Жусан тербелген, сағым көшкен сырбаз даланың сырына қанып, мұңына ортақтасу арқылы адамзат өзінің азабымен әу бастан қосыла туатындай ма, қалай. Қасірет атаулының өзі адаммен бірге жаратылып, адам дүниеден өткен соң да жасай беретіндей болып көрінеді. Адалдықтың өлгені адамзат үшін әрқашан елеусіз болған. Алла мен адам арасындағы қатынас, Құдіреттің бұйыртқан бақ пен соры, көк пен жердің арасын толтырған қуаныш, я қасірет, бәрі де тәлейден.
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы Қазанғап бейнесі адалдықтың бір шырағының сөнгеніндей әсер етеді. Неге десек, өмір бойы теміржолшы болып жұмыс атқарған, ешкімге зияны жоқ Құдай деп ғұмыр кешкен қоңыр адамның дүниеден өткеннен соңғы ақыретінің алды осындай ой салады. Сарыөзек даласындағы елеусіз тіршілік, Қазанғап, Едіге, Еділбай сияқты кейіпкерлердің қанағатшыл қоңыр тіршілігі әр қазақтың ауылында өтіп жатуы мүмкін, әрине. Бірақ әңгіме мұнда да емес.
Сарыөзек – ұлан-ғайыр ұлы даланың бір бөлшегі. Сайын сахарада салтанат құрған жасампаз сәттер де, өкінішке қарай, өзекті өртеп қоя беретін кезеңдер де аз болған жоқ. Қазанғаптың қасіреті Кеңес өкіметі дейтін сұмдықтың адал адамның алдына кес-кестеп тұрып алатын алакөңілінде жатыр. Тіршілігінде оңдырмаған бұлар өлгеннен соң да жетістірмеді ғой. Иә, өз бетінше өлең, одан кейін көрген-білгенін хатқа түсіріп жүрген Әбутәліп Құттыбаевтың да бейнесі қабірі белгісіз талай боздақтың рухының боздауы емес пе? Ал тіршіліктегі талқаны таусылып, тағдырына нүкте қойылғанда қарапайым Қазанғаптың рухының осынша бейнет шегетіндей қандай жазығы бар. Жалғыз ұл Сәбитжанның сиқы анау, өзінше білімді, мемлекетшіл, жалған зиялы. Халық аузында аңыз болып сақталған Найман-Ана бейітіне жете алмай, Қазанғаптың сүйегін сонда қоя алмай, арманда қалған Едіге мен Еділбайлардың азабы да аз болған жоқ. Ақыры жапан даланың бір пұшпағын томпайтқан момын рух атаусыз қалған қаншама адамның жоқтаушысы секілді. Ал Найман-Ана бейітіне жібермей қойған күзетші, ителгі көз Таңсықбаевтың бейнесі кеше кәдімгідей дәріптелген өкіметтің әр қазақтың өлігіне дейін тор құрған тасырлығының көрінісі. Жер сатылып кеткен, ол енді өзгенің меншігі, ол жерге енді фәниден қайтқан адамды жерлеуге болмайды. Найман-Ана бейітінің орыны келешекте тегістеледі. Яғни, ол жерге өркениет орнайды.
