Руханият • 06 Тамыз, 2019

Сарабдал да сиқыр сөз иесі

664 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Алаш ардағы, қайраткер-қаламгер, ақын-аудармашы Һәм ұстаз-ғалым Жүсіпбек Аймауытұлы қоғамдық қызметімен қатар, қазақ руханиятын ұлттық мұрат пен елдік мүддеге негізделген, дәстүр мен дін байланысын берік ұстанған, тарих пен таным тоғысын терең таразылаған, білім мен ғылым сабақтастығын сарабдал саралаған, тіл тұғыры мен тәлім-тәрбие арналарына жіті назар аударған – «сегіз қырлы, бір сырлы» дара дарын иесі.

Сарабдал да сиқыр сөз иесі

Анығында, Жүсіпбек Ай­мауыт­­ұлы ұлт руханиятына, оның ішінде сөз өнерінің дәс­түр­лі жанрларының дамуы жолында ерен еңбек етіп, сүбелі үлес қосты. БАҚ жүйесіне еркін араласып, жауапты қызметтер атқарды. Әрі осы тұста ел-жер, адам өмірі мен еңбегі, тұрмыс-тірлік көріністері бірқатар мақала, көсемсөздері – «Алаш», «Ақжол», «Қазақ», «Қазақ тілі», «Кедей сөзі» газеттері мен «Абай», «Жаңа мектеп», «Жас қазақ» журналдарында жарияланды. Тақырыптық мәні, көкейкестілігі де жұрт назарын аударады.

Ал «Еңбекші қазақ» газетін – 1921 жылдың ақпанынан бас­тап, сол жылдың қазан айына дейін басқарды. Әрі әлеуметтік Һәм қоғамдық бағыты, елдік мәні, мәдени-рухани сипаты жо­ға­ры, біліми-ғылыми Һәм тәлім-тәрбиелік нәрі мол көптеген мақа­ла­лары жарияланды.

Сондай-ақ Ж.Аймауытұлы «Абай» журналының негізін қа­лады (М.Әуезовпен бірге). 12-ші саны жарық көрген басылым беттерінде – «Абайдың өне­рі Һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар», «Қазақ әйелі», «Мә­де­н­иет Һәм ұлт», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Философия жайынан», «Оқу ісі» т.т.маңызды материал­дар жарияланды. Әсіресе, Ж.Ай­мауыт­ұлы мен М.Әуезовтің бір­ле­сіп жазған – «Абайдан соңғы ақын­дар», «Қазақтың өзгеше мінездері» сынды мақалаларынан ел-жер, ұлттық мұрат, дәстүр сабақтастығы мәселелерінен өзге ортақ бағыттары мен мақсат-мүдде бірлігі, дүниетаным үндес­ті­гі, дос-сырлас көңілдері, таным-талғам мәні терең танылады.

Бұдан басқа, Қазақ комитеті, «Алаш» партиясы, Семей губер­ния­лық атқару комитеті (жер, әді­лет, халық ағарту бөлімдері), Халық Ағарту комиссариатында еңбек етті. Ұстаздық қызметі – Семей, Қарқаралы, Орынбор, Ташкент, Шымкент қалаларымен байланысты болды (1917-1920).

Шығармашылық ғұмыр­бая­ны­­ның жарқын беттерінің бірі – қазақ әдебиетінің шағын және орта Һәм көлемді жанрларын­да жанкешті еңбегі. Оның әрбір шығар­масынан ұлттық мұрат, елдік мүдде, адам еңбегі мен тұр­мысы кеңінен көрініс берді. Қоғамдық-әлеу­мет­тік мәселелер, бай-кедей қаты­на­сы, әйел теңсіз­ді­гі, білім-ғылым ісі, әліпби мәні, сөз өнері, мәдени-рухани арналар кең орын алды.

Көсемсөздік мұрасы мен пе­да­гогика Һәм психология ба­ғы­тындағы еңбектері таным­дық нәрі, тәлім-тәрбиелік мәні тұр­ғысынан қазіргі кезеңде де құндылығын жойған жоқ. Өнер­паз­дық қырларын еске алсақ, бұдан актерлік Һәм режиссерлік сипаттары, ән-өлең мұрасы мен сазгерлік тұстары терең танылар еді. Бұдан басқа, «...ағаштан түйін түйетін, ер шабатын, дом­быра жасап, етік тігетін» ерек­ше­лігі мен қырлары да болған (З.Ақышев. Жүсіпбек және оның «Қартқожасы». – «Жұлдыз», 1990, №8. - 185-186 беттер). Ақын Ә.Тәжiбаев: «Жүсiпбек – баянауылдық, 1896 жылы туған, Мұхтар Әуезовпен қатар оқып, әдебиетке де қатар келген, талант, білім жағынан да тең, ең жақын досы болған жазушы», дегенді мақтанышпен де, сағынышпен де еске алады.

