Еңбекке сөзбен емес, іспен үйретеді
Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:32
«Бәсекелестік» пен «бақталастық» бөлек-бөлек ұғымдар
Жұрт қалай десе олай десін, біздің буынның өкілдері өздерінің балалық шақтарының жайма-шуақ та өнегелі заманмен тұстас келгеніне қуанатын болса керек. Бұл жерде әңгіме ертеңің үшін алаңдамай өмір сүруге мүмкіндік жасалғандығы жөнінде ғана болып отырған жоқ, әңгіме – ол уақыттарда, (марқұм) философ-ғалым Әбдеш Қалмырзаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде былтыр жарияланған «Еңбек емген қоғам ғана бақытқа кенелтеді» атты мақаласында айтқандай, еңбектің бағаланғанында, сол замандағы ұрпақтың еңбекпен есейгендігінде болып отыр.
Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:32
«Бәсекелестік» пен «бақталастық» бөлек-бөлек ұғымдар
Жұрт қалай десе олай десін, біздің буынның өкілдері өздерінің балалық шақтарының жайма-шуақ та өнегелі заманмен тұстас келгеніне қуанатын болса керек. Бұл жерде әңгіме ертеңің үшін алаңдамай өмір сүруге мүмкіндік жасалғандығы жөнінде ғана болып отырған жоқ, әңгіме – ол уақыттарда, (марқұм) философ-ғалым Әбдеш Қалмырзаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде былтыр жарияланған «Еңбек емген қоғам ғана бақытқа кенелтеді» атты мақаласында айтқандай, еңбектің бағаланғанында, сол замандағы ұрпақтың еңбекпен есейгендігінде болып отыр.
Идеологияның әсері ме, әлде ата-ана тәрбиесінің ықпалы ма, кеңестік заманның жастары жұмыс істегендерін көп жағдайда үлкен бір дәреже көретін, көрдіңдер ме менің қандай екенімді дегендей, қатарластарының алдында мақтанып та қоятын. Бұл жерде тіпті, лауазымды қызмет атқару да міндетті емес, әншейін жұмыс істеп еңбекақы тауып жүрсең жеткілікті. Соның өзімен-ақ мен адам болдым, өзгелерден еш кем емеспін деген түсінік қалыптасып, оның өзі сенің көңіліңді өсіріп, мерейіңді тасытатын. Алғаш жұмыс істеген кездерде өзіміздің дәл сондай сезімде болғанымыз анық. Бүгінгі ұрпақ мен жұмыс істеймін дегенді мақтан көре ме өзі?.. Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын оқыған сәтте мен осындай ойға берілдім.
Біздің балалық және жастық шағымыз ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы мен 70-ші жылдарының басында өтті. Кейін үлкендерден естіп-білгеніміздей, ол халықтың әл-ауқатының енді-енді дұрыстала бастаған кезеңі екен. Соның өзінде де, әсіресе, 60-жылдардың ортасында, көптеген отбасылардың тұрмыс жағдайлары жақсы деп айтуға келе қоймайтын. Әсіресе, көп балалы отбасылар біршама қиындықтарды бастан кешті. Оның үстіне ауылда әйелдер үшін жұмыс бола бермейді, осыдан келіп бір үйлі жанның барлық ауыртпалығы бір ғана отағасының арқасына түседі. Бәлкім сондықтан да шығар, ол жылдарда ата-ана өз балаларын үй шаруасына аяусыз жұмсайтын. Тіршілік бар жерде үйде үлкенді-кішілі жұмыстардың табылып жататыны белгілі, сондай шаруалардың бәрінің де басы-қасында балалар жүретін. Тіпті, бір үйде бір өзі ғана өскен, «айналайын өтіп кеткен» еркетотайлардың өзі үй шаруасынан тыс қала алмайтын. Түптеп келгенде, баланың ерте жастан осылайша еңбекке араласуы олардың алдағы өмір үшін белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинап, ең бастысы, жұмыстан жиренбей өсуіне септігін тигізді. Біз оны кеңестік кездің тәрбиесін көрген аға-апаларымыз бен замандастарымыздың атқарған еңбектерінен көріп те жүрміз. Керек десеңіз, адамдар ол кезде иық тіресе еңбек ету арқылы бір-бірінің қадірін біліп, сол әріптестер арасынан өздеріне дос-жолдас та табатын.