Адам мен ғалам қашанда біртұтас. Он сегіз мың ғаламда бір мезетте түрлі тосын құбылулар орын алады. Сол сияқты бір сәтте талай адамның тағдырында толқынысты да, қорқынышты да кезеңдер болып жатады. Ал адам ойындағы сана жете бермейтін түпсіз тұңғиық, шексіз шыңырау бәрібір ғаламнан бөлініп кете алмайды. Алайда жер де, жалпы ғалам да жалғыз. Адам да солай. Жерден басқа әлемде тіршілік жоқ, бірақ жер бетінде қаншама адам болса, соншама тіршілік бар. Ой әрқилы, сана әрқалай, таным әртүрлі. Тек өлең жазу, әңгіме жазу, жалпы шығарма кейіптеу дегеніміздің өзі әдебиет бола бермесе керек. Жазушының өзі пайғамбар тектес тұлға. Мәселен, Бальзактың кейіпкерлері эгоизмге жақын, Бальзак әлемді бір өзі ғана бағындырғысы келетін бейнелерді жасады. Яғни, жер бетінде өздерінен басқа пенде жоқ, абайсызда өзін өзі өлтіріп алудан қорқатын адамдар олар. Достоевский ұлы азап шегушілер жағында еді. Сол ұлы азап шегу арқылы жеңіске жеткісі келетін адамдар олар. Сондықтан жазушыны пайғамбар тектес тұлға дейтініміз, талантты қаламгер адам бойындағы түрлі қасиеттерден туындап кетуі мүмкін қасіреттерді алдын ала ескертуші болып саналады. Ал кімнің кім екені бір ауыз сөзінен, я ісінен білінеді десек, жазушылыққа психология ғылымы да тән.
Шыңғыс Айтматов өзіне тән ойы мен қиялының шырқау шегінде ғаламдық кеңістіктен ормантөстіктер мекенін ашты. Бұл дегеніңіз тіршіліктің түрлі сипаты, адамзат бойында тайталасып жатқан түрлі ағымдардың жиынтығы. Сонымен қатар дүниенің бәрі сұрақ белгі. Адам кім, қайдан келді, қайда, қалай жүріп жатыр, не істеуі, кім болуы керек, одан кейін қайда кетеді деген сұңғыла сұрақтарға жауап іздейтін де жазушы. Әрине дін қағидатынан бөлек, өз таным-түсінігі тұрғысынан. Сол арқылы әдеби форманы қалыптау, жазу машығын игеру деген дүниелер тағы бар. «Біз салыстыруға келмейтін нәрселерді салыстырып жатпақшы емеспіз. Бірте-бірте біздің Жердегі адамдар да ұлы прогресс дәуіріне жетер. Бұл ретте адамдардың қазірдің өзінде мақтана алатын жетістіктері бар. Сөйтсе-дағы бізді бір сұңғыла сұрақ азапқа сала береді: оу, жер бетіндегі адамзат баласы өзін өзі: тарих дегеніміз – соғыстар тарихы деп сендіріп, трагедиялық қателесу жолында адасып жүрсе, не болмақ? Адам баласының даму жолы әуел баста-ақ тығырыққа тірелген қате жол болса, не болмақ? Ондай жағдайда біз қайда бара жатырмыз, маңдайымыз қандай тасқа барып соғылмақ? Халіміз осылай болғанда, адамзат баласы осыны ерлігі жетіп түсініп, ақырзаман топалаңынан құтылып үлгіре алар ма екен?» деген сипаты сұмдық сұрақтар ойлануға жетелеп, ақыл көзіне нұр құйғанымен, көбінесе азап пен шердің шындығын оятып жібереді. «Жер бетіндегі адамзаттың болашағы бізді үрейлендіреді. Сонымен бірге Дүние-Әлемде Орман Төс сияқты үлгілі ұлы ел бар екені үміттендіреді» – дейді жазушы. Яғни, жарық пен қараңғының өзара айқасы. Сана түкпірінде түтеген борасындай ойдың сыртқа шығуы.
