Тарих • 07 Тамыз, 2019

Арқаның асты-үсті тұнған тарих

840 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қарағандылық танымал тарихшы Игорь Кукушкин Арқа төсі бірнеше мыңдаған жыл бұрын қола дәуір мәдениетінің орталығы болған деген нартәуекел пікірді нық сеніммен айтады. Ғалымның бұл турасындағы дәлел ретінде келтірер уәжі өзінің қисындылығымен назар аудартады.

Арқаның асты-үсті тұнған тарих

 – Бұл маңда мамандардың үлкен қы­зы­ғушылығын тудыратын бағзы заман ескерткіштері мен қорымдары молынан шоғырланған. Қола дәуірі кезінде боз­қараған мен бетеге ғана басқан қу ме­киен даланың орнында өзендері сар­қы­раған, шөбі шүйгін, таулары асқақ­та­ған жазиралы алқап болған. Көне заман адамдары үшін мұндай табиғаты қо­лай­лы жер таптырмас мекен болғаны сөз­сіз. Тіпті бұл жерлерде хандардың орда­лары орын тепкен деп те батыл болжам жа­сауға болады, – дейді тарихшы.

Иә, Арқа төсі небір тылсым сыр мен та­р­и­хи тұрғыдағы баға жетпес қазы­на­лар құ­пиясын бауырының астына ба­сып алып жатыр. Бұған соңғы жылдары ар­хео­лог­тардың сол кездің қымбат киім­дері мен бағалы бұйымдарына ма­лынған көне заман адамдарының сүйегі жатқан қо­рым­дарды жиі таба бас­тауы нақты дәлел бола алады. Бұдан бөлек, осы аумақтан ша­ма­мен алғанда біздің дәуі­рімізге дейін­гі ХIII-VIII ғасыр­лар­да бой көтерген деп бол­жанған пира­ми­да құрылысы да табылған еді. Ай­та кету керек, қазір аталған көне ес­керт­­кіш облыс әкімдігінің қолдауымен то­лық­­тай қалпына келтіріліп, ол жерді ту­рис­­тер назарына ұялмай ұсынатын ны­­санға айналдыру бойынша кешенді жұ­­мыстар жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айт­­қанда, аталған пирамиданы қалпына кел­­тіру жұмыстары 2018 жылдан бас­тап жүр­гізілді. Қарағанды облысының әкі­мі Ерлан Қошанов мұнда ашық аспан ас­тын­­дағы археологиялық саябақ құруды ұсын­­ған болатын. «Тапсырмаға сай, үш жыл­дық бағдарлама әзірленді. Биыл мұнда бес экс­педиция жұмыс істейді. Жалпы, бұл жер­де 100 шақырым радиуста 200-ге тар­та ар­хеологиялық ес­керт­кіш бар», дей­ді об­лыстық мәде­ниет, мұрағаттар және құ­жат­тама басқарма­сының басшысы Ерке­бұлан Ағымбаев.

Таяуда Шет ауданына қарасты Талды ауылындағы «Қызылтау» қорымынан архео­логтар қола дәуірдің алтын бұйым­дарын тапты.

 – Бес қорғаннан тұратын қорымның қазір біз төртіншісін зерттеп жатырмыз. Біз тапқан зиратта ер адам мен әйел бір-біріне қарата қатар жерленген. Бұлар­дың ақсүйектер әулетінен болуы әб­ден мүмкін. Неге десеңіз, зираттың бай адам­дарға тиесілі екені көрініп тұр: қы­здың қолында ұштары бұратылған с­пиральға ұқсас білезіктер, ою-өрнегі бар дөңгелек солярлық аспалар бар. Ал ең бастысы, онда алтыннан жасалған әшекей бұйым болды, – дейді археолог Игорь Кукушкин.

Ер адам мен әйел сүйектерінің бас жағына екеуі үлкен, қалғаны кішілеу төрт құмыра қойылған. Ыдыстың сыртында қазақтың қазіргі кілемдеріндегіге ұқсас ою-өрнек бар. Ал әйелдің диаметрі бес сантиметр болатын, бір ұшы үшкірленіп келіп екіншісіне кіріп тұратын алтын әшекейі мыңдаған жылдар өтсе де, сол бәз-баяғы қалпын сақтап қалған. Жалпы, ал­тын сырға немесе салпыншақ алқа бая­ғ­ыдағы Қазақстан аумағында метал­лур­гия ісінің мықты дамығанын көр­се­теді. Табылған жәдігерлердің ішін­дегі қола білезіктер, пышақтар, әйел­дің шол­пыға ұқсас әшекей бұйымы, қола мон­шақ­тар ерте­дегі адамдардың зергерлік өнер­ді те­рең меңгеріп, металл өнімдерін кеңі­нен пайдаланғанын айғақтайды.

