Солай дей тұрсақ та, бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған көріністер жиі кездеседі. Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының 2018 жылдың қорытындыларына байланысты деректері осындай ой түюге негіз қалап отыр. Әңгімені аудиттік іс-шаралардың нәтижелеріне қатысты қозғар болсақ, өңірде бюджет қаражаттарының ысырап болуы оны тиімсіз жоспарлаудан бастау алғанын көреміз. Былтыр облыста тиімсіз жоспарланған бюджет көлемі 33 миллиард 229 миллион теңге болған екен.
Соның ішінде тиімсіз жұмсалған бюджет қаражаты 9 миллиард теңгеден асып түссе, рәсімдік бұзушылықтар саны 1242 бірлікті құраған. Сондай-ақ журналистік зерттеулер барысы активтерді, яғни ғимараттар мен мүліктерді, газ бен су құбырларын, электр желілерін тиімсіз пайдалану көріністері орын алғанын көрсетеді. Ең басты үстірттік – бұлардың балансқа алынбауында және есепке қойылмауында. Мұндай жағдайда мүлік және жер салықтары төленбейтіні белгілі. Тұтастай алғанда, тексеру комиссиясы өткен жылы 17 аудиторлық іс-шара жүргізіп, бюджет тәртібін бұрмалаған 76 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде хаттамалар жолдаған.
Бюджет қаражаты мен активтерінің тиімсіз жұмсалуына әсер еткен басты факторлар қандай? Оның негізгі себебі неде? Осы мәселеге жауап іздеп көрген едік. Аудиттік іс-шаралардың негізгі қорытындыларына сәйкес онда қамтылған аудандар мен облыстық басқармаларға қатысты деректерді сөйлетейік.
Былтыр бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша Әйтеке би, Қарғалы, Алға, Темір және Мәртөк аудандары мемлекеттік аудит нысанына алынған.
Бұған дейінгі жасалған талдаулар Әйтеке би ауданында бюджет қаражаты есебінен негізсіз еңбекақы мен жәрдемақы төленгенін айғақтайды. Сондай-ақ іссапар шығындарына да артық қаражат жұмсалған. Мемлекеттік сатып алу нормалары мен тәртіптері бұзылған. Белгіленген заңнама талаптарының белден басылуы жергілікті өкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алғаны белгілі болып отыр. Осындай көріністер Қарғалы ауданында да кездеседі. Ауданның төрт мекемесінде миллион теңгеден астам жалақы негізсіз төленген. Іссапар шығындарының жай-күйі де осындай. Айталық, Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Рүстем Қопаевқа 230 мың теңге, есепші Оксана Бүркітбаеваға 1 миллион теңгеден астам іссапар қаражаты артық төленген. Миллионнан миллиардтар құралатынын ескерсек, мұны ұсақ-түйек деуге болмайды. Сарапшылардың қатысуымен жүргізілген тексерулер кезінде мұнда Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң талаптарына қайшы келетін жайттар орын алып, орындалмаған жұмыстарға 6 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленгені анықталды. Сонымен бірге қаржы бөлімі бойынша коммуналдық меншік құзырындағы мүлікті жалға беру кезінде мүлікті жалдау мен өсімпұлдары бюджетке өткізілмеген. Жергілікті бюджетке берешек болғандардың ішінде басқа емес, аудан басшылары мен өзге де лауазымды тұлғалардың болуын қай қисынға келтіруге болады?!
Ал Алға ауданында кездескен кереғарлықтарға келсек, тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық білімі жоқ мұғалімдер қызметке қабылданып, сабақ берген. Әдіскер қызметіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар осындай штатқа қабылданған. Тұтастай алғанда, аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бюджеттік бағдарламалар тиімсіз атқарылған. Ауданға қарасты Санбай, Үшқұдық, Қарақұдық және Маржанбұлақ ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша орындалмаған жұмыстарға ақы төленген. Сондай-ақ мұнда техникалық және кәсіптік оқу орындарында мамандарды қайта даярлау ісіне бюджет қаражаттары тиімсіз жұмсалған. Бұған арнайы әзірліктен өткен 248 жұмыссыздың тек 12-сі ғана жұмысқа орналасқаны айғақ.
Жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде оны бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесе жасаудың пайдасы мол. Әйтсе де, бұл бағытта Темір ауданында бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Мұнда бюджеттік өтінімдерді толық көлемде әзірлемеу үрдісі белең алып, оны нақтылайтын әрі растайтын құжаттардың есептері жасалмаған. Әрі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бағдарламалары бекітілмеген. Бұған қоса, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсетілмеген.
