Экономика • 12 Тамыз, 2019

Қазына қазанын толтыруға сүбелі үлес қосуда

417 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде салық органдарын қайта құру тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға көшумен сабақтаса жүргізілді. Сөйтіп Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Қазақ КСР Басты мемлекеттік салық инспекциясы құрылды. Биыл салық қызметінің құрылғанына 28 жыл толып отыр.

Қазына қазанын толтыруға сүбелі үлес қосуда

Жалпы, 1991 жылға дейін салықтар бөлу-фискалдық функ­циясын орын­дағанын, өндіріс тиімділігінің өсуін, жаңа технологияларды ен­гізуді, тауар өнімін шы­ға­ру­ды ұлғайтуды ынталан­дыр­ма­ғанын атап өту қажет. Салық тө­леуші жұмысының тиімділік дәрежесіне қарамастан, са­лықтар бюджетке автоматты түрде аударылған болатын.

Біз АҚШ, Ұлыбритания, Гер­ма­ния және басқа да да­мыған елдердің тә­жірибесін зерт­теп көрдік, бұл зерттеулер салық жүктемесі салық төлеушінің тиімділігі және табыстылығымен мөл­шер­лес болуы тиіс екенін көрсетті. Біз­дің алдымызға нарық талаптарына сай, өндірісті дамытуға мүмкіндік беретін Салық кодексін әзірлеу нақты міндеті қойылды. Осылайша ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда 1995 жылғы 24 сәуірде Салық кодексі қа­был­данады. Бұл салық салудың кеңестік жүйесінен айтарлықтай ерекшеленетін жаңа жүйе құруға бағытталды. Жаңа құжат бойынша салық пен алымдар саны 55-тен 11-ге дейін қысқарды. Қа­зіргі қолданыстағы салық заң­намасында сабақтастық сақталғанын, яғни ел экономикасын дамыту үшін жағдай жасайтын 1995 жылғы салық салудың барлық базалық қағидаттары сақталғанын атап өткен жөн.

Салық реформасы жүр­гізілгеннен кейін бюджет түсімдері айтарлықтай артты. Алайда, мемлекеттік қа­зынаны толықтыру кезінде біз салықтық әкімшілендіру қиын­дықтарына тап болдық. Ел енді ғана тәуелсіздік ал­ған уақыт, экономикалық дағ­дарыс күшейіп, инфляция бір жыл ішінде 2000 %-ға жетті. Соған қарамастан, еліміздің салық жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп отырды. Бұл істе бай кәсіби тәжірибесі бар са­лық қызметі органдары ар­дагерлерінің еңбегі зор.

2008 жылғы 14 қаңтарда Қар­жы министрлігі Салық коми­тетінің көмегімен са­лық қызметі аумақтық орган­дары арда­герлерінің қа­ты­суымен «Салық қызметі ор­гандарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезі өткізілді. Онда съезге қатысушылар ар­дагерлер ұйымын құру туралы шешім қабылдады. 2008 жыл­ғы 13 ақпанда «Салық қыз­меті органдарының арда­герлері» республикалық қо­ғам­дық бір­лестігі Әділет ми­нистрлігіне тіркелді. Бар­лық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында бір­лестіктің филиалдары құ­рыл­­ды, Ұйымның жарғы­сына сәй­кес қоғамдық бір­лестіктің фи­лиалы туралы ереже мен бірлестіктің жарғысы бекі­тіл­ді. 11 мүше­ден тұратын ат­қарушы комитет және «Салық қызметі органдарының ар­дагерлері» РҚБ президенті сай­ланды. Ұйымның жұмысы Мем­лекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарының кадр бөлімшелерімен келісіліп әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Салық қызметі ор­гандарының ардагерлер ұйы­мының жалпы саны 2019 жыл­дың 1 ақпанында 1500-ден астам адамды құрады.

Қоғамдық бірлестік жұмы­сындағы басым бағыттар – ең алдымен, ардагерлер ара­сындағы қарым-қатынас, қа­жет болған жағдайда құ­қық­тық, моральдық және материалдық көмек көрсету, жас қызмет­керлерге патриот­тық және адамгершілік тәр­бие беруде МКК депар­таменттерімен өзара тығыз іс-қимыл. Облыс бойынша ұйым ардагерлері жас қыз­меткерлерге тәлімгер болып, қызметкерлерді кәсіби даярлау және бұқаралық ақ­парат құрал­дарында МКК департаменттерінің оң имид­­жін қалыптастыру шең­бе­рінде сабақ­тар өткізеді. Аза­маттардың құқықтық тәр­­биесіне және қоғамдық өмі­ріне біздің филиал­дарымыз орналасқан қалалардың аума­ғында қатысады.

Облыс бойынша арда­герлер Nur Otan партиясы фракциясының өкілдері ре­тінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және партиялық бақылау жөніндегі түрлі ко­миссиялардың құрамына кіреді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің мү­ше­лері болып саналады. Қа­зіргі уақытта қол жеткен жетістікпен тоқтап қал­ма­уымыз керек. Әлемдік дағдарыс пен тұрақсыз халық­аралық жағдай осы күрделі кезеңде қиындықтарды ең­серу мен өмір сүру үшін біздің алдымызға маңызды міндеттер қояды. Біз, салық қызметінің ардагерлері, қа­зір де мемлекеттік салық қыз­меттерін жақсарту және парасатты салық төлеушілерді қол­дау бойынша салық саласында шетелдердің неғұрлым тиімді тәжірибесін енгізуге тиіспіз деп есептейміз.

