100 • 20 Тамыз, 2019

«Ұшқын»: Мұғалім дайындауға үш жылдан бері қазақтың әр облысы дерлік кірісіп жатыр

468 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа айдардың кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. «Оқуға, қатынасқа» мақаласы 1920 жылы «Ұшқын» газетінің №37 санына шыққан.

«Ұшқын»: Мұғалім дайындауға үш жылдан бері қазақтың әр облысы дерлік кірісіп жатыр

Оқуға, қатынасқа

Бұл күнге шейін қазақ елі талай дәуірді басынан өткерді. Өз алдына хан болып, бір ауызға қарап, берекелі болған заманды көрді; көршілермен соғысып, көк темірмен құрсанып, жауынгер болған өмірді кешірді. Жауларын қуып, олжаға батып, тасқындаған күнді көрді. Жауынан таяқ жеп, үркіндікке ұшырап, үбіріп-шұбырып, табан терілері ағарып, зарыққан заманды кешірді. Бірлік-берекеден айырылып, бірін-бірі жаудай шауып, жесір, жебір қылған, сөз – білектінікі болған батырлар дәуренін өткерді. Өмірдің талқысына шаншылып, «төре» деген тоқымға бағынып, өз бастарын құлдыққа салған күндері болды.

Төрелердің жетегінде жүріп, Россияға бағынды. Сайлау шығарып, бар қазақты еліктіріп, арасындағы бауырмалдық, ұйымшылдық, көмекшілдік, шыншылдық мінездерін өлтірді. Оның орнына өтірік, ұрлық, зорлық, алдаушылық, сенімсіздік, айлакерлік мінездерді кіргізді. Халықтың құлқын әбден бұзып алған соң жеріне, тіліне, елдігіне қол созды. Қазақ елі су түбіне кетуге айланғанын сезіп, тал қармап, жанталасып тұрған мезгілде Россияның осы үлкен төңкерісіне кез болды. Қазақтың төңкерістен ұғынғаны – «ел болуымыз автономияға ғана байланулы» деген сөз болды. Әрине, қазақтың бұл сезімін теріс деп айтатын кісі бостандық дұшпандарынан ғана табылды. Шын төңкерісшіл бостандық жолындағы кісілер қазақтың тілегін дұрыс көрді. Төңкерістің үш жылынан берлі қазақтың тілегі, жүрегі қайнап, көзі жасарып, шыдамсызданып күткен мақсұты бүгін таңда дүние жүзіне шығып отыр. Алты облыстың қазағы бас қосып, үкіметін сайлап, масайрасып қайтып отыр. Енді жұмыстың ауыр салмағы сайланған үкіметтің үстінде қалып отыр. Үкімет халыққа жақын болса, қадірлі болса, ісшең, таза болса жұмыстары жемісті болмақ. Біздің үкіметімізді еңбекшіл қазақ тобы таңдап сайлап қойды. Сондықтан еңбекшіл елге үлкен жемісті қызмет көрсетеді деп сенуге болады. Қазақтың үкіметін басқа үкіметтердің ешбіреуімен салыстыруға болмайды. Қазақ үкіметінің қолындағы елдің көбі сужүрек болып көп жаншылған, өнерден, кәсіптен, ғылымнан жырақ қалған, ескі саясаттың кеселімен мінездері бұзылған, қосақтаса басы қосылмай жүрген қазақ. Бұрыннан билеп-төстеп, қазаққа айтқанын істеткен емін-еркін қазақтың мал-мүлкін алып, құлданған орыс елі. Соншалық қиын халде қалған қазақты қатарға кіргізіп, теңдігін ұғындыру қандай қиын болса, емін-еркін қазақты құлданған орысқа ауыздық салып, тәртіпке үйретіп, өзіне бағындыру одан да қиынырақ. Үлкен Россияда байлардан қалған (фабрик-зауыт, мектеп басқа да үлкен үйлер, керекті саймандар сияқты) көп мирастар бар. Қазақ аймағында ондай мирастан дәнеме жоқ. Үкімет елін сыртқы жаудан қорғауға, іштегі тыныштық, тәртіпті орнатуға, надандықтан құтқарып, ғылым шашуға, шаруашылығын түзетуге, өнеркәсіп үйретуге, елінің денсаулығын сақтауға, оның үстіне жұртты әлеуметтік (социализм), ортақшылдық (коммунизм) жолымен тәрбиелеуге міндетті. Мұның бәріне де мініскерлер һәм лайықты құралдар керек. Ол мініскерлерді, лайықты құралдарды қазақтан табуға мүмкін емес. Қазақтың өзінен табылады деген оймен автономия беріп отырған жоқ. Орыс жолдастардың көмегімен көтермелеп, қазақты ел қатарына қосамыз деген оймен беріп отыр. Еңбекшіл қазақтың тобы да сол мақсұтты ойлап, орыс жолдастарды үкімет басына сайлап қойып отыр. Дұрыс, Қазақстанда автономия­лы жұмһұрият бар, жұмыс өте үлкен, өте көп. Ол жұмысқа керекті заттың біреуі де қазақтың өзінде жоқ. Енді қалай етпек керек?