Келесі кезекте Мәртөк ауданындағы мемлекеттік аудит тексерулерінің нәтижесі туралы айтсақ, мұнда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық бөлімшесінің теңгеріміне 9 газ құбырының берілмегені белгілі болды. Республикада бұған дейін қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бір бүйірі бюджет қаражаттары есебінен толығады. Осындай есеппен елдің барлық өңірлерінде инфрақұрылым нысандары салынуда. Бұл істің бәрі кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау үшін жүргізіліп жатқаны мәлім. Мұндай қолдау Мәртөк ауданындағы «Айс» және «РадАгро» ЖШС-ларына да көрсетілген. Солай бола тұрса да құрылыстары бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырылған төрт инфрақұрылым нысаны қажетті теңгерімге алынып, сенімді басқаруға берілмей қалған. Мұның соңы бөлінген бюджет қаражатын желге шашу болып шықпай ма?!
Ендігі әңгімені облыс басқармаларындағы жағдай туралы жалғастырсақ. Мұндағы басты мәселе тиімсіз жоспарлаудан туындайды. Ақтөбе облысының 2015-2017 жылдарға, 2016-2018 жылдарға және 2017-2019 жылдарға арналған бюджетін негізінен бес бағдарлама әкімшілері құрады. Мұндағы тиімсіз жоспарлаудың жалпы сомасы 5 миллиард 129 миллион 315 мың теңге болған.
Бағдарлама әкімшілері салықтық және салықтық емес түсімдер мен бюджет түсімдерін жоспарлау кезінде өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінбегені өкінішті-ақ. Бұған қоса, негізгі ұстанымдар мен қағидаттар да ескерілмеген. Сондай-ақ салық әлеуетінің көлемін талдау мен ағымдағы жылдың түсімін бағалау жұмыстары да жүргізілмеген. Соның нәтижесінде жекелеген түсімдер бойынша жоспар болжамы 3 миллиард 277 миллион теңгеге төмендетілген. Атап айтқанда мұндай көріністер облыстағы құрылыс-энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы секілді басқармаларда орын алғанын айта кеткен жөн.
Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген іс-шаралар нәтижесі өңірде Бюджет және Еңбек кодекстері мен мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заң талаптары мен осы бағыттағы нормативтік-құқықтық актілерді бұзу деректері орын алғанын айғақтайды. Оның кейбір мысалдары жоғарыда айтылды да. Сайып келгенде басты себеп – бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен жұмсауға қатысты бақылаудың төмендігінен екенін қайталап айтқанның артығы жоқ деп білеміз. Соның салдарынан жоспарлы көлемдерден ауытқу көріністері белең алған. Даму жоспарларына өз уақытында өзгерістер енгізілмеген. Екінші бір себеп өңірдегі қаржы-шаруашылық қызметі деңгейінің төмендігінен туындайды.
Тиімділік қағидаттарын сақтамау көріністері өңірдегі өзгерту тізіміне кіретін нысандар құрылысы мен жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу ісіндегі үстірттіктерді ескермеуден пайда болатыны да тәжірибе жүзінде айқын көрінуде. Мұндай жағдайда тікелей және түпкілікті нәтиже де алыстай бермек. Осы орайда мемлекеттік аудит барысында Ақтөбе облысының құрылыс, Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен «Градкомплекс» ЖШС облыс пен Ақтөбе қаласының бас жоспары жобасын әзірлеу кезінде мемлекеттік сатып алу нормалары мен тәсілдерін дұрыс қолданбағаны, әрі кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі келісімшартын негізсіз жасағаны елеулі бұзушылықтың қатарына жатады.
Тоқетерін айтқанда, облыста бюджет қаражаттарын пайдалану ісіндегі басты кемшіліктер заңнамада белгіленген нормалардың сақталмауымен байланысты.
Бюджеттік жоспарлаудың бағдарламалық құжаттары тиісті мақсаттарға сәйкес келмеуі де осындай салғырттықтың салдарынан туындайды десек қателесе қоймаспыз. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы бізге былай деді:
– Аудиттік тексерулер бюджет қаражатын жоспарлау мен тиімді жұмсау ісін одан әрі жетілдіруге байланысты жүргізілді. Аяқталған іс-шаралардың қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, активтерді тиімді пайдалануға әсерін тигізсе, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны. Осы түйінді бюджетті жоспарлаудың сапасына қатысты да айтқымыз келеді.
Облыста салықтық әкімшілендірудің тиімді тұстары одан әрі тереңдетілсе – бұл іс салық түсімдерінің қолда бар әлеуетін толық пайдалануға жол ашады деген ойдамыз. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің заңнама талаптарын толық сақтауының әрі сапасыз бюджеттік жоспарлауға жол бермеуінің қажеттілігі де осында болса керек.
АҚТӨБЕ