Жалпы, қорымнан табылған қыш ыдыс­­тардағы қазақтың оюына келіңкі­рей­­тін өрнектер, қазақ қыздары тақ­қан шол­­пыдан аумайтын әшекей бұйым­дары­на қарап тұрып, мыңдаған жылдар бұ­рын осы маңда өмір сүрген көне заман адам­дары мен арғы ата-бабаларымыздың ара­сында әйтеуір бір байланыс болуы мүм­кін-ау деген ойдың санада үміт отын жаға­тыны да рас. Мұны Кукушкин сияқ­ты көпті көрген ғалымдар да жоққа шы­ғар­­майды. Талды өзені төңірегін мекен ет­кен ежелгі адамдардың әлденеше буы­ны ара­сы­нан сабақтастық іздер болсақ, Анд­ро­нов­тар, сақтар, ғұндар, түркілер және алтын­ор­да­лықтар дей келіп бұл тізім­ді бүгінгі қазақ­қа әкеліп тіреуге әб­ден болады деген жаны бар пікір айтады археолог-ғалымдар.

Мамандардың пайымдауынша, Қызылтау қорымындағы жерлеу қола дәуіріне, нақтырақ айтқанда біздің дәуі­рімізге дейінгі екінші мыңжыл­дықтың бірінші үштен біріне немесе ширегіне тиесілі болуы мүмкін екен. Жұптастырып жерленген ер адам мен әйел жас болған деген болжам айтады олар. Оны анықтау үшін олардың сүйек үлгі­лері жақын арада радиокөміртекті сарап­тама жасауға жіберілетін болады.

– Орталық Қазақстанда Беғазы-Дән­ді­бай мәдениеті ең ауқымды тарихи кезең болып саналады. Мұнда өте үлкен ру­лар мен тайпалар мекендеген. Бұл – дөң­гелекті арба пайда болған кездегі батыр­лар дәуірі. Ол кезең шайқастар мен қақтығыстар жиі орын алып тұрған беймаза уақыт болған, дәл сол кезде алдың­ғы қатарға қос дөңгелекті арба мінген жауын­герлер шыққан, – деп сенімді түрде тұжырым жасайды тарихшы Игорь Кукушкин.

Айта кету керек, Талды археологиялық паркінің ескерткіштерінде археология­лық қазба жұмыстары 2016 жылдан бас­тап жүргізіліп келеді. Зерттеу жұ­мыс­­тарымен Е.А.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды мемлекеттік университеті­нің ар­хео­логтар тобы айналысып жүр. Қазба жұмыстарына студенттер мен Шет ауданының тұрғындары жұмыл­ды­рыл­ған. Биыл аталған жұмыстар маусым айынан басталған болатын.

Мамандардың айтуынша, Қызылтау қорымына 20 нысан енеді екен. Архео­лог­тар әзірге соның бесеуін ғана зерттеген. Ал қалғандары топырақтың асты­нан аршылып алынғанда, қаншама құпия­ның, жасырынған жұмбақтың сыры ашылады десеңізші?!

Талдының бойынан табылған олжа­лардың ішінде қола білезіктер, пышақ­тар, әйелдерге арналған жапырақ тәрізді салпыншақ, жылқы әбзелдері бар. Бұған қоса, қорғандардың бірінен керамикалық ыдыс-аяқтар да табылған.

– Бұл «Қаражартас-2» қорымының ерекше көзге түсетін алғашқы қорғаны. Біз оны биылдан бастап зерттеу­ге кіріс­тік. Біріншіден, қорған толы­ғы­­мен тас­тан тұрғызылған. Оның диа­метрі 21 метр де, биіктігі 2 метрге жуық. Екін­ші­ден, бұл қорғанның сыртқы құ­ры­лысы күні бүгінге дейін жақсы сақтал­ған бірнеше қоршаудан тұрады. Тағы бір ерекшелігі, табылған заттар қабір шұң­қырынан шыққан жоқ. Зерттеу нәти­жесінде керамикалық ыдыстың қырыққа жуық фрагменті, ұштама тас, үш қырлы қола жебенің ұшы табылды. Керамика ерте темір дәуіріне жатады. Бұл жерден адамның сүйектері табылмады. Яғни, жерлеу керек-жарақтарсыз және адам сүйегінсіз болып шықты, – дейді об­лыс­тық тарихи-өлкетану мұражайы дирек­торы­ның орынбасары Дәурен Жүсіпов.

