Шынында да зиялы адам деп кімді айтамыз? Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде «Зиялы араб сөзі «ізетті, әдепті, сыпайы» ұғымында, сондай-ақ ауыспалы мағынада оқыған, сауатты азамат, интеллигенция» деп көрсетілген. Ірі ғұлама ғалымдардың пікіріне сүйенсек, зиялы кісі үнемі ізденісте жүретін, жоқтан бар тұрғызатын, сол жиналған рухани байлықты кәдеге жарататын, бейнелеп айтсақ, жеке-жеке кірпіштен үй тұрғызатындар. Олар идея ұсынады, болашаққа мегзейді, отандық деңгейдегі ұлы істерге себепші, қажет болып жатса, соның бастауында бола біледі. Бұларды ғылыми тілде ұлттың элитасы дейді. Элита – ұлттың жай қаймағы емес, балқаймағы.
Осы орайда Желтоқсан оқиғасы ойға оралады. Араға апта салмай Колбин Алматының зиялы қауымының белді деген өкілдерін жинап, оқу орындарына барып, үкіметті қолдап, үгіт-насихат жүргізуді сұраған еді деп еске алады сол күндерді жазушы, атақты партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыз. Бірақ мен ешбір оқу орнына бармадым. Жазушылар одағындағы жиналыста да мінберде сөйлеп болып, шығар есікке таянғанда:
«Мен бұл қорлықты көргенше соғыста өлуім керек еді», дегенді айтқан Жұбан Молдағалиевтен өзге республика партия ұйымының жаңа басшысына тікелей қарсы сөйлеген ешкім болмады. Қайта «мен сізбен бірге көшеде жүруге әзірмін. Сізге ешкімнің тиіспейтініне кепілдік беремін» деп жағынып қалғысы келген жазушылар да болды. Компартияның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған шақта КСРО Жоғары Кеңесі сессиясында «Арал туралы айтамын» деп мінберге шығып, Желтоқсан шындығын әлемге жария еткен ақын, депутат Мұхтар Шахановтың ерлігін әсте ұмытуға болмас», деп мақтан етеді Қасым Қайсенов. Көзі қарақты оқырман ақыл-парасат иесі, ел мүддесі, халқының қамы жолында аянбай еңбек етіп, әділеттің ақ жолынан таймай жүрген тарландар барынан хабардар деп білемін. Иә, олар ел мүддесін, жер мүддесін қорғауға жанын салып, әділеттің ақ жолынан тайған емес.
Несін жасырамыз, ел ішінде Кеңес дәуірінде шен тағып, шекпен кигендер, жалған беделге ие болғандар аз емес-тін. Солардың кейбірі «Біздің кезімізде тәртіп керемет еді ғой, уақытпен санаспай жұмыс істедік емес пе десе, енді біреулері «Мен бірінші секретарь болып тұрғанда, обкомда істеген кезімде, директор болғанымда...» деп бөсіп жатады. Енді бір басшысымақтар туристік жолдамамен шетелде болғанын мақтан етеді. Мұхиттың арғы бетіндегі Аустралия елінде болғанын, Үндістанда кілем жабылған пілдің үстінде суретке түскендерін аса бір мәртебе санап, мақтанышпен еске алады. Бұлар да өздерін зиялы қауым өкілдеріне жатқызады. Ондайлардың басым көпшілігі әкімдер мен лауазымды шенеуніктерді жағалап, жетім қозыдай тіміскіленіп, қарақан қара басының қамын күйттеуге бейім.
Ақ сақалды абзал жандар дегенде көз алдыңа жүзінен иманы төгілген, көкірегі қазына, ақ сақалы аппақ арының белгісіндей, сөзі дуалы кісілер елестейді. Нағыз зиялы сөзімен де, іс-әрекетімен де ерекшеленеді, сонысымен танылады. Ел зиялысыз болмайды. Халықты тәрбиелеу зиялылардың ісі деген екен орыс ойлыларының бірі Василий Ключевский. Еліміздің ары мен намысын қорғап, оның мерейі үстем болуына тер төгіп, қажымай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Рас, зиялы қауым өкіліне жататын кісілер де әртүрлі келеді. Олардың арасында ұлт қасіретіне айналып отырған, арақ-шарапқа әуестер де кездесіп қалатынын қайтерсің.
Зиялы деп жүргендердің арасында өзінің отбасын басқара алмай масқара болып жүргендер де жоқ емес. «Жас иіске» елтіген олар сүйікті жарын, бала-шағасын ұмытып, уақытша сауық-сайранды қызықтап жүргендері. Ал билік басында отырған жігіттердің кейбір келеңсіз іс-әрекетін естігенде налып, шіркінге не жетпейді екен деп жаның күйзелетін кездер болады. Мұндайда тектінің тұқымы артық асап, арам құспаса керек еді деген ой оралады.
Бүгінде елімізде жемқорлық пен парақорлық кең етек алуда. Пәленше, түгенше пара алу үстінде ұсталыпты дегенді газеттен оқып жатамыз. Біз білетін, өзін қадірменді қарттар санатынанмын деп есептейтін бір замандасымыздың күйеу баласы, баласы жемқорлықтың кесірінен жауапқа тартылып, жазасын өтеуде. «Пара алуды баюдың тура жолы деп білетін лауазымды тұлғалар ештеңеден қаймығып, қысылмайды. Шынына келсек, «Қанша алсаң да айлық, бола алмайды байлық» дегені бар Қадыр Мырза Әлінің. Әркім өзінен жоғарыға қарайды, тұрмыс-дәрежесі сонымен теңдес болса деп армандайды. Сөйтіп жүріп істі болып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын білмей де қалады. Бос мадаққа масайрап, үй-жайы, дүние-мүлкіне таңғалып, таңдай қаққандардың мақтауына мәз болады олар. Осы орайда ұлы Абайдың мына бір дана сөзі есіңе түседі:
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Бүгінде ел басқару ісіне жастар белсене араласуда. Мемлекеттік құрылым жүйесінде іскер, білімді де білікті жігіттер жетіп-артылады. Биылғы жыл Жастар жылы деп бекер аталмаса керек. Бұлар бүгінгі зиялы қауымның ізбасарлары, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін қызмет жасап жатқан өнерлі де өрелі жастар. Бұлар жайлы дана халқымыз:
Жасы кіші ініні
Ақылы артса, аға тұт,
Жасы үлкен ағаны,
Жақсы сыйлап, жаға тұт, – деген ғой.
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,
Қазақстанның құрметті журналисі