Руханият • 07 Тамыз, 2019

Шашубайдың сырнайы

953 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балқаш қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде халық ақыны, әнші, композитор Шашубай Қошқарбайұлының қара сырнайы сақтаулы тұр. Даланың дарынды тұлғасы ұзақ уақыт жанына серік еткен сырлы аспапты мұражайға жергілікті өнертанушы Күләш Сардарбек табыс етіпті.

Шашубайдың сырнайы

 

«1973 жылы Балқаштың «Жұмыс­шылар» деп аталатын қонысындағы Шашубай ақынның үйіне барған едім, – деп өткенді еске алды өнертанушы. –Үйге кіріп келгенімде ақынның немерелері қара сырнайды сүйретіп ойнап жүр екен. Келіннен Шашекеңнің осы аспабын, орден-медальдары мен шапанын сұрап алып, музейде арнайы ашылған бұрышқа әкеліп қойдым. Гармоньға реставрация жасаттым. Шапаны кейін жоғалып кетіпті. Өзім есімі қазаққа мәшһүр Шашубайдың шапанының етегінде, тізесінде отырып, жыр тыңдаған адаммын. Өйткені ақын біздің үйге жиі келіп тұрды. Анамыз шебер тігінші еді. Шашекең айтысқа барарда арнайы келіп, киім тіктіретін. Сонда «Гармонь тартуды қаланың гармоньшы татарларынан үйрендім», деп отыратын».

Арқаның ардақтысы туралы ком­позитор Ахмет Жұбанов, ақын Әбділда Тәжібаев сынды ұлт зиялылары «Шашу­бай ат үстінде тұрып, баянмен ән сал­ғанда бет-аузын адам танымастай өзгер­тіп, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қал­­пағы төбесінде мөңкитін, таяғын си­­қыр­шыдай ойнататын», деп құнды ес­те­ліктер жазып қалдырған.

Ал ақын, әдебиет зерттеушісі Сағын­­ғали Сейітов Шашекеңнің сырнайда ойнауды жиырма үш жасында үйренгендігін «Сөйле, Шашеке» атты өлеңдер мен поэмалар жинағында келтіреді.

«Шашубай 1888 жылы жиырма үш жасында Уәли байдың баласы Сыздық пен Акбар деген ноғайға еріп, Қарқаралыға келеді. Олар Шашубайды қасына жақын етіп алып жүреді. Шашекеңе гармонь сатып әпереді. Бұлар Қарқаралыда екі айдай жатады. Қарқаралыда жүргенде Шашубай гармонь тартуды үйренеді. Қаланың гармоньшы жігіттерімен достасып, солармен бірге гармонь тартады. Қарқаралыда екі айдай болғаннан кейін Шашубай еліне қайтады. Баяғы қалпынша жиын-тойларға, ойын-сауықтарға қатынасып, өлең айтады, гармонь тартады», деп жазады әдебиет зерттеушісі.

Шашубай Қошқарбайұлы сынды исі қазаққа есімі мәлім өнер иесінің атақты «Кербез кер» әніндегі «Он екі взвод гармоньмен ән салғанда, қасыма қыз-келіншек үймелеген» дейтін өлең жолдарында айтылатын осы қара сырнай Балқаш музейінің басты жәдігерлерінің бірі ретінде келушілердің көзайымына айналған.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы