Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Көкшетау қай жақта?

381 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шаршадым білем, соңғы жылдары қайдағы бір ауру айнал­шықтап жанымнан шықпай-ақ қойды. Биылдың өзінде ауруханада екі рет жатып шықтым. Ал аурухана – тағдыры әр басқа, өмірге деген көзқарасы мен ұстанымдары да әр бөлек адамдардың тоғысатын орны. Үнемі шалқаңнан түсіп жата бер­мейсің, бір кезек сыртқа шығып, аурухана есігі алдында, аулада күн сайын топтанып отыратын сол адамдармен әңгіме-дүкен құрасың. Сол әңгімелердің біріне қуанасың, енді біріне салың суға кеткендей ренжіп қаласың.

Көкшетау қай жақта?

...Бүгін де күн ыстық екен. Сондықтан болса керек, төсек тартып жатпағандардың дені аурухананы айналдыра қоршай құйылған цемент іргетасқа құйрық басқан, тек Сәбит қана жапырағы мол биік қараағаш көлеңкесін сағалап, соған сүйеніп тұрып, әдеттегідей әңгіме тізгінін өз қолына алыпты.

...Облысты былай қойғанда, Алматы, Ақмола, Қостанай, Көкшетау дейсің бе, бәрін араладық қой. Жер көрдік, ел көрдік. Сол ел азаматтарымен де тіл табыса әңгімелестік. Бәрінен бұрын газет-журналдарды көбірек оқуға тура келді...

– Сонда Көкшетау қай жақта?

 Мына сауалға ол да, мен де таңғалдым. Сосын әлгі дауыс шыққан жаққа жалт қарадым. Кәдімгі жиырма-жиырма бес жас шамасындағы, өңі қуқыл тартқан (сірә, ұзақ науқастанған болса керек) қазақтың қарадомалақ баласы. Алайда жүзінен имандылық ескен жылылық пен көп оқып-тоқыған парасаттылықты аңғара алмадым, қатып қалған көнтері біреу.

– Оу, жігітім, өз еліңнің жер-су аттарын, облыс орталықтары мен қала атауларын білуің керек қой... Сірә, кітап, газет оқымайтын шығарсың. Онда бәрі бар ғой, – деді Сәбит күйініп.

– Газет оқып не керек? Бәрі мынада бар, – деп жігіт манадан бері шұқылап отырған алақандай жалпақ телефонын көрсетті...

 

* * *

Жатар орныма келіп жай­ғас­қан соң әр кез, әр жылдары жазған шыжбайларымды ақта­рып-төңкеріп қарай бастадым. Қызықты деректер көз алдымда тұра қалды. Тоқсаныншы жылдар... Сол кездегі премьер-министрден бастап, ауыл әкімдерін, шаруашылық, кәсіпорындар басшыларын қоғамда болып жатқан өзгерістерге тап солар кінәлі бол­ғандай сыни сипатта төпелей жазыппыз. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», об­лыстық газеттер тым еркін, тіп­ті асыра сілтеушілікпен ұлт тағдыры туралы жазылған мақа­ла­ларды күн құрғатпай басып жүрді. Әсіресе «Ана тілі» газе­тінің беделі орасан зор болды. Солай болуы тиісті де еді. Өйт­кені ана тіліміз жойылып кету алдында тұрды. Ал тіл дегеніміз – кез келген ұлттың басты өлшемі. Сондықтан болса керек, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – Тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», деп ап-анық айтып кеткен-ді.

Ал интернетке, смартфон сияқты ақпарат тарататын құ­рал­дарға жегілген бүгінгі жастары­мыз ұлт мәселесі түгілі, дұрыс сөйлеу мәдениетінен де алшақтап кеткен сияқты. Тілдері шолақ, сөйлем құрастыруы тү­сініксіз. Анығырақ айтсақ – сауат­сыз. Бүгінгі заман ғалымдары оны енді-енді айтып жатыр, яғни әр ұлттың бір-біріне ұқсамайтын өз коды болады дейді. Шындығын айт­сам, біздің бүгінгі жастарымыз­да сол ұлттық код – ұлттың дәстүр-сал­ты, болмысы жұқарып бара жа­тыр-ау деп қорқамын. Ал оны қалай байытып, ілгерілетуге бола­ды? Бір сөзбен айтсақ, ол білім мен біліктілікке байланыс­ты, білік­тілік ең әуелі газет, кітап оқу­дан бастау алады.

Бұған мысал ретінде бірер дерек келтірелік. Сонау Кеңес заманы кезінде де, бүгіндері де әлемдегі экономикасы дамыған озық елдер қайсы дегенде, ғалымдар ең әуелі АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерін мысалға келтіреді. Оның басты себептерінің бірі ретінде ақпарат құралдарының рөлімен байланыстырады. Шынында солай. Айталық, әр жапон орташа есеппен күніне 3,5 сағатын теле­дидар көруге, бір сағаттай уа­қытын газет-журнал оқуға жұм­сайды екен. Бәлкім содан да болар, бұл ел БАҚ саны жөнінен дү­ние жүзінде бірінші орында тұр. Жылына жалпы таралымы 4 млрд (иә, миллиард) дана болатын 3000 түрлі газет-журнал шығады. Күн сайын газеттердің 90 пайызы үйге жеткізіледі (ал мен «Ақтөбе» газетін аптасына бір рет ғана аламын).

