Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Экономикалық саясат қайта саралануы тиіс

740 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кіріскен салтанатты рәсімде экономикада ұдайы өсім болуы керектігін айтқан болатын. Ал бұған қол жеткізудің жолы қайсы? «Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз», деген-ді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Экономикалық саясат қайта саралануы тиіс

Президент экономикалық өсімге әсер ететін фактор тура­лы да айтты. Шын мәнінде елімізге экономикалық саясатты қайта қа­райтын кез келді. Бұл үшін оны жоспарлы экономикаға емес, нарықтың қа­жеттілігіне сай икем­дейік. Бүгінге дейін жүргізіліп келген саясат өзін өзі ақтады.

Индустрияландыру бағ­дар­ламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әйтсе де 2011 жылдан бері елдегі жұмыссыздықтың рес­ми көрсеткіші 5 пайыздан ке­мімей тұр. Ресми статистика «қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай» деген уәж айтады. «Шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан жобаларға аса сақтықпен қарау қажет» деген пікірлер айтылып жатыр. 2008-2018 жылдар ара­сын­да қаржыландырылған жобаларда ше­тел­дік инвес­тор­лардың үлесінің қанша бол­ғаны туралы дереккөздер енді жария­ланып жатыр. Шетелдік инвес­торлар мұндай келісімшартқа қол қойған кезде барлық тәуекелді ескереді. Жоба күйреген жағдайда Қазақстан тарапынан берілетін өтемақы көлемі де алдын ала заң­дастырылады. 2008 жылдан бері шетелдік инвесторлар қар­жыландырып, тоқтап қалған жоба үшін мемлекеттің төлеген өтем­ақысы қандай жолмен қайта­рылғаны да құпия.

 Айтпақшы, мақта кластеріне байланысты «Мақта өзімізде өседі. Біз неге жеңіл индустрияны дамыта алмай отыр­мыз» деген өк­пе-наз жиі айтылады. Үкіметтің сайтында мақта кластерін да­мытуға бөлген қаржысы 1 млрд АҚШ дол­ларынан асып кетті де­ген мәліметті кез­дестірдік. Біз бұл саланы неге дамыта алмай отырмыз? Себебі жеңіл өнер­­кәсіпті жалғыз мақтамен дамыта ал­маймыз. Жоғары сұ­рып­ты мақта тал­шығы 100 күнде ғана пісіп жетіледі. Он­дай мүмкін­дік Канада, Үндістан және Тәжік­станда бар. Өзбекстанда өскен мақ­та талшығы біздің жерімізде өскен мақ­тамен салыстырғанда 20 пайызға сапалы. Бұл оның киім тігуге жарайтынын білдіреді. Ал бізде Түркістан облы­сында өскен мақта 50-60 күннен кейін қолдан кептіріліп, жиналады. Өнді­ріске тек есеп беру үшін емес, өзіміз үшін шындап мойын бұрсақ. Жа­ңа жобаларды қаржыландырған кезде өнімдерді  қай тарапқа өткізу және та­уар­лардың өтімділігі ғана емес, өнімдерге қолданатын шикізат көзінің қайдан алынатыны да зерттелуі керек.

2015-2018 жылдары Мемлекет бас­ш­ы­сының қатысуымен өткен телекөпір кезінде Қызылорда, Түркістан облыстарында бір-біріне көрші қонған аудандарда бір өнім шығаратын зауыт пен кәсіп­орындардың тұсауы кесілгені хабарланды. Бұл жоғары жаққа жұмыссыздардың санын қысқарттық деп есеп беру үшін ке­рек. Қазіргі технология тілін білмей өндірісті басқара алмайсың. Кез келген кәсіп­орын мен зауытқа жоғары білікті ма­ман керек. Сол технологияның тілін бі­ле­тін мамандарды өзімізде дайындауды қолға алмасақ, өндіріс алға жылжымай­ды.