Өкінішке қарай, мұның бәрі енді мүлде келмеске кеткендей. Бүгінгінің балалары жұмыс істемек түгілі, кітап оқудың өзіне құлықсыз. Өйткені, қоғамда оған деген қажеттілік те болмай отыр. Оның үстіне, қазіргі заманның «ақылды» балалары адал еңбек етіп алысқа бара алмайтындарын ерте бастан біледі, сондықтан жақсы өмір сүрудің басқа, яғни бас ауыртпайтын, білекке күш түсірмейтін жеңіл жолдарын іздейді. Ал ондай жолдар табылып та жатыр. Ол – ақша, ол – тамыр-таныстық. Мектепті бітірер-бітірместен балаларына машина сатып әперіп талтаңдататын бірқатар ақшалы ата-аналар өз ұрпағының еңбекке ерте бастан араласып, жақсы азамат болып өсуі үшін онша алаңдай қоймайды. Өйткені өз қолдарында тұрған «құдіретке» сенеді, мен тұрғанда балам қызметсіз қалмайды деп лепіреді. Керек десеңіз, өз қолында үлкен «күш» бар екенін баласына да сездіріп қояды. Ал ондай сенімділік баланың болашақ үшін ойлануына, өмірге өз бетінше қадам басу жолында талпыныс жасауына мұрша бермейді. Білімсіз, қабілетсіз ұрпақтың өсіп шығуына да көбіне-көп осындай жағдайлар себепкер болады.
Шынын айту керек, біздің халықтың дені бала тәрбиесіне қай заманда да онша мән бере қойған емес. Оған бәлкім, тұрмыстың ауырлығы, тәрбиемен айналысып отыруға уақыттың жетпегендігі де себепкер болған шығар. Абырой болғанда, кеңестік заманда бұл міндет балабақшалар мен мектептерге жүктелді. Ал олар, кереметтей қылмаса да, жас ұрпаққа белгілі бір дәрежеде тәрбие беруге, әсіресе еңбекке үйретуге (мектептер) тырысты. Ол уақыттарда 9-сынып оқушылары үшін «тәжірибеден өту» деген жақсы дәстүр болатын, яғни 9-сыныпты бітірген балалар шаруашылықтарға барып бір ай бойы жұмыс істейтін. Бұл іс жеткіншектерді еңбекке баулуда айтарлықтай рөл атқарды. Ал мектепте-ақ басталатын пионер, комсомол ұйымдарындағы жұмыстар мен студенттердің ауыл шаруашылығында, құрылыс отрядтарында еңбек етуі өз алдына бір бөлек әңгіме.
Жалпы, еңбек ету дегеніміздің өзі не? Егер, ғылыми терминдерге жүгініп, тақырыпты күрделендіріп жатпай-ақ қарапайым сөзбен түсіндірер болсақ, еңбек ету дегеніміз – қатарыңнан қалмай өмір сүру үшін күресу. Демек, лайықты өмір сүргісі келген кез келген адам өз қарым-қабілетіне сай жұмыс істеуі керек. Жастарға еңбек туралы айтқан кезде де дәл осы мәселе әңгіменің тоқетеріне айналса құба-құп болар еді.
Кейде ойлап отырсаң, нарық заманының басты талабы болып есептелетін «бәсекелестік» сөзінің өзі бұрын-соңды ондай қоғамда өмір сүріп көрмеген біздерге пайдадан гөрі көбірек зиян әкеліп жатқан сияқты. Біріншіден, осы сөзді өз мағынасында, яғни өзгелерден оза еңбек ету, сапалы жұмыс істеу деп түсініп жатқандар кем де кем. Бұл сөзді біреулер өзгелер төгіліп-шашылып өткізген тойды мен де өткізем немесе олар сатып алған қымбат дүниені мен де сатып алам деп түсініп жүрсе, енді біреулер пәленше қол жеткізген дипломды мен де аламын және сол адам тамыр-таныстықпен ие болған қызметке мен де қайткен күнде де ие боламын деп өзіне қолдау көрсететін «күш» іздеп жанталасып жүр. Қазақтың «бақталастық» деген сөзімен төркіндестіре келгенде «бәсекелестік» сөзінің құлаққа ұнамсыздау естілетінін былай қойғанда, дәл мұндай «бәсекелестіктің» жақсылыққа апарып соқтырмасы анық. Ең бастысы, ондай ойдың астарында адал еңбек етсем деген ниеттің аз екені айтпаса да түсінікті.
