Тарих • 07 Тамыз, 2019

«СҚ» қайта түлеген кезең

417 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ұсыныс ойламаған жерден болды.

 

«СҚ» қайта түлеген кезең

1974 жылдың қаңтарының соңғы күндері еді. Содан аз ғана уақыт бұрын жұрт қысқартып «СҚ» дейтін «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып келген Сапар Байжанов ағамыз телефон соғып:

– Болат, егер мүмкіндігің болса маған осы қазір келіп жолығып кетші, – деген соң сол кездегі Максим Горький (қазіргі Жібек жолы) көшесіндегі көк базардың қарсысындағы тоғыз қабат «Редакциялар үйінің» жоғарғы қабатынан лифтке мініп, Сапекеңдер отырған екінші қабатқа түстім. Ол кезде жасым 34-ке қараған, «Лениншіл жаста» редактордың орынбасары болып істегеніме төрт жыл болған. Сол жылдардың бәрінде мен Орталық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде әуелі сектор меңгерушісі, кейінірек бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған Сапекеңнен анда-санда тапсырма алып, республикалық, облыстық газеттердің, журналдардың кейде тоқсандық, кейде жылдық тігінділерін алып, соларды мұқият саралап, жарияланған дүниелердің сәтті жақтары мен кемшілігін көрсетіп, ұсыныс, пікірлерімді қоса айтып, шолу жасап беріп жүретінмін. Бір рет тіпті Орталық партия комитеті қызметкерлерінің жұмыс тобына қосылып, бір облыс көле­мін­дегі үгіт-насихат жұмысының хал-күйі жөнінде секретариатқа мәселе дайын­дау­ға қатысқаным да бар еді.

Сапекең мені жай шақырмапты. Ол кісі маған «Социалистік Қазақстан» газетіне редакциялық алқаның мүшесі, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып келуге қалай қарайсың деген ұсыныс айтты.

 – Сені өзіме орынбасар етіп шақырсам деп жүруші едім. Келешекте ондай мүм­кін­дік тууы мүмкін. Ал оған дейін осы бөлімді басқара тұрсаң. Сенен несін жасырайын, оны өзің де білесің деп ойлаймын, «Социалистік Қазақстан» әртүрлі себептермен осы уақытқа дейін өзінің биік мәртебесіне, қоғамдағы орнына орай өз мүмкіндігін әлі толық ашып көрсете алмай келе жатқан газет қой. Кейде оның тұтас сандарында көз тоқтататын, тұшынып оқитын нәрселер болмай қалады. Трафарет басым. Дағдылы шеңберден шығып кете алмай келеді. Әдебиет, өнер, мәдениет мәселелерін де тақ-тұқ, сирек, сараң жазады. Осы қалыпты өзгертсек. Жаңа серпін, жаңа леп әкелсек газетке. Егер мен ұсын­ған қызметке келер болсаң, екі әдеби қыз­мет­керіңді өзің таңдап, өзің шешесің. Бөлім­нің дайындаған дүниелерінің санына, көлеміне шек қойылмайды. Тақырып аясын кеңейту, тартымды, тұрақты жаңа айдарлар ашу, оларды қалағандай етіп, жүйелі түрде жүргізіп отыру – толық еркіңде. Осыны тезірек ойланып, бірер күнде жауабын берсең, – деді Сапекең.

Мен бір күн ойланып, келісімімді бердім.

«Лениншіл жастың» редакторы Сейдах­мет Бердіқұлов жібергісі келмей:

– Мұнда дыңдай орынбасарсың. Өзіңе арнайы бекітілген машина бар. Орын­ба­сар­дан бөлім бастығы болып барғаннан, маши­надан түсіп жаяу жүргеннен не ұта­сың. Менің жасым сенен үлкен. Түбінде басқа қызметке ауысар болсам, орныма сені ұсынып кетпес пе едім, – деп біраз қолқалап көрді.

– Жастар газетінің жұмысын түгел мең­­геріп, мектебінен толық өттім. Енді пар­тия­лық газетте де біраз істеп көргім келеді. Ал түбінде өзіңіз айтқандай жағдай болып, басқа қызметке ауысып, орныңызға мені ұсынып жатсаңыз аға газеттен жастар газетіне кері қайтып келе салу қиын емес қой, – деп әзілдедім.

