Мәміле алаңында ілгерілеу бар
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 8:01
Жаһандық деңгейдегі бәтуалы іске бел шеше араласқан Қазақстан елдігімізге сын болған кезекті істі абыроймен атқарды деп айтуға енді толық қақылымыз. Кеше Алматыда Иран ядролық бағдарламасына байланысты Е3/EU+3 пішініндегі халықаралық келіссөздер аяқталды. Қалай десек те, келіссөздердегі нақты ұсыныстар сөзбұйдаға салынған жоқ, ілгерілеу бар. Оның айғағы, екі тарап та сәуір айында Қазақстанда қайта кездесуге уағдаласып тарқасты.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 8:01
Жаһандық деңгейдегі бәтуалы іске бел шеше араласқан Қазақстан елдігімізге сын болған кезекті істі абыроймен атқарды деп айтуға енді толық қақылымыз. Кеше Алматыда Иран ядролық бағдарламасына байланысты Е3/EU+3 пішініндегі халықаралық келіссөздер аяқталды. Қалай десек те, келіссөздердегі нақты ұсыныстар сөзбұйдаға салынған жоқ, ілгерілеу бар. Оның айғағы, екі тарап та сәуір айында Қазақстанда қайта кездесуге уағдаласып тарқасты.
Әлемдік деңгейдегі мәміле алаңына айналу Қазақ елі үшін, әрине, үлкен сынақ. Төрткүл дүниенің әр шалғайындағы сұңғыла саясаткерлер, халықаралық сарапшылар сегіз айға созылған үнсіздіктен кейін Иран тарапы ымыраласатын жер үшін ең ыңғайлысы деп Қазақстанды таңдауының астарында да үлкен мән жатыр.
Әйтпесе, бұл келіссөздер қаңтардың аяғында Ыстамбұлда өтуі керек еді. Сириядағы оқиғалардан кейін Түркия мен Иран арасына сызат түскенін байқаған халықаралық қоғамдастық атынан Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонның келісетін жер үшін Қазақстанды ұсынуы барлық тараптың көңілінен шықты. Оның үстіне өз аймағында тыныштықтың бұзылмауына мүдделі болып отырған бізге де бұл түйткілдің бейбіт жолмен табысты шешілгені ауадай қажет екенін кім жоққа шығара алады? Халықаралық қоғамдастықта айтарлықтай бедел жинап үлгерген Қазақстанмен қарым-қатынасын жақсарта түсу пайда әкелмесе, зиянын тигізбейтінін Иран да, әлбетте, түсінеді. Бұл екі ел өз қарым-қатынасында прагматизмге сүйенетінін де сырт көз біліп отыр.
Сондықтан тұрысатын жер Қазақстан болғанда ядролық бағдарламасын табандылықпен қорғап отырған Теһран өзін қай жағынан да қолайлы сезінуі тиіс еді. Солай болды да. Араағайындықта жүрген «алтылық» сияқты біздің ел де бұл Иран мәселесіне нүкте қойылып, аталған елдің халықаралық қоғамдастықпен бітімге келгенін қалайтыны айдан анық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың желтоқсанында Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы мәселені тек қана дипломатиялық әдістермен шешуге шақырған болатын. Иранмен алыс-берісі үзілмеген Қазақстан да тек бейбіт мақсаттағы уран байыту жағында екенін түпкілікті мәлімдеген және бұл ұстанымынан тайқымақ емес.
Айтқандай, 2006 жылы Қазақстан Президентінің Иран Президенті Махмұд Ахмадинежадқа жазған хатын осынау келіссөздер сөзсіз еске түсіреді. Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның ұстанымы басқа елге қарағанда құлаққа қонымды екенін кім жоққа шығара алмақ.
Бұл мәселедегі Нұрсұлтан Назарбаевтың уәжі әлдеқайда сенімді шығатынын азулы саясаткерлердің бәрі де мойындағанын біз айтпасақ та, келіссөздер барысын насихаттауға келген шетелдік журналистер тілге тиек етуде. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы наурызда «New York Times» газетіне «Иран Қазақстаннан не үйрене алады?» («What Iran Can Learn From Kazakhstan») атты мақаласы сан тілге аударылды. Каспий теңізі жағалауындағы барлық көршілерімен дипломатиялық қарым-қатынас ұстанып келе жатқан Қазақстан Теһранды да осы соқпақпен жүруге шақырады. «Алтылықтың» ыңғайына жығылатын әлемдік БАҚ өкілдері мұны еске салуды артық көрмейді.