Ақиқатын айту керек, көр­нек­тi қа­ламгердiң өмiр­баяны ха­­­қын­да әр алуан пiкiрлер мен қилы көзқарастар бар. Көрнекті қа­­ламгер С.Мұқанов «XX ғасыр­да­­ғы қазақ әдебиетi» атты еңбе­гiн­де көптеген қазақ зиялылары – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, Ғ.Қарашевпен бiрге Ж.Аймауыт­ұлының өмiрi мен қа­ламгерлiк қызметi хақында ма­ңызды мәлiметтер бередi. Ж.Аймауытұлының әкесi, руы, ұрпақтары туралы дәлелді де­рек-дәйектерді алға тартады. Бас­тапқы тұста-ақ: «Жүсіпбек Аймауыт­ұлы 1893 жылы бұ­рын­ғы Кереку уезі, Семей облысы, Қызылтау болысында туған» деп анық-қанық жазады.

С.Сәдуақасовтың сұрақ­та­рына қайтарған жауабында қа­ламгердiң өзi сиыр жы­лы­ның аяғында (1890) «…тусам керек» дейдi. Шымкент педтех­никумындағы анкеталық жаз­ба­ға: «1888 жыл» деп толтырылады.

Ал «…тергеу ісі» мате­риал­да­рының бірінде (1929, 16 мамыр): «…40 жастамын, отбасылы – үш балам бар» дегенді анық-қанық айтады (ҚР ҰҚКМ – 01149 – «іс,
2 том). Айыптау қоры­тын­ды­сы­ның келесі бөлі­гін­де «…40 жас, қазақ, ұстаз-әдебиетші, партияда жоқ» дегенді де назарға салады (ҚР ҰҚКМ-011494- іс, 6 том). Қоғамдық қызметі, ел мүддесі кең орын алады.

 Жазушы жайлы жекелеген ізденіс, зерттеулер жүйесі де кең өріс алды. Еске алсақ, филология ғылымдарының кандидаты Е.Өтебайұлы «Тағдырдың кездестiм ғой кермесiне…» атты мақаласында жазушы өмiрбаяны хақындағы ойын былай бiлдiрген: «Жүсiпбек Аймауытовты 1884 жылы 28 қарашада туды, 1930 жылы 7 сәуiрде өлдi деп жазып, әдiлдiгiне көшкен мақұл» («Ана тiлi», 1990, 7 ақпан). Ал сталиндiк зұлматқа ұшыраған бiр топ қаламгерлердiң (А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Жұмабаев, М.Дула­тов, Ж.Аймауытов) ОГПУ, НКВД түрмесiне отырып iстi бол­ған тарихы туралы «Абақты» атты көркем-публицистикалық зерттеулердiң авторы, жазушы Д.Досжан: «Сот құжатында, жазу­шы­ның өз қолымен тол­тыр­ған анкетасындағы туған уақы­ты 1890 жылы болып көр­се­тi­­лiптi», деп жазғанына мықтап табан тірейді («Жалын», 1991, №4, 34-бет).