Менің ойымша, азғана күшті көп жүкке тартып, шегіп тарта алмай жолда қалудан сақтанып, ең алдымен күшті молықтыру керек. Үкімет жүгін алып жүруге үлкен күш, әрине, ғылым күші. Бұл сөзге ешбір кісінің таласы жоқ. Надан әскер оқты кімге ататынын, не үшін ататынын білмейді. Жанды машинадан пайда шықпайды. Қанша күшке салып, ішкі тәртіпті оңдауға ниет қылынса да, мінез-құлқы бұзылған түйсіксіз елден еңбек жанбайды. Шаруаның жайын, өмірдің қадірін білмеген соқыр елдің шаруасы, өнеркәсібі түзелмейді.Тазалықтың пайдасын түсінбеген, настық тұрмыстан жиіркенбеген халықтың денсаулығы сақталмайды. Түйсіксіздің қырсығы әлеуметтік, ортақшылдық өмірге жол бермейді. Бәрін қысқасынан айтқанда, өңкей жоқтықтың ортасында жасалған жас үкіметтің барлық жұмысына елінің надандығы көлденең түсіп, ілгері басайын деген аяғын кейін тартып, бөгет болып отырады. Үкімет жұмысқа кіріскенде, ең алдымен, ойланып қолға алатын жұмысы – оқу болуға тиіс. Қазақтың надандығын, оқудың керектігін, оқусыз ешбір жұмыстың ілгері баса алмайтынын аз ғана пікірі бар кісілердің бәрі біледі. «Оқу керек» деген сөзді айтпайтын қазақ жоқ. Ендігі жұмыс – сөзден шығып, іске қарай ұмтылуда. Қазақты оқыту қазақ оқығандарының ғана қолынан келеді. Орыс жолдастар қанша көмектес, тілектес болса да қазақты оқыта алмайды. Сондықтан қазақты надандықтан құтқару турасындағы жауапкер кісілер үкіметтің қазақ мүшелері болмақ. Үкімет басына отырғызған он шақты қазақ жігіттерін сынап, шеттен қарап жүруді ойлаған қазақ оқығандары болса тарихтың сынына өздері түседі. Қазаққа жаны ашыған, намысы, ары бар оқығандардың беріліп, көздерін ашатын мезгілдері жетті. Үкімет кісілері елдің жұмысын оң бағытқа салып, басқарып отырады. Жалпы халық үкіметтің сілтеген бағытына қарай ұмтылып, жұмыстарын істеп алып отырады.

Бұл уақытқа шейін қазақтың оқығандарына үкімет міндеті турасында айтылған сөз жоқ. Бұдан былай іс жүзінде болсын, пікір жүзінде болсын үкіметімізге көмектес болып, бұйырған қызметіне дайын болып тұру бәріміздің адамшылық борышымыз. Оқу турасында үкіметтің есіне салып кететін пікіріміз мынау: ең алдымен оқу жұмысына ісшең, ғылымды, таза күшті жинау керек. Оларды жинау күш жолымен болмай, ынтасын тарту ретімен болу тиіс. Бұл уақытта тұрмыс қымбаттаулы, сондықтан оқу жұмысындағы кісілердің айлығын, тамағын, киімін толық етіп беру керек.

Оқу жұмысы ең қиын жұмыс, таза, қасиетті жұмыс. Оқу жұмысындағы кісілерге халықтың қажеті, ісі түспейді. Сондықтан олар тұрмыс жүзінде басқа халықпен байланысы болмай, өзіне тиген сыбағасымен ғана күн көреді. Әкімшілік, судьялық һәм басқа жұмыстағы кісілерге жұрттың ісі көп түсіп, жалынышты болады. Олар тұрмыс жүзінде халықпен араласып, мұқтажын түгелдеп отырады. Оқу жолындағы жігерлі, ісшең жұмыскерлердің бәрі де өмір толқыны, тұрмыстың талқысымен басқа қызметке кіріп кетіп оқу жағын ақсатып тастайтын себебінің үлкені осы.

