Бұл дегеніңіз, жеңілі бар, ауыры бар көліктер қаланы қақ жарып өтіп, көк түтінге тұншықтырып қана қоймай, жол қозғалысын да қиындатып жібереді деген сөз. Ауыр жүк көліктерінің қала ішіндегі жолдардың быт-шытын шығарып жіберетіні де – өз алдына бөлек әңгіме.
Міне, осы шетін мәселенің түйінін шешу мақсатында Солтүстік-Шығыс айналма жолын салу қолға алынған болатын. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 48,4 шақырымды құрайды. Айналма жол құрылысымен түріктің «СинеМидасСтрой» ЖШС және Алматының «Мостостроительный отряд им.Рязанова А.» ЖШС айналысып жатыр.
Қазіргі таңда облыс әкімдігі бұл жол құрылысының сапасына қатты мән беріп отыр. Мұның жауапкершілігін жол салып жатқан мердігер компаниялар да жақсы сезінеді. Мысалы, «СинеМидасСтрой» ЖШС-ның өкілі бұл турасында былай деп мәлімдеме жасады:
– Жолды жоспар бойынша белгіленген мерзімде тапсырамыз деген үміттеміз. Компаниямыз сапаға жұмыс істейді, сондықтан кепіл мерзімінде жол жабынына қатысты ешқандай проблема туындамайтынына сенімдіміз. Себебі жолдың ең үстіңгі қабаты бетонмен емес, 1-санатты асфальтпен жабылады.
Сапа демекші, осындайда Теміртау мен Қарағандының арасын жалғайтын алты жолақты күре жол құрылысының басындағы жағдай еске түседі. Жалпы, аталған қалалар арасындағы жолмен күніге 30 мыңнан астам автокөлік жүріп өтеді екен. Сол себепті жолдың жабыны да бірнеше қабат бетоннан салынып, мол нөпірге төтеп бере алатындай болып барынша берік істелген болатын. Өкінішке қарай жолдың бетон төсеніші кеппей жатып, асфальттың бетінен ұзыннан ұзақ созылған жарықшақтар пайда болды. Мамандар мұндай проблеманың қайдан ғана шыққанын біле алмай, бір жыл бойы себебін іздеп, әуре-сарсаңға түсті.
Айналып келгенде, арнайы құрылған комиссия тексерісінің қорытындысы бойынша бәріне кінәлі мердігер компания болып шықты. Сөйтсе, құрылыстың технологиясы әу баста дұрыс сақталмаған екен. Атап айтқанда, жол табанындағы топырақ дымқыл болған. Сөйтіп 9,5 млрд теңгеге салынған күрежолдың әлгі проблема туындаған 5 шақырымға жуық жерін мердігер фирма «Сей Сер» ЖШС қайта салуға мәжбүр болды. Соның кесірінен былтыр пайдалануға берілмекші аталған жолдың тапсырылу мерзімі кейінге шегерілген болатын. Мердігерлер енді бұл аса маңызды нысанның құрылысын биылғы қазан айында бітіреміз деген уәде беріп отыр.
Ал Солтүстік-Шығыс айналма жолы биыл қараша айында тапсырылады деп жоспарланған. Аталған нысан пайдалануға берілгенде кеншілер астанасының бірнеше проблемасы шешімін таппақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қала ішінде кептеліс азайып, шаһардың экологиялық ахуалының да оңалатыны сөзсіз. Бұдан бөлек, Қарағандыны басып өтетін автокөліктер тасқыны да уақытты жоғалтпай, қысылып-қымтырылмай, қала сыртымен емін-еркін өте береді. Сонымен қатар айналма жолдың бойында шағын және орта бизнес өкілдері үшін кәсіптерін дөңгелетуге де мол мүмкіндік туып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды айналма жолының уақыт талабымен үндескен ілкімді жоба болатыны сөзсіз. Тек, талай күрделі мәселенің түйінін шешетін күрежолдың сапасы күмән келтірмесе болғаны.
ҚАРАҒАНДЫ