Бұл бағыттағы iзденiс-көз­­қа­растар, атап айтқанда, Ж.Ай­мауыт­ұлының туған мер­зi­мiн Қ.Мұ­хамедханов 1890 жыл («Семей таңы», 1989, 4 қаңтар), Семей университетiнiң оқы­ту­шы­­сы Т.Қабышев «Семейдiң жаңа құжаттар орталығы» дере­гi бойынша – 1892 жыл деп көр­се­теді («Қазақ әдебиетi», 2001, №35). Ғылым кандидаты, жүсіп­­бектанушы Н.Қуантайұлы жазу­шының туған жылына бір­сы­пыра салыстырулар жасап, С.Сәдуақасов сұрақтарына табан тірейді. Жазушы жазбасындағы – сиыр жылы: «1889 – нақты, дәл сан» деп көрсетеді. Тарихшы һәм жүсіпбектанушы Т.Қаленова:
«…Жүсіпбек 1889 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Ол 1929 жылы «ұлтшыл, халық жауы» деп айыпталып, 1930 жылы 21 сәуірде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылады» деп жазады. Ал С.Байбосын «Алаштың Аймауытовын іздейтін кім бар?» атты мақаласында жазушыға қа­тыс­ты кейбір дерекке ден қояды («Қазақ әдебиеті», 2014, 7 ақпан). Бастапқы тұста жазушының аты-жөнін – Оймауыттың Түсіпбегі, – деп атағаны, ата-бабасы мен өскен ортасын, өмір жолының кейбір бұралаң-қалтарысты тұстарын әңгіме-естелік, мұрағаттық деректер негізінде сөз етеді. Туған жылына қатысты да бұрынғы, соңғы деректерге мән береді. Асылы, ақиқаттан ешкім айна­лып та, аттап та өте алмасы анық. Осы реттен келгенде, еліміздің Орталық мұрағатында, ҰҚК мен Шымкент, Ташкенттегі мұ­­рағат­тарда Алаш ардағы, асыл сөздің саңлағы Жү­сіп­бек Аймауытұлының қай­тыс болған уақыты – 1930 жыл­дың 21 сәуірінде, Мәскеудегі Бу­тырка түрмесінде атылғаны жа­зыл­ған. Біздіңше, осы жыл мен уақыт – ақиқаттың ту тік­кен тұсы. Осыған ден қойған, тоқ­та­ған жөн. Ақиқат барометрi, өмiр-уақыт өлше­мi – қай кезеңде де үстем ғой.

Болашақ қаламгердің өскен ортасы, отбасы жайлы сөз етер болсақ, алдымен еске түсетіні – жазушының С.Сәдуақасовтың сұрақтарына қайтарған жауабы. «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаяндық қолжазбада (1928, қаңтар. Шымкент) жазушының өмірі мен шығармашылығы хақында дәлелді деректер бері­ле­ді. Алдымен, М.Көпеев пен С.Торайғыровқа туыстығын, 7-8 атадан қосылатындығын еске алады. Өмірбаяндық һәм шы­ғар­машылық мағлұматтардан да жүйелілік бедері, таным мен тал­ғам таразысы танылады. Қол­­жазба М.Әуезовтің жеке мұ­­ра­ғатында сақталған екен. Тап­­­сырған С.Сәдуақасовтың жұ­ба­йы Елизавета Әлиханқызы Бөкейханова. Ол қаламгердің шы­ғармашылық мұрасы ақтал­ған­нан кейін баспасөзде жария­лан­ды («Қазақ әдебиеті», 1988, 23 желтоқсан). Осы ретпен сөз етсек, Жүсіпбек – Күлік руының Ақыл деген атасынан тарайды. Ақылдан – Дәндебай, Молдабай, Ордабай деген балалары болады. Дәндебайдан Оспан, Аймауыт (негiзi – Оймауыт) туа­ды. Ал Аймауыттан Жүсiпбек пен Жақыпбек тарайды. Әкесi Аймауыт та, атасы Дәндебай да шаруа баққан адамдар екен. Аймауыт бес ағайынды (Дән­де­бай­дың бәйбiшесiнен Аймауыт пен Иса, тоқалынан – Оспан, Абылайда, Әбдiраман туған) болғанымен, кедейлiктiң қамыты қатты батқандықтан – қарапайым еңбекке бет бұрып, «мал табуға», өнер-бiлiмге баулиды. Жазушы өмiрбаяндық жазбасында жастық кезеңiн төмендегiше еске алады: «5 жасымнан 15-ке шейiн ескi молдадан оқып, «Мұқтасарды» дендеп, «Наку» оқып барып қалдым». Ауылымызда Оспан деген кiсi молда ұстаушы едi. Әуелi Жүнiс қожадан, содан кейiн Шаймардан қожадан, артынан Қожахмет мол­дадан, Қа­пар қажыдан, Мұқамет­жан­нан оқыдық. Сөйтiп ескiше 5-6 молданың алдын көрiппiз. Бас­тап­қы екеуi болмаса, соңғылар басқа ауылдың молдасы. Жаз жайлауда оқып тұрушы едiк».