Осындайлық себептерді еске алып, оқу жолындағы қызметкерлерге толық қылып, айырықша сыбаға бермейінше оқу жұмысы ілгері баспайды. Оқу жолындағы жұмыскерлердің басқа жұмысқа шығып кетіп жатқанын осы күнде бәріміздің көзіміз көріп отыр. Онан соңғы оқудың шарты – кітап, мектеп, мұғалім деген бұрыннан айтылып келе жатқан заттар. Мұғалім дайындауға үш жылдан бері қазақтың әр облысы дерлік кірісіп жатыр. Бұдан былай да сол жолды ұлғайта бермесе, кішірейтпек емес. Осы күндегі үкіметтің алдында күтіп тұрған жұмыс – кітап пен мектеп. Мектеп бұл қыста салынбайды. Тезінен қолға алатын жұмыс – кітап. Кітап деп айтқанда бір-ақ ауыз сөз болса да іс жүзіне асыру жағы өте үлкен жұмыс. Кітап шығаруға ысылған, жүйрік жазушылар, гүрілдеп тұрған баспаханалар, қаріп жиғыштар, баспахананың азығы болатын көмір, басылған кітапты тарататын кіндік баспасөз (центрпечать) мекемесі, бүтін облыстарға, үйездерге жеткізіп тұратын зырлап тұрған темір жолдар, ауыл арасына шауып тұратын ат-арбалар керек.

Бұлардың қайсысынан тапшы болса да оқу жұмысы ілгері баса алмайды. Заманның ағып өтіп бара жатқанын еске алып, бүгіннен бастап Орынборда ең кемінде үш баспаханалардың, баспаның мұсылман қаріптері, қаріп тізгіштері, қағазы мен бояуы, көмірі артығымен дайындалудың шарасына кірісу керек. Сылтауға, жалтаққа, жалынышқа қарамай Қазақстандағы барлық жазғыш күшті Орынборға алдырып, баспахана күйленіп біткенше, кітапты жаздыра бастауға тиіс.

Ана қалада газет жазып отырады, мына қалада журнал шығарып отырады деп азғана күшті бөлшектеуден пайда шықпайды, ылғи зиян шығады. Басқа қалалардағы баспасөздердің уақытша тоқтап қалуына да шыдап Орынборға күш жинау керек. Орынбордан бұрқыраған баспасөз Қазақстанға тезінен таралып тұрса мақсұт түгел. Тез жарлықпен Орынбордан һәм жырақтағы облыстық, үйездік қалалардан кіндік баспасөз мекемесін аштыруға керек. Бүтін қазақ даласында қатынас жолды жиілетіп, әрбір ауданнан белгілі орынға ат-арба байлатып тұруды екі айдың ішінде реттеп, жөнге салуға керек.

Ел ішінде қатынас жолдың жиі болып ретке салынуы жалғыз оқу жұмысы үшін ғана емес, үкіметтің барлық жұмысы үшін керек. Ел арасындағы жол нашар болса, үкіметтің бұйрық-жарлықтары уақытында жетпейді. Жұмыс бітіруге қырға шығарған кісілері мезгілді уақытында қайтпайды. Сондықтан үкіметтің бір күнде бітірмек болған жұмысы бір айға, айда бітірмек жұмысы жылға созылып, іс ілгері баса алмайды. Жолды жылдамырақ түзету жалпы елге де тиімді. Екі жылдан бері ағылып жүріп жатқан әскер, милиция жол үстіндегі елдің малын сойып, дүниесін талап, кісілерін ұрып яки өлтіріп, аттарын біржолата алып кетіп жатыр. Ол жұмыстар бұл күнге шейін басылып, реттескен жоқ. Жол үстіндегі қазақтар қыстауларын тастап, жырақ отырған ауылдарға ... әскер яки милициялар жолды тастап, елдің арасынан жол салып алып, ... қолында мылтығы барға беріп сандалып, үйіне әрең жетіп жүр. Осының барлығы қатынас жолдың реттелмегендігінің салдары. Қатынас жол реттелсе солдаттар, милициялар ауылға шаппай, дайын тұрған көлікті мініп, жалғас орыннан қайтарып отырады. Олар ауылға бармаған соң жоғарыдағы айтылған бейбастақтық болмайды. Тыныштық болған соң үркіп, безіп жүрген қазақ қайтадан келіп, қыстауына ие болып, рахат өмір кешер еді. Медресе салыстыру жағына келгенде біраз ойланып, қазақтың тұрмысына көз салмай өтуге болмайды. Қырда жиі отырған ауыл жоқ, медресеге жағатын отын заты жоқ. Қазақтың отыны – «қи». Қиды беріп отырған мал ғой. Үкіметтің мал салығымен қой тұқымы азайған соң қырдағы бытырап отырған қазақтың отын жағынан тарығуы күннен жарық шындық.