Осы орайда көпшілігіміз ескермей жүрген тағы бір маңызды жайт бар. Ол – өзіміз аузымыз аузымызға тимей жамандайтын кешегі кеңестік кезеңде биліктің халықты мәжбүрлеп жұмыс істеткендігі. Тіпті, жұмыстан қашқан, масылдыққа салынған адамдарға заң алдында жауап беруге тура келетін. Бүгінде ол жоқ. Бүгінде, жұрттың айтқандарына сенсек, басшылар да, тәртіпті талап етуге тиіс органдар өкілдері де біреуге жұмыс істетпек түгілі өздері де жарытып жұмыс істемейді. Өйткені ол қызық емес, яғни одан түсер пайда шамалы. Одан да өз бизнесіңді, тура мағынасында айтқанда, бас пайдаңды ойлағаның әлдеқайда тиімді. Қазіргінің кейбір «ақылды» басшылары солай жасап та жүр. Олардың бұл әрекеттерін заңның өзі тоқтата алар емес. Тоқтата алмайтыны жұртты тәртіпке шақыруға тиістілердің де өздерінің бизнестері бар. Осы орайда, сірә, Ресейдегі сияқты мемлекеттік қызметте жүргендер бизнеспен айналыспауы тиіс деген бір заң бізге де керек сияқты.
Мұндай әрекеттердің ең жаман жері өзгелерге теріс үлгі көрсетуінде. Алдындағы ағаларының жарамсыз қылықтарын көрген кейінгі толқын інілер қайдан жақсы болып шығады. Осындайда бүгінгі ұрпақтың біразы жұртты алдап, қоғам мүлкін ұрлап, жемқорлыққа салынып күн көруге дағдыланып жатқан жоқ па деген де қорқынышты ой келеді. Олай ойлауға себеп те жоқ емес. Бүгінде жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттер бізге біліміңнің керегі жоқ, дипломыңды берсең жетеді дегенді ашық айтатын болса, оқу бітіріп қызметке тұрғандар ә дегеннен-ақ қай жерден ақша жасауға болады деп жан-жағын тіміскілеуге кірісетін көрінеді. Көздерімен көргендер осылай дейді. Бұл жерде біз тіпті кітап оқымайтын, голливудтық кинолар мен компьютерден өзге қызықтырмайтын, музыкадан хабары жоқ бола тұра көпшілік алдына шығып «әнші» атанған немесе асаба болып нәпақасын тапқан қазіргі көптеген жастардың ой-өрістерінің, жұмысқа қабілеттерінің төмендігін айтып та отырған жоқпыз. Ең сорақысы, Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамы туралы мақаласын жоғары лауазымды шенеуніктердің талайы жете түсініп жатпағанға ұқсайды. Олардың осы мәселеге қатысты өңірлерге барып халықпен кездесулер өткіздік, содан кейін-ақ адамдар еңбекке қарай бет бұра бастады деп жағалай жар салуларынан осындай күмән туындайды. Сірә, шенеунік мырзалар елді аралап, жұртпен сөйлесіп шықсақ бәрі орнына келеді деп ойлайтын тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл елді адал еңбек етуге тәрбиелеу сияқты аса жауапты істі біздің ағайындардың өз әдеттеріне салып кезекті науқанға айналдырғаны көрініп-ақ тұр.