Жапонияда «Асахи» деген газет бар. Газет деген атау дү­ние­ге келгеннен бері шығып келеді. Сол газет баяғыдан бері кешке және таңертең шығады екен. Соның өзінде таралымы 12,5 млн данаға жетіп жығылады.

Ал Оңтүстік Кореяны мысалға келтірер болсақ, территориялық аумағы жөнінен дүние жүзінде шағын, кішкене мемлекеттер қатарына жатады және жер асты байлығы жөнінен де жарытып ештеңе айтуға болмайды, тіпті ештеңе жоқ десек, артық айтпаған болармыз деймін. Солай бола тұра Оңтүстік Корея бүгінде Еуразия құрлығындағы үш елге – Қытай, Ресей, Қазақстанға инвестиция­ны көп құяды. Бұл елде темір мүлдем өндірілмейді. Әйтсе де әлемнің отыз елінен сол темірді шикізат күйінде тасымалдап, одан дайын өнімдер шығарады. Бұл елде машина өндірісі, ауыр өнеркәсіп, кеме құрастыру, бизнес мықтап дамыған. Ал оған корейлер қалай қол жеткізіп отыр? Бір сөзбен айтсақ, кітап пен газетті көп оқиды, жаңалық атаулының бәрін солардан тауып, өндіріске енгізеді.

Кітап оқу тарихы, менің зерттеп білуімше, мұхиттың ар жағындағы Америка Құрама Штаттары елінен басталған сы­ңай­лы. Тарихқа жүгінсек, 1895 жылы сол елдің азаматтары – Тодд Бола, Рик Брукс есімді оқы­мыстылары баспа өнімдері мен әдебиетті кең насихаттау үшін көше кітапханаларын жасамақ болады. Қала көшелеріне кітап қоятын жәшіктер орнатады. Ал­ғашқыда онымен ешкімнің шаруасы болмайды, біреулер күліп өтеді, енді біреулері әлгі жәшіктерге келіп, қызықтай бас­тайды. Көп ұзамай кітап оқитын адамдардың қатары күрт өседі. Ал сол АҚШ бүгінде технологиясы дамыған озық елдердің қатарында тұр.

Иә, солай. Мен бұл елдердегі, әсіресе Батыс Еуропадағы адами қасиет, адамгершілік туралы ештеңе айтқым келмейді. Кей­бір ғалымдардың сөзіне сенсек, бұл елдер азып бара жатқан көрінеді. Осыған алаңдаған озық ойлы ғалымдары Шығыс елдері өркениетіне қарай ойыссақ деген пікірлер айтуда. Бәлкім, сон­дықтан да болар, қазақтың ақын-жазушылары, ғалымдары бұл мәселені ерте бастан-ақ кө­те­ріп, арнайы мақалалар, ғылыми ең­бектер жазып жүр. Ақын Ұлықбек Есдәулет былай дейді:

«Батысқа, балам, қызықпа, Бат­қан күн – біздің күніміз. Көкжиек деген сызықта, Сөнгенше ғана тіріміз».

Қазір әлемде интернет қол­данушы адамдар саны 3,5 млрд-тан асты дейді зерттеушілер. Оның пайдасы – мысалы, биз­нес­ті дамытуға, алыстағы ту­ған-туыстарымен хабарласып тұ­руға, т.б. салаларда қарым-қатыс жасауға игі әсер ететіні рас. Алайда соның осындай пай­да­сымен бірге зияны да бар­лығын бүгінгі жастар біле ме екен?! Әй, білмейді ғой, әйтпесе бір күн емес, айлар, жылдар бойы құ­лаққа тығып алған микрофон адам миының қабылдау қасиетін төмендететінін айтпағанның өзін­де, күндердің бір күні есту қа­бі­леті мен айналаңдағы өзгерістерді сара­лауға, тануға кері әсері барлы­ғын ғалымдар баяғыда айтып қой­ған-ды. Айталық, смартфон, ноутбук, планшет, тіпті теледидар экраны да адамды соқырлыққа ұшырататын көрінеді... Толедо уни­верситеті зерттеушілерінің мәлімдеуінше, экранның көгілдір жа­рығы сезімталдығы жоғары көз клеткасында токсинді моле­кулалардың түзілуіне ықпал етеді. Сөйтіп көруді нашарлатады.

Өз басым бұрын теледидардың көгілдір жарығы болатынын біл­мей­тінмін. Ал сол телефон­да да бар көгілдір жарық фото­рецепторлары көздің өте қатерлі дертіне – сарғылт таптың бүлі­нуіне әкеп соқтырады. Бір ғана АҚШ-та бүгінгі таңда 12 млн-нан астам адам осы сырқатқа шалдыққан. Ал бізде көгілдір жарықтың, дәлірек айтсақ қалта телефоны жарығын зерттеп, оның көгілдір жарығы орны толмас зиян келтіретінін айтып жатқан мамандар бар ма?. Әй, жоқ-ау деймін...

 

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

 Ақтөбе