үшін де оған жол сілтейтін белгі керек емес пе? Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Юбилейное ауылының тұсына ғана белгі қойылған. Дегенмен, бұл күрежолдың бойында емес. Сондықтан ол барлық жолаушының да көзіне түсе қоймайды. Алайда бүгінде осындай тарихи жерлерді насихаттау мақсатында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп, Сұмқайтты жазығына арнайы экспедиция ұйымдастыруда екен. Қалай болғанда да көне тарихтың тамыры бар осындай қазыналы жерлерді ұлықтағаннан ұтылмасымыз анық.
Жамбыл облысы