Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Дала өрті дамыл бермей тұр

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Ресейдің Сібір өлкесіндегі бір Бельгия мемлекетінің көлеміндей аумақты шарпыған алапат өрт төрткүл дүниені алаңдатқаны белгілі. Көрші елдегі тілсіз жаудың көк түтінінің лебі бізге де жеткенде «осындай жағдайға қаншалықты дайынбыз?» деген сауалдың туындағаны рас.

Дала өрті дамыл бермей тұр

Міне, бірнеше аптадан бері елімізде ми қайнатар ыстық толастамай тұр. Қапырық ауаның кесірінен өңірде өрт оқиғалары да жиілеп кетті. Әсіресе ашық алқаптардағы құрғақ шөптің жану деректері соңғы күндері көп тіркеліп отыр. Облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің таратқан деректеріне сүйенсек, аймақта тек екі тәулікте 10 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт сөндірушілер төрт бірдей ауданда айтып келмейтін апатпен арпалысыпты (Жарма, Аягөз, Бесқарағай және Семей шаһарының маңы).

«Осы күндері облыс бойынша құрғақ шөпті сөндірумен жеке құрамның 42 адамы мен 10 арнайы техника жұмыс істеді. Бұл жұмысқа шаруа қожалықтары мен орман шаруашылықтарының 30-ға жуық қызметкері де жұмылдырылды» дейді облыстық Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің маманы Анастасия Скляр.

10 тамызда Күршім ауданының Құйған ауылынан 15 шақырым жерде өрт шығып, 800 гектар аумақ қызыл жалын құрсауында қалғаны, оны сөндіруге төтенше жағдай, жергілікті атқарушы органдар және орман шаруашылығы тарапынан 39 адам мен 9 арнайы техника жұмылдырылғаны туралы ақпарат тарады.

«Сақтансаң – сақтайды» дейтін халықпыз. Ал өрттен қалай сақтануға болады? Дала өртінің тұтануына не себеп? Облыстық Төтенше жағдай департаментінің мамандары дала өртінің шығуына негізгі екі себеп барын, бірі адам­дардың абайсыздығы, екіншісі найзағайдың түсуі екендігін айтады. «Орман алқаптары күн сайын ғарыш арқылы бақыланады. Ал соңғы апталардағы құрғақ шөптің жану деректері тіркелгенімен ешқандай материалдық шығын келген жоқ. Өрт елді мекендерден алыс аумақта. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Кейде малшылар мал қарап жүріп мінген техникасының мұржасынан ұшқын түскенін өзі де аңғармауы мүмкін. Кейбір адамдар терезеден шыны бөтелкені лақтырып кетеді. Әйнегінің күнге қызуынан қураған жапырақта от тұтануы әбден мүмкін. Аңшылар немесе жай адамдар далада оқ атуы мүмкін. Оқ қалдығынан да от шы­ғады. Осының бәрі өрттің шығуы­на себеп болады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарына егістік алқап­тарына жұмыс істеуге шығар алдын­да ауылшаруашылық техни­ка­ларының жағдайын мұқият тек­сер­тіп алса дейміз», дейді А.Скляр.

 

ӨСКЕМЕН