Әлеуметтік теңдік дегеніміз – әркімнің қосқан үлесіне сәйкес табыс табуын айтамыз. Экономика жүзеге асуы үшін 4 түрлі ресурс қолданылуы қажет: жер, капитал, еңбек және кәсіпкерлік ресурсы. Осыған сай әр қоғамда 4 түрлі алғашқы табыс түзіледі: жерге рента, капиталға пайыз, еңбекке жалақы, кәсіпкерлікке пайда. Со­нымен қатар мемлекет әлеуметтік сая­сатты жүзеге асыру үшін осы 4 түр­лі табысқа салық салады. Оны келесі қай­та бөлу барысында трансферттік төлем­дерге, жәрдемақыға, жеңілдіктерге, т.б. жұм­сайды. Әркім өз қосқан ресурсына сәйкес табыс табады. Мәселе, бастап­қы екі ресурс кімнің қолына қандай жол­мен келді деген жайт. Бұл жерде еш­қашан ешқандай әділеттілік болған емес. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағида дұрыс-ау, бірақ эко­номикада біз күткен құрылымдық оң өзгерістер орын алған жоқ. Керісінше, экономика сыңаржақ шикізат экономикасына айналып кетті. Бір ғана мысал, 1999 жылы ішкі жалпы өнім құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 27 па­йыз болса, 2010 жылы 6 па­йызға қысқарды. Өнеркәсіп 1990 жылы 45 пайыз үлесте болса, 2010 жылы 38 пайызға қысқарды. Алайда, осы 38 пайыздың 80 пайызы мұнай мен газ өндірудің үлесіне келеді. Ал 1990 жы­лы мұнай мен газ өндіру жалпы ішкі өнімнің 8 па­йызын да құраған жоқ еді. Сауда-саттықтағы құны миллиардтарға бағаланған көрсеткіштерді мақ­таныш көру кешегі күннің еншісінде қалды. Әлемдік тренд: «Біз жан-жағымыздағы елдерге қандай дайын өнім саттық» деген көзқарасқа басымдық беріп жатыр. Мемлекетаралық тауар айналымында импорттың үлесі көбейген сайын ұлттық валю­тамыздың позициясы әлсірей беретіні белгілі. ЕАЭО-ға бізбен бір мезгілде мүше болған Ресей мен Беларусь экономикасы біздің елдің экономикасымен мүлде салыстыруға келмейді. Олар одақтың табалдырығын дайын өнімдерді импорттаушы ел мәртебесінде аттады. Ал біздің елде 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған «Импортты тауарларды алмас­тыру» бағдарламасы бар екенін Үкі­мет мүшелерінің өзі ұмытып кеткен сияқ­ты. Атал­ған құжатты бізбен бірдей қа­былдаған Ресейде бұл мәселе бүгінге дейін өзектілігін жой­ған жоқ. Алдағы уақыттағы эко­номикалық өсімге әсер ететін фактор ретінде импортты алмас­тыру бағдарламасы қайта қолға алынатын шығар деп үміттенемін. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болып жүрген кезінде жиі айтты.

Қазына қаржысын үнемдеу арқылы мемлекеттің ақшасын тиім­ді пайдалануға болады. Біз­де дамудың салалық және тер­ри­ториялық аспектілерін үй­лестірумен айналысатын орта­лық жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы стра­тегия­лық жоспарлау агенттігін қайта ашып, әлеуметтік-экономикалық саясат бойынша барлық шешім­дерді қабылдауға ықпал ететін бас орталыққа айналдыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Пре­зидент пәрменінің өздеріне тиісті тұстарын алға жылжытуға дағды­ланып қалған кейбір топ бұл ұсынысты қағаберіс қалдыр­ды. Ал мемлекеттік бюджет­тің атқарылуы жөніндегі Есеп коми­тетінің өкілеттілігі азайып, министрлер жүре тыңдайтын құрылымға айналды. Экономикадағы көп мәселенің күрделеніп кетуіне бұл да кері әсерін тигізіп жатыр.

Қазіргі экономикалық саясаттың беталысы Президентке үлкен сынақ болып тұр. Батыс елдерінің Ресейге бағытталған саясатының беті қатты. Біздің елде Ре­сей­дің компаниялары, жобалары жеткі­лікті. Көп көңілінде «Егер оларға санк­ция салынса, Қазақстан қандай шешім қа­былдайды?» деген күмән бар. Қасым-Жомарт Кемелұлына саяси және экономикалық саясаттың мүмкіндігін қолданар сәт енді келді.

 

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

 

АЛМАТЫ