«Социалистік Қазақстан» газетінің қара шаңырағында қызмет атқарған, бір қара­ғанда қысқа сияқты көрінгенмен, тын­­ды­­рылған істер жөнінен алғанда аса ауқым­ды екі жыл үш ай мерзім мен үшін зымырап жылдам өтті. Осы уақыт­тың ішінде Сапекеңнің сол кездегі кеме­лі­не келген редакторлық талантының, ұйымдастырушылық қабілетінің қандай да болмасын марапатқа, жоғары бағаға лайық екеніне көзім әбден жеткен еді. 1974 жылдан бергідегі «Социалистік Қазақстан» газетінің тігіндісін ерінбей ақтарып, соның алдындағы жылдармен салыстырып зерделейтін, зерттейтін адам болса газет бетіндегі көп жаңалықтарды, газеттің сол кездерден бастап әрленіп, нәрленіп, құлпырып сала бергенін көзі бірден шалар еді. «Социалистік Қазақстан» газетінің халықтың шын сүйіспеншілігіне бөленген, тиражы шарықтап өскен, нағыз өрлеу дәуірі сол жылдардан бастау алады. «Газеттің кез-келген санында жұртшылықтың назарын аударатын, қызыға оқитын ең құрығанда бір немесе бірнеше материалдар болғаны жөн», – деген талап қоятын еді Сапекең. Ал оның: «Редакцияда жұмыс істеу – әр адамға қуаныш болуы керек. Біздер білмегенімізді білуге, қолымыздан келмегенді үйренуге талпына, әрі бір-бірімізге сенім көрсете, көмектесе жүріп қызмет атқаруға тиіспіз. Арамызда ашық-жарқын жолдастық әрі принципті қатынас болуы керек,» – деп бір жиналыста айтқан сөзін сүйсіне тыңдап, ескі блокноттарымның біріне жазып та қойыппын.

Сол кездерді ой көзімен шола бастасам редакция жұмысына Сапекең әкеліп енгізген көп жаңалықтар еске түседі. Осы газетке алғаш келген кезімде күнде таңертең планерка өткізіліп, макет жасалып, газеттің әрбір саны талқыланып отыратын. Соны Сапекең бөлімдерден бір аптаға берілетін материалдардың тізімі бір-ақ жиналып алынып, жоспар да бір аптаға тұтас жасалатын етіп өзгертті.

– Барлық бөлімдер алдағы аптаға ұсынатын материалдардың тізімін жауапты хатшыға сейсенбі күні беріп отырсын. Секретариат соны пайдаланып, алдағы аптада шығатын барлық нөмірлердің жос­парын жасайды. Күнделікті, өте шұғыл түсетін бірді-екілі дүниелер ғана болмаса, сол жоспар негізінен өзгеріске ұшырамауға тиіс. Алдағы аптада шығатын сандардың жобасы жұма күні сағат 11-де талқыланып отырады. Бөлімдер ұсыныс, пікірлерін сонда айтады. Содан соң жоспар бекиді. Бірер ай жұмысты осылай істеп көрейік. Өзін-өзі ақтаса осы әдіске біржола көшерміз. Жиі-жиі жұртты жинап, мәжілістер өткізе беру – творчестволық жұмысқа кедергі жасайды, – деп түсіндірді Сапекең. Содан соң жаңа әдіске көшуге байланысты секретариат қызметкерлерінің жауапкершілігі мен рөлі арта түсетініне, секретариат – газеттің штабы екеніне біраз тоқталды.

– Ол – бөлімдер не берсе соны ғана қабылдап отыратын пошта жәшігі емес. Секре­тариат қызметкерлерінің алдында бө­лімдердің тоқсандық жоспарлары жатуға тиіс. Сол бойынша қадау-қадау сүбелі дүниелерді бөлімдерден алдын-ала талап етеді. Әр аптаға соларды дұ­рыс­тап көрсетіп беріп отырады. Басқаша айтқанда тоқсандық жоспардың орындалуына да мұрындық болып, бақылау жасайды. Мұның өзі газеттегі арқалы, негізгі рубрикалардың жүйелі түрде көрініп отыруына мүмкіндік туғызады. Кездейсоқ нәрселердің көп басылып кетуіне жол бермейді, – деп түйіндеген еді сөзін.

Дүйсенбі күні таңертең лездеме (летучка) өткізіліп, апта қорытындысы шығарылатын, газеттің әр санына талдау жасалып, баға берілетін. Редакция қызметкерлері үшін осы жиналыстар да елеулі мектеп болды ғой деймін, өйткені онда жарияланған материалдардың жылт еткен жақсылығы да, кемшілігі де елеусіз қал­майтын. Апта ішіндегі таңдаулы материал­­­дар марапатталып, арнайы тақта­ға ілініп қойылатын. Әр жиналысты қоры­тындылай келе Сапекеңнің айтатын сали­қалы сөздері бәрімізді ойландырмай қоймаушы еді.