Қазақстанның кейінгі қола дәуіріндегі ең ірі және күрделі ғимараттарының бірінен саналатын тас пирамида 2017 жылы Қаражартас қорымынан табыл­ған болатын. Қорғанды қайта қалпына кел­тіру жұмыстары биылғы күзде аяқта­лады деп жоспарланған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Арқа төсі аршылмаған археологиялық қазы­наға тұнып тұр. Жақында ғана осы Шет ауданында ежелгі қаланың орны табылды. «Ақкезең» деп аталған бұл қоныс қола дәуірдің Қазақстан аумағындағы ең ірі қоныстарының біріне жатады. Бұл жерде тастан қаланған ғимараттар мен тұрғын үй үйінділері түріндегі 80-ге жуық құрылыс орны табылған. Қоныс­тың аумағы 10 гектар жерді құрайды. Ақ­кезеңнің көлемі және оның кейбір құ­ры­лыстарының ерекшеліктері осы архео­логия ескерткішінің протоурбанистік си­па­ты туралы гипотезаны ұсынуға мүм­кін­дік береді, деп есептейді мамандар.

Қазіргі таңда Ақкезең қонысы орна­лас­қан аумақта ауқымды ғылыми зер­т­теу­­лер жүргізілуде. Қорымды зерт­теу барысында 306 шаршы метр аумақта қазба жұ­мыс­тары жүргізілді. Нәтижесінде көле­мі 13х12 метр болатын құрылыс ала­ңы зерттелді. Бұл құрылыстың ірге­та­­сы әр­бірінің салмағы жарты тон­наға дейін же­тетін тас плиталармен қалан­ған. Ма­мандар бұл ғимарат қоғамдық орын болған деген болжам айтады. Ол жергілікті тұрғындардың жиналатын, діни рәсімдер өткізетін ғибадатхана болуы бек мүмкін.

– Қазылған кесене көлемі 8,5х8,5 метр болатын. Қазба жұмыстары кезінде квест ойынындағыдай небір шытырманның шешімін табуға тура келді. Тастардың астынан біз кесенедегі «қоныстанудың» жүйелі үш кезеңін анықтадық. Мысалы, кейінгі қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қағидаларына сай келе­тін дәлме-дәл жерлеу рәсімдері өт­кізіл­­ген. Бірнеше ғасырдан кейін ке­се­не­нің солтүстік-шығыс бөлігінде ежел­гі көшпенділер жерленген қорған салын­ған. Оның құрылысына кесененің сырт­қы қабырғасының іргетасы болған тас­тарды пайдаланыпты. Тағы бір мың жыл өткеннен кейін орталық қорым қи­ра­ған. Оның орнында ортағасырлық жер­­леу жүргізілген. Соңғы жерлеу орны оңтүс­тік-батысқа, Мекке қала­сы орна­ласқан жаққа қарай ілеспе құрал-сай­мансыз салынған, яғни бұл мұсыл­ман­дық жерлеу қағидаларына сәйкес келеді, – дейді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «Археологиялық зерттеулер» ЖШС-нің директоры Ерлан Әміров.

Ақкезең қонысы – Орталық Қазақ­стандағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің баға жетпес ескерткіші болып санала­ды. Бұл қола дәуірінің соңғы мәдениетін (біздің дәуірге дейінгі XIII-IX ғғ.) Қазақ­стан тарихындағы жарқын мәдени феномен деп сеніммен айтуға болады. Осы уақыт кезеңінде біздің еліміз­дің аума­ғында протомемлекеттік құры­лым­дарды қалыптастыру қолға алынып, қоғамды элитаға және қарапайым халыққа топтастыру басталған. Аталған мәдениеттің экономикалық базисі кешенді мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы және түсті металлургия болғанын ға­лым­дар нақты дәлелдермен сенімді түр­де айтады. «Жоғары дамыған тау-кен ісі мен ме­тал­лургия осыдан 3,5 мың жыл бұ­рын Ор­талық Қазақстандағы әл-ауқат­тың негізі болған», деген тұжырым жасай­ды олар.

Қазіргі таңда Ақкезең қонысынан табылған көне жәдігерлер темірдің құрамы мен жасын анықтау мақсатында зертханаларға жіберілген. Жергілікті ғалымдар болса, зерттеу нәтижелерінің Талды тарихи-археологиялық кешенінің Еуразия құрылығындағы баға жетпес бағзы ескерткіштер қатарынан орын алатынын дәлелдейтін деректер қорын толықтыра түсеріне бек сенімді.

 

Қарағанды облысы