Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

Жамбылда ұтымды экспедиция ұйымдастырды

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.

Жамбылда ұтымды экспедиция ұйымдастырды

Мақалада халық санасына жалпы­ұлт­тық қасиетті орындар ұғымын сіңі­ру мақсатында «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы қол­ға алы­натыны және оның ауқым­ды бағдарлама болатыны айтылды. Осы ретте туған жерімізді, тарихымызды, рухани-мәдени мұрамызды бойымызға сіңіру, жаңа деңгейде танып-білу, оны жастарға ұғындыру мақсатында Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі «Ұлы дала – ұрпаққа аманат» атты экспедиция ұйымдастырды.

Оған музей қызмет­кер­ле­рімен қатар, облыс жастары арасындағы «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы негізінде ауданымызға атбасын тіреген Мойынқұм командасы да қатысты.

Жас толқын алдымен орталықтағы мұражайға табан тіреп, екі мыңнан аса жәдігері бар мекеменің археология, тарих, даңқ, мәдениет, өнер және спорт, этнография залда­рын аралап көрді. Мұнан кейін ерте темір-қола дәуір­ле­рінен бел­гілі Қарасай шат­қа­лындағы петроглиф­терді өз көздерімен көріп, Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесіне мінәжат етті.

Экскурсия 2007 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлем­дік мұра комитетіне енгі­зіл­ген Қостөбе және Түймекент ауылының оң­түс­­тік шығыс шетінде орна­ласқан Түймекент қала­шық­та­рын­да жалғасты. Осынау мәдени орындардың тарихын аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Айнагүл Ма­мытбекова кеңінен түсін­дір­ді.

Жастар барған келесі нысан – орталық сая­бақ­тағы А.Суханбаев, Сарыкемер ауылына кіре­берістегі Байзақ батыр Мәмбетұлының ескерт­кіш­тері болды. Мойынқұм жас­тары мұнымен қатар, «Әдемі» ұлттық киім­дер шеберханасына да келді. Көрсе көз тоймайтын ер, әйел, жас балалар мен қыздарға ұлттық нақыштағы шапан, көкі­рек­ше, көйлек тігетін шеберхана жұмысы оларды қызықтырмай қоймады. Жастардың әл-Фараби атындағы аудандық мә­де­ниет үйінің директоры Амангелді Тілеповпен бол­ған сұхбаты да барынша мәнді өтті.

 

Гүлайым БАЙМҰРАТОВА,

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

 

Жамбыл облысы