Әдебиет және өнер бөлімінде әдеби қызметкердің орны босағанда сол орынға университетті жаңа бітірген, бұрын мен «Лениншіл жаста» жүргенде студент кезінің өзінде-ақ жастар газетіне мақалалар жазып, қатысып, көзге түскен Сауытбек Абдрах­мановты алу жөнінде ұсыныс айт­қа­нымда Сапекең әуелдегі уәдесінде тұ­рып, бірден келісті. «СҚ» сияқты аға газет редакциясына бұрын өзге басылымдар­да қызмет атқарып ысылған, тәжірибе жинаған сақа журналистер ғана іріктеліп, сыннан өткізіліп алынатын еді. Сауытбек газет тарихындағы ең жас әдеби қызметкер ғана емес, өзінің ойлы, интеллектуалдық мақалаларымен көзге түсіп, ең тез өскен, ең жас бөлім меңгерушісі де болды кейінірек.

Жылт еткен әрбір жақсылықты, тәуір нәрсені елеп-ескеріп, кемшіліктерді көзге айтып, бөлімдерге қойылар талапты күшейтудің арқасында газет жұмысы тез ширап, «Социалистік Қазақстан» газетінің бет-бейнесі де, мазмұны да жылдам өзгеріп сала берді. Оқырмандар елеңдеп, күтіп отыратын тартымды жаңа айдарлар ашу, тәуір-тәуір материалдар беру жөнінен бөлімдер бір-бірімен өне бойы, үнсіз іштей жарысқа түскендей, еркін, шығармашылық жақсы бір ахуал орнаған еді. Өзгелерін айтпай-ақ, өзім басқарған әдебиет және өнер бөлімінің сол 1974 жылғы ашқан жаңа айдарларын шола атап өтсем де біраз нәрседен хабар беріп қалар деймін. Олар: «Өнер күнделігі», «Ой мен өнер адамы», «Жазушының жол дәптерінен», «Жыр жолдары», «Поэзия бұрышы», «Уақыт және қаламгер», «Өнер көзі – халықта», «Өнер өлкесінің саңлақтары», «Жазушы және өмір», «Жаңа кітап жарық көрді», «Жас таланттармен таныстырамыз», «СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаттары», «Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалар» және басқалары болатын.

Газетте бұрын ақын-жазушылардың, әдебиет, театр сыншыларының, өнер зерттеушілердің туындылары сирек жарияланып келген болса, ендігі жерде талай адамдардың: «СҚ» партиялық газеттен әдеби газетке айналып кеткен бе өзі?» – деген сияқты әзіл, уәж айтқандарын да естіп жүрдік. Әсіресе келешегінен үміт күттіретін жас ақындарға айрықша назар аударып, олардың шығармаларын көзге түсетіндей, назар аударатындай етіп беру үшін «Бес өлең» атты айдар аштық. Осы айдармен Күләш Ахметованың, Темірхан Медетбековтің, Көпен Әмірбековтің, Ақылбек Шаяхметовтың және басқа­ла­ры­ның өлеңдерін жариялағанымыз есімде.

1974 жылдың маусым айында респуб­ликада Кеңес әдебиетінің Қазақстандағы күндері өтіп, оған қатысуға Ресейдің, одақтас республикалардың көптеген атақ­ты, көрнекті ақын, жазушылары келді. Осы оқиғаға орайластырып газетте «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» атты жаңа айдар аштық, осы айдармен Одаққа танымал таңдаулы қаламгерлердің өздері туралы қысқа дерекпен, суретімен қоса әңгімелері, өлеңдері немесе өзге де үздік шығармаларының жақсы аударылған шағын, тартымды үзінділері жүйелі түрде жариялана бастады. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 30 жылдығы қарсаңында газет әдеби-көркем шығармаларға бәйге жа­рия­лады. Оған Т. Бердияров, Ә. Нұрша­йы­қов, К. Салықов, Ф. Оңғарсынова, Ж. Жұмақанов, С. Бақбергенов, Н. Айтов, Х. Әдібаев, И. Оразбай, Ғ. Қаллемов сияқты қаламгерлер поэмаларымен, повестерімен, татымды сәтті дүниелерімен қатысты, әдебиетімізге елеулі үлес болып қосылған М. Мақатаевтың «Чили, шуағым менің», Ж. Молдағалиевтің «Қыран дала», «Сел», Т. Бердияровтың «Ескі паровоз», Ф. Оңғарсынованың «Сақ болыңдар, адамдар», М.Айтхожинаның ақын Сараға арналған «Ешкіөлместегі ескерткіш» сияқ­ты поэмалары «Социалистік Қазақ­стан­да» еш қысқартылмастан тұтастай жарияланды. Әдебиеттің, өнердің өзекті проблемалары туралы белгілі, белді автор­лар­дың сүйекті мақалалары беріле бас­тады. Осы орайда мысал ретінде қазақ циркінің бүгіні мен болашағы жайлы Қ.Саудабаевтың, көнеден келе жатқан күй жанрының көкейкесті мәселелері жөніндегі Х.Тастановтың, журналистиканың жаңа саласы – теледидардың аяқ алысы жөніндегі С. Масғұтовтың, 1975 жылғы «Жұлдыз» журналында жарияланған әдеби дүниелердің жаңалығы, сапасы жөніндегі Ш. Мұртазаның, тағы басқа да білікті авторлардың көпшілікке ой салған көптеген көлемді мақалаларын айтуға болар еді. Сол сияқты әдебиет пен өнердің өзекті мәселелеріне арналған қызықты «дөңгелек үстелдер» өткізіп, олардың материалдарын да орын аямастан кеңінен жариялап отырдық.

