Алматыда 50 мыңнан астам ағаш апатты жағдайда тұр. Ал жарты миллионға жуық тал ауру деп танылған. Емдеуді қажет ететін ағаштардың дені Түрксіб пен Наурызбай ауданында өсіп тұр. Қазір қала билігі оларды жеке тексеріп, минералдық тыңайтқыштармен емдеуді қолға алмақ.
Сондай-ақ, мегаполисте жасыл желектің санын көбейту көзделіп отыр. Осыған орай, күзде Jasyl Almaty үш жылдық жобасы басталмақ. Оның аясында қала бойынша кем дегенде миллион түп ағаш отырғызылады. Ең алдымен Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарындағы талдарды көбейту жоспарланған. Жасыл экономика басқармасының мамандары ағаштарды Индустриялық аймақ маңына отырғызатынын жеткізді. Бірақ қала әкімі алдымен халық көп шоғарланған жерлердегі жасыл желектің санын көбейтуді тапсырды.
«Ең алдымен адамдар тұратын жерге отырғызу керек. Алатау ауданының халқы не деп жатыр? Далаға шыққанда көлеңке жоқ, өйткені тал жоқ, саябақ жоқ дейді. Сол себепті олар күннің аптап ыстығында отыруға мәжбүр. Тіпті орындықтар, балалармен қыдыратын жер жоқ дейді. Ал шын мәнінде тал егем дегендер болса, бос жер толып жатыр. Сондықтан мамандармен ақылдаса отырып, қаланың көркін келтіретін, әрі жасыл желек болатындай жерге егу керек», деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан бөлек, мамандар Алматының экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстарды әрмен қарай жалғастырмақ. Автобустарды 100 пайызға жаңарту мен троллейбус паркін реттеу, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды жылына 630 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қалааралық қоғамдық көліктерді жаңарту мен жекеменшік секторды толыққанды газға қосу мәселесі де пысықталуда. Ал қала көркін бұзатын сұрықсыз қоқыс контейнерлерін бір үлгіде етіп, жеке тұрғын үйлердің қасына да орнату қарастырылуда.
АЛМАТЫ