Осы ретте егер Иран түпкілікті түрде тек бейбіт мақсатта азаматтық ядролық бағдарлама жүргізуге көніп, олар МАГАТЭ инспекциялары мен тексерулеріне құрылған режімге мойынсұнса, онда ол қазақстандық уранды сатып алатын маңызы бөлек сатып алушылардың қатарына қосылатындығын айтпай кетуге болмас. Өйткені, Қазақстан уран экспорттауда жетекші елдердің қатарында және бұл саладағы отынды және басқадай қызметтерді, әсіресе, Азия елдері мен Таяу Шығысқа саудаға шығаруға мүдделі. Дегенмен, МАГАТЭ Иранның ядролық бағдарламасына қырын қарап отырған қазіргі кезде Теһран бізден уран сатып ала алмайды.
Тіпті, Қазақстан 2011 жылы Иранның ядролық бағдарламасы (ИЯБ) айналасындағы шиеленісті шешіп, Иранның ядролық қызметтерге қажетті сұраныстарын қанағаттандыру үшін ресми түрде әлемде бірінші рет МАГАТЭ бақылауымен өзінде «ядролық отын банкін» орналастыруға өтінім түсіргені белгілі. Мұндай банк бейбіт түрде атом энергиясы бағдарламасын жүргізіп отырған елдерге ядролық отын және басқа да қызметтер ұсына алған болар еді. Мұның да өз тиімділігі бар. Уранды байыту арқылы алынатын отын оны қажет етіп отырған мемлекеттерге экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да пайдалы. Мәселен, қолданыста болған ядролық отынды қайта өңдеу, яғни байыту технологиясын ядролық қару жасау үшін де пайдалануға болады. Осы түйткілді тарқату үшін Елбасы Қазақстанда осы банкті орналастыруға мүдделі екенін ашық мәлім етті. Мұны біз Назарбаев пен Ахмадинежадтың 2009 жылғы бірлескен баспасөз мәслихаты кезіндегі мәлімдемелерінен келтіріп отырмыз. Ал қазіргідей онсыз да мазасыз әлемде төрткүл дүниені алаңдатып тұрған, адамзат баласын қанға қайта бөктіруі әбден кәдік көкейкесті мәселені шешу үшін Қазақстан мен оның басшысы қолынан келген әрекеттің бәрін жасап жатқаны халықаралық қоғамдастық тарапынан тиісті бағасын әлі де алады.
Енді қазірдің өзінде-ақ «Алматы келіссөздері» деген атауға ие бола бастаған «алтылық» пен Иранның төртінші рет тоғысуы қаншалықты табысты өтті? Келіссөздердің алғашқы күнінде бас-аяғы 300-ге барып жығылатын Қазақстан мен шетелдік журналистер төзімі таусылғанша кез келген тараптың қандай да бір мәлімдеме жасауын күтудей күтті. Түн ортасына тақағанда ғана Еуроодақтың бас өкілінің баспасөз хатшысы Майкл Манн байланысқа шықты. Ол Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің бірінші күні «пайдалы» өтті деп қысқаша дәйектеме жасады.
– Біздің ұсынысымыз сағат 13.30-да пленарлық отырыста айтылды. Екі жарым сағат осы ұсыныс талқыланды. Одан кейін ирандықтар біздің ұсынысымызды қарауға шықты. Түстен кейінгі уақытта және кешке талқылаулар одан әрі жалғасты. Ертең тағы бір кездесу болады, онда біз өзіміздің ұсынысымызға анағұрлым толық жауап аламыз деп үміттенеміз. Келіссөздер пайдалы өтті деп есептейміз, – деп журналистерді тарқатқан Еуропалық Одақ өкілі тараптардың ұсыныстарын нақтыламаған-ды. Майкл Манн әріптестеріміздің сұрақтарына жауап бере келіп, талқылау тек Иран ядролық бағдарламасы бойынша ғана жүргізілгенін жеткізді. Иран жағы біздің ұсыныстарымызға икемділікпен қарап, оң көзқарас танытады деп үміттенеміз, деген сөзінен танған жоқ.