28 жыл ішінде республи­када оң сая­си және экономика­лық өзгерістермен қатар са­лық салу жүйесіне байланыс­ты мәселелердің ауқымы өз­геріп, айтар­лық­тай реформа­ланды. 2014 жылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірі­стер комитеті құрылды, оған салық және кеден қыз­меттері біріктірілді. Бұрын 2 комитет қазынаны толықтыру мәселелері бойынша белсенді іс-қимыл жасаса, қазір комитетке біріктірілген қызметтің тиімділігі артты. Салық қыз­метінің ардагерлері Мем­лекет­тік кірістер комитетін құ­ру жө­ніндегі жаңалықты қуа­на қабыл­дады. Жұмыс биз­нестің дамуына кері әсерін тигізбейтін өркениетті тәсілдерді ескере отырып, тиімді әрі үйлесімді түрде жүргізілетініне сенім­діміз.

Мемлекеттік кіріс орган­дары 2025 жылға қарай ІЖӨ-ге қатысты қатынаста салықтардың жиналуын 25%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру есебінен 2025 жылға қарай түсімді 5,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.

Салық және кеден ақпарат­тық жүйе­лерін біріктіру Қазақ­стан аумағында импорттан немесе өндірістен бастап түп­кілікті сатуға дейінгі тауар қозғалысының толассыз мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мұндай жүйе көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, сон­дай-ақ тауарларды жеткізудің бар­лық тізбегін бақылай отырып, ел бойынша тауарлардың бағасын белгілеуді тал­дауға мүмкіндік береді. Тағы бір жетістік ретінде үлкен деректер массивін талдау­ не­гізінде жүргізілетін ж­әне салық төлеушілерді санат­тауға мүмкіндік беретін ав­томаттандырылған жүйені атауға болады. Осындай баға­лаудың нәтижелері бойынша парасатты салық төлеушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінде мемлекеттік кіріс органдары уақытпен бірге дамып, нарық сын-қа­терлеріне батыл жауап бе­ретін кәсіби қызмет. Салық де­кларацияларының 85%-дан астамы электронды түрде ұсынылады, мемлекеттік қызметтердің 90%-ы онлайн түрде көрсетіледі.

Бүгінде еліміздегі салық жүйесінде әлемде бар ең озық заңнамалық құрылым­дар қолданылады. Егер салық жүйесіне енгізілген заманауи құрылымдар туралы айтатын болсақ, еліміз әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Соңғы жылдары әкім­ші­лендіруде талдау мен ин­но­вацияға, бизнесте түсінікті және ашық іскерлік орта құруға баса назар аударылуда. Осылайша МКК бақылау жұмысының тұжырымдамасы қайта қаралды, талдау бөлігіне және жаңа ақпараттық технологияларды ен­гі­зуге басымдық берілді. Бұл бизнесті тек­серуді азайтуға және бақылау-қада­ғалау қызметінің тиімділігін арттыруға мүм­кін­дік бер­ді. Жалпы адал салық төлеу­ші­лерге қатысты әкімшілік жүктемені адал емес салық төлеушілерді бақылауды кү­шейту есебінен төмендету мәселесі шешілді.

Мемлекеттік кірістер ко­митеті қыз­мет­керлерінің күш-жігерінің нәтижесінде 2018 жылы бюджеттің барлық дең­гейі бойынша кірістер жос­пары асыра орындалды (Мемлекеттік бюджет – 102,5%, республикалық бюд­жет – 102,3%, жергілікті бюджет – 103%). Бюд­жеттің кірісі (трансферттерді есепке ал­мағанда) 8,2 трлн теңгені құрады, бұл жос­пардан 194 млрд теңгеге артық. Был­тыр республикалық бюджетке 5,8 трлн теңге түсті. Бұл да жоспардан 130,3 млрд теңгеге артық, 2017 жылғы көрсеткіштен 836 млрд теңгеге көп екенін айта кетейік.

Былтыр  Ұлттық қорға 5,8 трлн теңге түсті, оның 3,2 трлн теңгесі – мұнай сек­торы ұйымдарынан түсетін тікелей са­лықтар түсімдері есебінен, 2,5 трлн-ы – ин­вес­тициялық кіріс есебінен, 21,6 млрд теңге қаржы басқа түсім­дер есебінен бол­ды. Бұл Мемлекеттік кірістер коми­теті­ мамандарының заман талаптарына сай­ білікті жұмыстарының нәтижесі деу­ге болады.

Биыл Мемлекеттік кіріс­тер коми­тетінің құрылға­нына бес жыл толмақ. Жал­пы, мемлекеттік орган қыз­меткерлері мемлекеттік қазы­наны толтыруға сүбелі үлес қосуда.

 

Алданыш НҰРЫМОВ,

экономика ғылымдарының докторы, «Салық қызметі органдарының ардагерлері» РҚБ президенті