Министрдің айтуынша, елімізде электронды медициналық төлқұжат жобасы іске қосылған. «Осы аптада азаматтар денсаулығының электронды төлқұжатын іске қостық. Қазір паспорттар қолжетімді. Кез келген азамат eGov порталы арқылы өзі туралы барлық медициналық ақпаратты таба алады. Яғни, қандай медициналық мекемеге қаралғанын, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемінің толық пакетін біле алады. Жаңа жылдан бастап төлқұжат онлайн режімде жұмыс істейді. Бұл халықты емдеуге кететін шығынның ашықтығы үшін керек. Қазақстанның қай өңіріне барып дәрігерге қаралсаңыз да сіздің сырқатыңызға қатысты деректер электронды базадан табылады. Осылайша біз көптеген қағазбастылықтан арыламыз», деді еліміздің бас дәрігері.
Болашақта бұл қызмет электронды үкіметтің мобильді нұсқасында пайда болады және оны дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рецептілерінің көшірмесін немесе медициналық мекемелерде қызмет алу фактілерін растау ретінде пайдалануға болады. «Біз көптеген жылдар бойы дәрілерді есепке алудың, ауруханаларда қағазсыз жұмыс жүргізуге арналған әртүрлі ақпараттық жүйелерді жасап келеміз. Бұл мәліметтердің барлығы жеке ақпараттық жүйелерде, бөлек серверлерде жинақталған. Біздің міндетіміз – әрбір азамат осы жазбаларды көріп, бақылап отыруы үшін оған қолжетімділікті қамтамасыз ету. Цифрландыру ең әуелі медицинаның транспаренттілігін, мемлекет шығынының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Биыл медицина саласы түгелдей ресми түрде қағазсыз форматқа көшеді. Іс жүзінде тегін медициналық қызмет көрсететін барлық ауруханалар, емханалар электронды жазба жүргізуге міндетті. Осы жұмыс арқылы біз ауруханалардың жұмысын оңтайландырып қана қоймай, қағазбастылықтан құтылып, шығындарды азайтамыз», деді ол.
Сонымен қатар медициналық анықтамалар тек қана электронды түрде берілетін болыпты. Бұл – медициналық анықтама саудасымен күресудің және халықты қағазбастылықтан құтқарудың бірден-бір жолы. «Медициналық анықтамалар мемлекеттік емханаларда ғана емес, жекеменшік медицина мекемелерінде де сатылып жатыр. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, бұл мәселені жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ барлық медициналық анықтамаларды тек қана электронды түрде беруді жүзеге асыру үшін осы жылдың аяғына дейін басқа министрліктермен келісім жүргіземіз. Мысалы, жоғары оқу орындарына түсу үшін талап етілетін 086-анықтаманың күшін жою үшін Білім және ғылым министрлігімен, жүргізуші куәлігін алуда қажет болатын 083-анықтаманың күшін жою үшін Ішкі істер министрлігімен жұмыс жүргізілуде. Өйткені олар өздері ақпараттық жүйеге тікелей қосылу арқылы әр азаматтың денсаулығы туралы мәліметке қол жеткізе алатын болады», дейді ведомство басшысы.
Дегенмен саланы цифрландыру кезінде кейбір келеңсіздіктер де анықталып жатыр. Мәселен, SMS алған 4000 адам өздеріне ешқандай дәрі берілмегенін айтқан. «Біз SMS-ескерту жүйесін тегін берілетін дәрі-дәрмектің елге жетпей жатқаны туралы шағым көбейгендіктен қосқан болатынбыз. Бұл да цифрландырудың бір парасы. Науқасқа тегін дәрі берілгені туралы ақпарат базаға түскен сәтте емделушіге SMS жіберіледі. Биыл сондай SMS алған 4000 адам, өздеріне ешқандай дәрі берілмегенін айтып шағымданды. Бұл жерде көптеген фактор бар. Кей науқастың телефон нөмірі өзгеріп кеткен. Бірақ көп жағдайда дұрыс жоспарламағаннан болған. Сондай-ақ мемлекет тарапынан сатып алынған дәрі-дәрмектің жеке дәріханаларда сатылғанын да анықтадық. Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде 27 қылмыстық іс қозғалды», деді Е.Біртанов.