Осындай серпіліс бөлімдердің көбінде орын алды. Сол кезеңде газет беделінің жылдам өсуіне редактордың өзі бас болып, орынбасарлары Балғабек Қыдырбекұлы, Сарбас Ақтаев, бөлім меңгерушілері Бекболат Әдетов, Мамадияр Жақыпов, Уахап Қыдырханов, облыстағы тілшілер Еркеш Ибрахим, Байжігіт Әбдіразақов сияқты азаматтар барынша үлес қосты. Газеттегі сын-сықақ жанрының көрінуі, очерктер проблемасы, бас мақала жазу шеберлігі, тағы басқалар жөнінде арнайы тақырыптық лездеме жиналыстар өткізіліп, оған сырттан беделді мамандар шақырылып, газетте жарияланған материалдарға талдау жасату сияқты ізденістер де редакцияға Сапекең әкелген жаңалық еді. «Қай бөлімге хаттар аз келетін болса – мұны сол бөлімнің жұмысындағы олқылық деп қарауымыз керек. Хат тағдыры бір айдан аспай шешілуге тиіс... Оқушылар конференциясын, жергілікті тілшілердің кеңесін жүйелі түрде өткізіп отыруымыз қажет. Мақала, фельетондарда адамның жұмысындағы, ісіндегі кемшіліктерін айтуға болса да, мүсініндегі мүкістеріне күлуге болмайды» – Сапекең күнделікті жұмыс барысында, міне, осы сияқты көптеген талаптар қойып отыруды ешқашан есінен шығармайтын.

1976 жылы мамыр айының басында «Социалистік Қазақстан» газетінде өнер адамдары туралы 1975 жылғы жарияланған очерктеріме жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Журналистер одағының бірінші сыйлығы берілгенін, ал менің өзімді Орталық Партия комитетінің насихат және үгіт бөліміне жауапты қызметке шақырып жатқанын естіген Сапекең қолымды қысып, құттықтап тұрып, шын жүрегінен шыққан жылы сөздерін айтқан еді.

– Екі жарым жылдай жұмысты бірге істедік. Арамызда ешқашан ренжісетін жағдай болған жоқ. Журналистер одағының сыйлығы да, Орталық Комитетке жұмысқа шақырылуың да – газетімізге сіңірген жақсы еңбегіңнің нәтижесі. Басқа жерге қызметке шақырса «барма» дер ем, жібермеуге тырысар едім. Бірақ Орталық комитеттің жөні бөлек. Жолың болсын, еңбегің әманда жана берсін. Енді өзіңе және бір тілек: орныңа жұмысты өзің сияқты беріліп істейтін адам тауып, ұсынып кет, – деп тағы бір салмақты міндет жүктеді.

Бір күн ойландым. Өзім жақсы білетін талай азаматтарды асықпай ой елегінен өткізіп бақтым. «Лениншіл жас» газетінде менен кейін Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып істеп, Қарағанды облыстық газетіне жауапты хатшының жұмысына ауысқанына жарты-ақ жыл болған Ақселеу Сейдімбековті таңдадым ақыры. Телефон соғып тілдесіп едім, қарсы болмады. «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке келсе үй мәселесінің тез шешілетінін, газет бетінде айтар сөздерінің де салмақты боларын бірден бағамдады. Кейінгі жылдары бір кездескенде Сапекең:

– Сен маған газетке екі адам алдырдың: Сауытбек Абдрахмановты және Ақселеу Сейдімбековті. Екеуі де нағыз ойлаған жерден шықты, – деп шын ризалық сезімін білдірген еді.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты