...пікір білдіреді
Кеңпейілділігіміз қайда?
Үлкенге құрмет, кішіге деген ізеттілік сынды ата-дәстүрімізді ешқашан жоғалтпауға тиіспіз. Бұл біздің берекеміз, ынтымағымыз бен байлығымыз. Осындай бір асқан сезімде отырып желілердегі әлжуаз пікірлерді оқып, қатты ренжимін.
Біз елін сүйген, халқын қорғай білген ер-азаматтарымыз бен батырларымызды, әділдікті ту етіп ұстап тура сөйлей білген шешен, болыс-билеріміз бен хандарымыз, көшбасшыларымыз бен көсемдерімізді, санамызды оята білген ұлт зиялылары мен оқымысты азаматтарымызды мақтан тұтып, ардақтай білген қазақ, ұлағатты ұлт емес пе едік. Олай болса қазақ елін биік жетістіктерге жеткізе білген, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бір қалаға берілгенін соншалықты таусыла сөз етерліктей не болды? Неге бұлай майдаланамыз?
Тек қана қазақ емес, иісі мұсылман халық тәубешілдік пен шүкіршілікке жақын, иманды жан емес пе едік. Осындай егемендігіміз бен тәуелсіздігімізге неге тәубе деп, шүкіршілік етпейміз? Тәуелсіздігіміздің бастауы кім, қайдан келді, қалай келді? Әрине, бірінші Алла тағаланың бізге берген бақыты шығар, ал сол бақытқа, осынша береке-ынтымаққа жеткізіп, оған жол ашып берген кім? Бағалай білейік, құрметтеп, ардақ тұта білейік ағайын дегім келеді. Аласармайық ағайын, қашанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып берген сара жолмен биіктей түскеніміз абзал.
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы
Түркістан облысы
...уәж айтады
Өзіміз үлгі көрсетейік
Өзге жақты қайдам, Қызылжар өңірінде қазақ жастарының орыс тілінде сөйлеуіне етіміздің әбден үйреніп кеткендігі сондай, қалыпты санайтын сияқтымыз. Олардың намысын қалай қамшылауға болады, неліктен ана тілімізді дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуге құлықсызбыз? Осы мәселе мені қатты алаңдатады. Өзім кез келген ортада қазақша сөйлеймін. «Бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесейік. Біз жанашырлық танытпасақ, басқаларға қалайша үміт артамыз?» деген сөзіме кей құрбыларымыз әжуалай, мысқылдай қарайды. Әрине, мені қолдаушылар бар, бірақ некен-саяқ. Көбі «орысша сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі» деген қасаң қағидадан әлі аса алмай жүр. Көп тіл білгенге қарсылығым жоқ. Бірақ алдымен ана тілімізді қадірлей білу керек қой. Бұл – ұлттық намыстың аздығынан.
Бүгінгі қоғамда ана тілімізге қатысты түйткілді мәселелер аз кездеспейді. Күнделікті өмірде келеңсіздіктерді жиі көрсек те көз жұма қараймыз. Менің ойымша, немқұрайлылық, намыссыздық – біздің тіліміздің, діліміздің, дәстүріміздің дамуын тежейді. «Болашақ – бүгіннен басталады» деп жиі айтамыз. Ал ұлтымыздың тілі, намысы сынға түскенде үнсіз қаламыз. Сондықтан алдыңғы толқын ағалар мен олардың ізімен келе жатқан жас толқын, ең алдымен, ана тілімізді құрметтеп, өзгелерге өнеге көрсете білейік дегім келеді.
Алтынай ҚАЗИҚАНОВА
Петропавл
...үлгі тұтады
Арақ пен темекі сатпайтын ауыл
Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылының дүкендерінде арақ пен темекі мүлдем сатылмайды.
«Арақ – атамыздан қалған ас емес. Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан басталатыны белгілі. Оның денсаулыққа да зияны көп. Осы жағын ойлана келе, біраз ақсақал мен мешіттегі жамағат ақылдасып, дүкендерде арақ пен темекі сатылмасын деп бастама көтердік. Ондағы мақсатымыз – саламатты өмір салтын ұстанып, жастардың бойына имандылық ұялату болатын. Мұны ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады. Өз басым сөзімізді жерге тастамағаны үшін дүкен иелеріне ризамын. Ауылда ішетіндер жоқ деп өтірік көлгірсімей-ақ қояйын, әлі де бар. Бірақ бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайған. Шынын айту керек, арақты қоя алмай жүрген кешегі кеңестік дәуірде туып-өскендер. Ал кейінгі жастар арасында арақ ішетіндер мүлдем жоқ. Той-томалақты да арақсыз өткізіп жатқан үйлер бар», – дейді ауыл биі Әбдуәлі Еркінбекұлы.
Ол кісі ауыл биі болғандықтан кей мәселелерді сотқа жеткізбей шешіп, ауылда арақ сатылмайтын болғалы бері отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы да азайғанын айтады. «Тіпті мекеме мен жеке тұлға арасында келіспеушілік болғанның өзінде бірден сотқа жүгінбей, ауыл биіне барайық деп бізге келеді. Ал бидің негізгі мақсаты – екі жақтың арасындағы айтысты әлсірету, екіжақты келісімге келтіру болып табылады. Жіберген қателіктерін бір-біріне түсіндіріп, келісімге шақырамыз. Отбасылық ұрыс-керіс, екі адамның арасындағы келіспеушілікті де реттеп отырамыз», – дейді Әбдуәлі Еркінбекұлы.
Аман БОЛСЫН
...әсерімен бөліседі
Киелі жерлерге тағзым
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Тұщықұдық ауылында Маңғыстау аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының тарихи танымдық дүниесін күшейту және мемлекеттік бағдарламаны жастар арасында кеңінен насихаттау үшін жастардың танымдық шарасы өткізілді. Тұщықұдықтық өрендер осы орайда киелі орындарға саяхат жасап, елжандылық сезімін нығайтты. Аудандық жастар орталығы ұйымдастырған саяхатта 30-ға жуық оқушы Тұщықұдық ауылының маңындағы Айдар ишан ата қауымдығына арнайы сапар шекті. Айдар ишан ата – ХХ ғасырда өмір сүрген дін таратушы киелі адам. Маңғыстауда жерленген атақты ишандардың бірі. Сондай-ақ халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың мәңгілік мекені де осы жерден орын тепкен.
«Мазмұны терең шараның мақсаты – ашық аспан астындағы мұражай атанған өңірдің баламасыз жәдігерлерін ауыл жастарына насихаттау болып табылады. Елбасының бағдарламасында жас ұрпаққа туған жердің тарихы мен өткенін таныту, киелі жерлерді көрсету бүгінгі аға ұрпақтың басты парызы деген болатын. Сондықтан бүгінгі өткізген шараның маңыздылығы жастар мен ұстаздар үшін өте жоғары», – дейді Сәттіғұл Жанғабылов атындағы орта мектептің ұстазы Раушан Қонбаева.
Иә, осындай тағылымды да тәрбиесі мол шараны жиі өткізу жас ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтуге жол ашатыны сөзсіз.
Дина ЖОЛДАСБАЙҚЫЗЫ,
жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы