Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Жер тозып барады

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған Жер-Анамызды бүгінгі таңда тиімді пайдалана алмай отырғанымыз мазалайды.

Жер тозып барады

Менің мамандығым – агроном. Қырық жылдан астам ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқардым. Қызмет жолым бөлімшеден басталып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары лауазымымен аяқталды. Сондықтан жер жайын бір кісідей жақсы білемін.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қолға алынған жекешелендіру тұсында мемлекет мал мен дүние-мүлікті еңбек ұжымының иелеріне берді. Осы тұста халық оны игілікке жаратудың жолын түсінбей абдырап қалды. Ауыл жұртының дені жер үлестерін қожалықтарға сеніп тапсырды. Басшылыққа арнайы білімі, басқару қабілеті кездейсоқ тұлғалардың келгені де жағдайды біршама қиындатып жіберді. Сол кезде елімізге келген шетелдік ірі компаниялар халықтың жерлерін жалға ала бастады. Біраз жылдан соң сол алпа­уыт компаниялар құнарлы жердің тоз-тозын шығарып, іздерін суытқанын да ұмыта қойған жоқпыз. Әсіресе «Голден Грейннің» жүзіктің көзінен өтетін пысықайлары іргесі сөгіле қоймаған шаруашылықтардың байлығын талан-таражға түсіріп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Шашау шығармай, жер үлестеріне иелік еткендер некен-саяқ болды. Мен 12 жыл жетекшілік еткен «Озерный» кеңшары 3500 тонна картоп, қырыққабат, сәбіз, қызанақ, тағы басқа өнім жинап, аудан тұрғындарын қамтамасыз ететінбіз. 600-800 бас ірі қара, 90 бас асыл тұқымды жылқы өсірілді. Бұдан бөлек, шаруашылық ауылдағы әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға қолдау көрсетіп тұрды. Бүгінде кеңшардың орнын үш шаруашылық басқан. Өкінішке қарай, жерді тиімсіз пайдаланған бұл агроқұрылымдар тек егін егіп, аздап картоп отырғызумен ғана шектеледі. Қара мал ұстап, ел тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамту ойларына да кіріп шықпайды. Күйттегендері өз қамдары. Азды-көпті жерден алған өнімдерінің игілігін тек өздері көреді. Азық-түліктің, әсіресе ет пен сүттің 70-80 пайызын ауылдағы жеке шаруа­лар өндіргенімен, мамандар өте тапшы. Жастар жұмыссыздық салдарынан ауылға тұрақтай бермейді. Былтыр өңірде 37 мектеп қысқартуға ұшыраса, биыл 7 білім үйі жабылғалы тұр. Мұндай келеңсіз көріністер адамның еңсесін езіп, көңілін жабырқатады.

Істері алға басқан елді мекендер саусақпен санарлықтай. Аққайың ауданындағы Дайындық, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылдары алдыңғы қатарлы елді мекендер саналады. Өйткені оларға жетекшілік ететін азаматтар бірінші кезекте көптің қамын ойлайды. Жер- Анаға деген қамқорлықтары ерекше. Ал «өзім білмеймін, білгеннің тілін алмаймын» деген қожалықтардың басшылары ауыл­ды қамқорлыққа алу былай тұрсын, жергілікті тұрғындарға еш қолдау көрсетпей отырғаны жанға батады. Жаңа технологиядан үрке қашатын, ескі техникамен жерді де, елді де тоздырып отырғандар әлі де аз емес.

Жалға берілген 49 жылдың жартысынан астам уақыты өтті. Алайда, егіншілік мәдениетін арттыру, ауыспалы егіс жүйесін игеру, сұрып жаңарту, ауыстыру, ғылыми жаңалықтарды қолдану, бақылау, тексеру, сараптау жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Соның салдарынан көптеген егістік алқаптар құнарын жоғалтқан. Арамшөп қаптап, азып-тозып кеткен. Халықтың басты байлығын есепсіз дүниедей көріп, сүліктей сорып отырған алпауыттарға ешқандай шара қолданылмайды. Меніңше, олардан мемлекет жалға берген жерлердің пайдаланылуы туралы сұрайтын уақыт жетті. Мал шаруашылығын дамытумен айналыспаса, көктемде келіп егіп, күзде келіп, жинап әкетумен ғана шектелсе, мұндай көзбояушылықтың қарапайым халық үшін құны бір тиын.

 Жемшөп, сабан, жем әзірлейтін, малды ұрықтандыратын, мал өнімдерін сатып алатын, ветеринарлық көмек көрсететін кооперативтер құрылса, құба-құп болмақ. Осынау мемлекеттік маңызы зор істің кең көлемде жүйелі жүргізілуін қалар едік.

 

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

 еңбек ардагері

 Солтүстік Қазақстан облысы