Орайлы тұста еске алсақ, 1921-1922 жылдардағы алапат аштық­тың зобалаң-зар­да­­­бы, көлеңкелі тұстары – Ж.Аймауыт­­ұлы­на да әсер ете­ді. Еске тү­сір­сек, Семейде «Жанар» атты ұйым құрылған-ды. Ұйым­ның не­гiзгi мақсат-мiндетi: қа­ра­­па­йым халыққа көмектесу, ұлт бос­тандығы жолындағы жас­тар­ды қамқорлыққа алып бi­лiм­ге, саясатқа тарту болды. Ж.Аймауытұлы осы жылдары ел iшiнде саяси науқандарға қа­ты­­сып, Торғай уезiнiң ашыққан хал­қына жәрдем ету ниетiмен Семей губерниясынан 8 мың мал жинап, жолай оны ашыққандарға үлес­тiргенi бар-ды. Олардан қолхат та алады. Бiрақ мөрi бол­ма­ғандықтан, осы малды «өзi пайдаланып кеттi», «бай мен орташаларға тегiн үлестiрiп бердi» деген жалған жаламен және «1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар, Кеңес үкiметiн құлатуға күш салған», деген сияқты негiзсiз қаралаудың, жолсыз жаза­ның нәтижесiнде жауапқа тартылады. «Малды бөлгенде комиссияның басқа мүшелерi Құлжанлы, Балғабайұлының көрсетуiмен ауылдық, болыстық өкiлдердiң қолына бермек ордер­дi мен жазып тұрдым. Жеке адамдарға, қызметкерлерге мал бергенде комиссияның ұйғарған адамдарына ғана бердiм. Малдың дұрыс бөлiнуiне, мұқтаждарға, аштарға бөлiнуiне көңiл бөлдiм» дейдi соттағы жауаптарының бiрiнде («Еңбекшi қазақ», 1926, 16 наурыз). Ашық сот мәжiлiсi «Еңбекшi қазақ» газетiнде (15-26 наурыз, 1926 жыл) жарияланып тұрды. Соттағы сұрақ-жауаптан Қазақ­стандағы 1921-1922 жыл­­дар­дағы алапат аштық көрi­нiс­терi, әміршіл-әкімшіл жүйе ұста­ны­мы, кезең-уақыт шындығы айқын аңғарылады.

Жүсіпбектану тақырыбына қалам тартып, бірқатар ізденістер жасап, зерттеу еңбектерін жаз­ған­дар­дың қатарында: З.Ақышев, З.Ахметов, Д.Әбілев, Ә.Тәжібаев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Қ.Мұқамед­ханов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Б.Қойшыбаев, Б.Құндақбаев, Қ.Жарықбаев, М.Атымов, Г.Бельгер, Б.Байғалиев, Д.Досжан, С.Дәуітұлы, Т.Жұртбай, Қ.Ергөбек, Қ.Керейқұлов, Д.Қамза­бекұлы, С.Аққұлыұлы, Г.Ахметова, Г.Елеукенова, Қ.Әбдікова, Қ.Әубәкірова, А.Зейнуллина, А.Мірәлиева, Р.Досжанова, Т.Қаленова, Д.Құсайынов, А.Тасымбеков, Р.Тұрысбек, Д. Ысқақұлы т.б. болды. Бұл бағыт, әрине болашақта: бакалавр – магистр - PhD (философия докторы) арқылы толыға түсері анық.

Анығында, Ж.Аймауыт­ұлы­ның өмірі мен шығар­ма­шы­­лығы­ның тақырыптық ауқымы кең, көркемдік-рухани нәрі мол, танымдық-тәлімдік сипаты мен әсер-ықпалы зор. Батыр-жазушы Б.Момышұлы адами мұрат пен ұлылық иірімін қысқа-нұсқа үлгіде жүйелі жеткізеді: «...Менің ұстаздарым көп. Солардың бірі – Жүсекең...Өмірден өз орнымды табуыма көмектесіп, дұ­рыс бағыт сілтеген ол кісіге мен мәң­гі қарыздармын» (Қалдыбаев М. Ұстаздарымның бірі – Жү­се­кең. - «Алматы ақшамы», 1989, 13 қазан). Ал Ғабең – Ғабит Мүсірепов: «...Сырлы да сұлу, сараб­дал да сиқыр сөз иесі Жүсіпбек Аймауытов менің әдеби ұстазым екенін жасыра алмаймын», деп жан-жүрегін айқара ашып, ағынан жарылады.

Асылы, жүсіпбектану – ХХ ғ.б. қазақ әдебиетін оқып-үйрену, зерттеп-зерделеу ісінде берері мол, дерегі көп, мәнді бағыт, кең өрістердің бірі болып табылады. Әрі тақырыптық ерекшелігі мен жанр жүйесі айқын, көркемдік кеңістігі кең, мәтін құбылысы мен диалог қызметі мәнді, тілдік-стильдік сипаттары айшықты-на­қышты қырларымен назар аудар­тады.

Жүсіпбектану – қазақ әде­бие­тін­дегі бағыты айқын, жанр жүйесі мәнді, көркемдік нәрі мол, ай­дыны кең, ағысы күшті асыл арналардың бірі.

 

 Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры

 

Соңғы жаңалықтар