Ана құрсағы қараңғы мекен. Адамзаттың жарыққа ұмтылғандағы алғашқы қадамы. Одан соңғы жарық дүние. Ал Жер-Ананың қойны, қабір қараңғы. Одан кейінгі бізге беймәлім, бәлкім өлшеусіз шуақты жарық мекен. Шегі жоқ тіршілік болса керек. Қараңғы мен жарықтың арасында адамзатты жанталастырған жалған, өлермендікке үйрететін өмір бар. Қазанғап біздің ұғымымыздағы төртінші, яғни шексіздікке ұласқан ғұмырдың пендесі еді. Бар қасіретімен, бар қайғысымен сонда кеткен. Оның қасіреті адал болғандығында. Адалдықтың жолы қашанда ауыр. Жазушы Қазанғаптың қасіретін ұлы Сәбитжан мен ителгі көз күзетші Таңсықбаевтың бейнесі арқылы да береді. Одан бұрынғы тіршіліктегі соғыс, қара жұмыс. Бірақ бұл сол кезеңдегі барлық адамның басындағы қайғы еді. Ал бұл көрініс сол кездегі көп қазақ қазақтың тірлігі тұрмақ, өлігінің өзін құрмет тұтпайтынын көрсетіп тұр. Ең азабы, Қазанғаптың соңғы аманаты Найман-Ана бейітінде мәңгілік дамылдау еді. Бірақ аманатқа қиянат жасалды. Тірлігіндегі орындалмаған көп арманы аз болғандай, өлгендегі арманы да сол күйі орындалмады. Ал әке сүйегін өзі аманат еткен бейітке қойдырмаудың амалын жасаған жалғыз ұлдың ұғымсыздығы да Қазанғаптың қасіреті болатын. Жазушы романда Қазанғаптың адалдығын Едіге, Еділбай бейнелері арқылы береді. Туғаны емес, туысқаны емес, бірақ көңілі жақын жайсаңдардың жан азабын суреттейді.
Бір бейне арқылы берілген талай тағдыр, талай сәт бар шығармада. Мәселен, Найман-Ана. Өз құрсағынан шыққан ұл Жоламанның қолынан қаза тапқан ана. Мұнда жазушы адамзат санасының көп жағдайда ауыспалы екенін айтады. Жуанжуандардың тепкісінен өз шыққан тегін, өзінің кім екенін ұмытқан Жоламан әзиз ананың обалын арқалады. Мәңгүрт ол. Ал он екі мүшесі сау, бірақ мәңгүрт боп кеткендер Жоламандардан да қауіпті. Габриэль Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық» романында Макондо адамдары арқылы адамзаттың азып-тозуын жазды. Жоламан да солай. Одан кейін ақын Раймалы әңгімесі. Бегімайға жете алмай зарыққан көңілдің күрсінісі. Раймалыны сабаған туған бауыры Әбділханның он екі мүшесі сау бола тұра мәңгүрттігі шығарманы шымырландыра түскен шындықтар. Яғни, мұнда да рухани азып-тозу бар. Бір-бірімен шендескен шындық, айнымас ақиқат туындының тағдыры арқылы адамзаттың өз азабын өзіне ескерту болып тұр.
Жаратылғалы бері талай соғысты көрген қара жер қасіреттен теңселеді. Қара жердің бауырында тіршілік кешіп жүрген адамзаттың да барлық тілегі қантөгісті болдырмау болса екен деген жазушының арманы осы. Ормантөстіктердің қандай бейбітсүйгіш жандар екені шығармада жазылады. Әдебиет ұлтқа бөлінбейді, сондықтан шағын ғана топтың от басы, ошақ қасындағы әңгімесі әдебиет емес. Бәлкім бұл бір адамның тағдыры арқылы ғаламзаттық, адамзаттық мәселені көтеретін ұлы күш. Жазушы ешқашан сәуегейлікпен айналыспайды, бірақ сана түкпіріндегі шырқырап тұрған шындықты өз парасаты тұрғысынан айтып, келуі мүмкін апаттардан сақтандырады. Болмаса алда болуы тиіс деген, адамзаттың пайдасына шешілетін жақсылықты уағыздайды. «Ғасырдан да ұзақ күн» бір мезгілде шексіздік пен түпсіздікті, биіктік пен тереңдікті қатар өрген шығарма. Ал жер бетінде қаншама орындалмаған аманат бар. Қиянат жасалғаны қанша. Адамзат кеудесіндегі күмбірлеген қасірет күйі де сол...
Жамбыл облысы