Сонымен, сәрсенбінің де таңы атып, келіссөздер жалғасатын кез келді. Оның алдында Кэтрин Эштон: «Біз әлемдік қоғамдастықтың Иран ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылығын азайтып, істі ілгерілетуді мақсат тұтып келіп отырмыз. Қазақстандағы келіссөздер сол кездесулердің жалғасы, – деді. – Біз мұнда Иранмен мазмұнды жұмыс істеу үшін әбден електен өткен ұсыныстарымызбен келдік. Мақсатымыз – ұсынықты да жемісті үнқатысу. Оған қоса, отырыстардың аяғына қарай істі ілгерілетуге ұмтылатын боламыз». Сол сияқты, әлемдік саяси аренада болсын, Иранның өз ішінде болсын жағдай өзгеріп отырғанын жеткізген Эштон ханым осының алдындағы Е3+3 пішініндегі үш келіссөзде талқыланған мәселелерді, МАГАТЭ-мен өткізілген талқылауларды қаперде ұстау керектігін атаған-ды. Әрине, мұның бәрі қайта қаралған ұсыныстарда әбден ескерілген. Еуроодақтың жоғарғы өкілі Иранмен келіссөздер жүргізіп отырған «алтылық» бірауызды екенін және ұстанымдары да бірегей екенін мәлімдеп өтті.
…Кеше түс ауғанда баспасөз брифингіне бірінші болып Иран тарапы келді. Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили ымыраға шақырған кез келген ұсыныс, оның ішінде сенімді нығайтуға тең болып табылатын транспаренттілікті қамтамасыз ету Иран Ислам Республикасының құқықтарын тануға негізделуі тиіс, оның ішінде уран байыту да бар, деді. «Біз Мәскеуде ынтымақтастық жағына шығаратын нақты бір қадамдар жасауға дайын екенімізді мәлімдеген болатынбыз. Ондай қадамдардың бірі – осыдан 3 жыл бұрын Женевадағы келіссөздер барысында біз өзімізге реакторға арналған отын сұрағанбыз. Өкінішке қарай, біз бұл отынды ала алмадық. Сондықтан оны өзімізде дайындауға тура келді. Яғни, реакторлар үшін бізге 20 пайызға дейін байытылған уран керек болды. Біздің оған құқымыз бар», деген Джалили ирандықтардың сеніміне ие болу үшін қысым көрсетуді тоқтату керек деген ойын атап айтты. Қысқасы, Иран тарапы әлемдік қоғамдастық конфронтациялық қарым-қатынасты доғаруы керек деп біледі.
– Алматы келіссөздері кезінде бұрынғыға қарағанда күнделікті өмірге жақын ұсыныстар жасалды, – деді Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили. – Қазақстанға осы келіссөзді Алматыда ұйымдастырғанына алғысымыз шексіз. Оны, әсіресе, жоғары мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқым келеді. Осыдан 9 ай бұрын Иран Мәскеудегі келіссөзде өзінің нақты танымдарын ұсынған болатын. Онда ынтымақтастықтың 5 құрамы және 6 қағида мен нысаналар көрсетілген еді. Кешегі қарымта сөзде бұрынғыға қарағанда ойымыздан шығатын ұсыныстар болды. Оның айтуынша, бұл жолғы ымыралы әңгімелер текке өтпеген. Бұл кездесудің жарқын тұстары бар. Арадағы сенімділікті ұлғайту үшін 5+1 пішініндегі келіссөздерді жалғастырып, келесі 6 айда тағы да қадамдар жасалуы керек. Сондықтан 18-19 наурызда Ыстамбұлда сарапшылар кездесуі шақырылады. Содан кейін, яғни 5-6 сәуірде келіссөз Алматыда қайта жалғасады.
– Бұл келіссөзде ілгері басу бәрімізге де ауадай қажет, – деді өз кезегінде Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон. – Саид Джалили мырза келіссөз табысты өтті десе, оған мен де қосыламын. Жоғары мәртебелі сарапшылардың Ыстамбұлда наурыз айында өтетін кездесуінің нәтижесінен кейін енді қаншалықты ілгерілейтінімізді көреміз. Біздің ұсыныстарымыз біршама сенім орнатуға мүмкіндік беруде деп білеміз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.