Бір далаға яки екі-үш үйдің қасына қоқырайтып салған медресенің жемісі шығады деп ойлауға да болмайды. Медресенің салынуы қазақты 30-40 үймен бастарын қостырып қыстатумен қатар жүру керек. Отырықшы болар-ақ, жер табылса лағып қашатын қазақ жоқ.

Қазақстандағы жер қайтадан үлестірілсін деген І жалпы қазақ советтерінің тобы қаулысын жер комиссариаты тезінен іске асырып, қазақтың басын қосуға шындап кірісу керек. Сонымен мектеп те салына беру керек. Мектепсіз қазақ үйіне жинап оқытқан оқу балаларды дертті қылады. Далаға салынған жабдықсыз мектепке бала жиналмай таңқиып босқа қалады. Қай жұмыс болса да мал мен адамға тоқтайды. Оқу жұмысына үкімет мал аямайды. Қазақтың білімді, ісшең, пікірлі кісілері де оқу жұмысына қарай айланар деп ойлаймын. Оқу комиссариатының басында отырған Ахмет Байтұрсынұлы. Ахметті білмейтін қазақ баласы жоқ. Ахмет қазақ баласына өзінің төңкерісшіл жанымен, ақ жүрегімен, таза қызметімен таныс болған. Ахмет әлі де сол жолынан шыққан жоқ. Көп бейнет, етек астындағы дұшпан Ахметті жасытқан жоқ. Ахмет көтерген оқудың қызыл туының астына қазақтың оқыған күші шын ынталарымен жүгіріп келіп жиналар деген сенімдемін. Қазақ оқығандары, жұмыстың жемісіне қарап ұмтылуды заман керек қылып отыр.

Қазақ үшін істейтін жұмыстың тармақтары өте көп екені рас. Бәрінің де өте қажеттігі және рас. Олай болса да (жоғарыда көрсеткен себептер бойынша) бәрі де оқуға келіп тоқтайды. Қағаз бетіне жазылған әдемі сөзді малданып, мекеменің үстеліне сүйеніп отырғанға мәз болмай, бүгіннен-ақ іске асып, жеміс беретін, емін-еркін қолдан келетін жұмысты қарау керек. Ол жұмыс – оқу жұмысы!

Бізге әлеуметтік негізіне құрылған кеңестік автономия берілді. Бізге орыстармен теңдік, құрдастық құқығы (правосы) берілді. Біз ұмытпайық, бір нәрсенің берілуі бар, алушының берілген нәрсеге ие бола білуі бар. Біз қазақ берілген жұмһұрияттыққа, құқыққа ие боларлық халге жеткеніміз жоқ. Берілген құқықты алмай қоюдың реті тағы жоқ. Бұл құқыққа ие болатын зат жалғыз – оқу. Осы құқұғымыздан айырылмайық деген ойда болсақ, барлық таза күшті оқуға жегу керек. Қазақтың оқығандарының билігіне мойынсұнатын мезгіл жетті. Кісінің ары қандай дәреже алу, қандай ұлықтық көрсету, кімдерді бас идіру жағын айтпайды. Ақ жүрек, таза қызмет, шындық жағына бұйырады. Әрең бұйырған жұмысы оқу жолындағы қызметтен түгелімен табылады.

Еңбекшіл қазақ елінің буыны қатпаған жас үкіметі, тапталған, жаншылған, надандық тұзағына шырматылып байланған қазақ елі қуанған жүрегімен, жанарланған көздерін сендерге қарай тігіп, надандық қақпанынан босатып алуларыңды күтіп отыр.

Ылғи жоқтықтың ішінде қақалған қазақтың бірінші жас үкіметі, жауапкер жұмысың үлкен, жүгің ауыр. Оқусыз, қатынас жолсыз ешбір жұмыс ілгері баспайды. Үлкен күш оқуға, қатынас жолға!

М. Тұрғанбай