Біздің пайымдауымызша, жалпыға ортақ еңбек қоғамы деген мәселеге, сол арқылы Мемлекет басшысы алға қойған міндетке қазіргіден де тереңірек мән беру керек. Бұл орайда жоғары жауапкершілік, бір емес, бірнеше жылдарды қамтитын тыңғылықты жұмыстар қажет. Өкінішке қарай, әзірге мақсаткерлікпен, табандылықпен жүргізілген ондай кең ауқымды жұмыстар көзге көрініп тұрған жоқ.
Басқаны былай қойғанда, белгілі бір саламен айналысатын ведомстволардың сол салада орын алып жатқан кемшіліктерге көңіл бөлмейтіні таң қалдырады. Мәселен, ауылдарда тұрып мал шаруашылығымен айналысатын халықтың өз өнімдерін өткізуде көмек сұрап дабыл қаққандарына талай жылдың жүзі болды. Солардың жанайқайларына құлақ түрген бір адам болсайшы. Баяғы жартас – бір жартас. Ал ауылдарда мыңдап мал ұстап отырғандар бар. Олар мемлекеттен еш қолдау көріп жатқан жоқ. Себебі олардың көбі заңды тұлғалар болып есептелмейді. Малды баяғыша, ата-баба дәстүрімен қазақбайшылап бағып, өздерін және отбасыларын асырап жүргендер ғана болып саналады. Олардың малдарын, өзге де өнімдерін күзге таман саудагерлер арзан бағаға сатып алады да, базарлар арқылы анағұрлым өсіріп сатады. Бұдан мал бағушы да, тұтынушы халық та жақсылық көріп жатқан жоқ. Арам жолмен байып жатқан алыпсатарлар ғана. Жұрттың айтқандарына сенсең, бұл алыпсатарлардың да арттарында дөкейлер тұр. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күнелтетіндердің үнемі асықтарының алшысынан түсуінің басты себебі де осында. Осыдан келіп саудагерлік жайлаған жерде еңбек қоғамы туралы сөз қозғауға бола ма өзі деген де сауал туындайды. Сондықтан халықты адал еңбекпен күн көруге үйретеміз десек, ең алдымен, алдап-арбауға құрылатын саудагерлікке тыйым салу қажет. Өйткені олардың алдамшы әрекеттері адамдардың көңілдерін қалдырады, кежегесін кері кетіреді. Әрі-беріден соң халық түңіліп, бәріне қолды бір-ақ сілтейтін болады. Ал ондай немқұрайлылық соңының жақсылыққа апармайтыны баршаға да белгілі. Өйткені еңбекке, өзің өмір сүріп жатқан қоғамның тыныс-тіршілігі мен проблемаларына селқос қарау өз еліңнің тағдырына селқос қарау болып табылады. Оның соңы бүгінде күн тәртібіне қойылып отырған жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісіне орасан зор нұқсан келтіреді.
Президент өткен жылы орталық мемлекеттік органдар басшыларымен және облыс әкімдерімен өткізген кеңесте қағазбастылықтың тым көбейіп кеткендігі туралы өте қатаң түрде ескерту жасады. Өйткені қағазбастылық дегеніміздің өзі жұмыстың мүлде тоқтап тұрғанын білдіретін әрекет болып табылады. Олай дейтініміз, біріншіден, нақты бір іспен шұғылданып жатқан адамның қағаз жазып отыруға уақыты да бола бермейді. Керісінше, қағазбастылықпен айналысқан адамның бүкіл ой-мүддесінің соған бағытталуына байланысты жұмысы өзінен өзі тығырыққа тіреледі. Екіншіден, атқарылған жұмыс ешқандай қағазсыз-ақ көзге көрініп тұрады. Айталық, жаңадан еліміздің астанасын тұрғыздық деп немесе Астанада локомотивтер құрастыратын зауыт аштық деп буда-буда қағаз толтыру қажет пе? Жоқ, қажет емес. Өйткені оларды халық онсыз да көріп-біліп отыр. Осыдан-ақ қағазбастылыққа салынудың өзі істелмей жатқан жұмыстарды неше түрлі жалған есеп берулер арқылы бүркемелеу екендігі көзге ұрып тұр.
Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақстандықтар алдына орасан зор міндеттер жүктелді. Осы құжатта атап көрсетілген тапсырмаларды ойдағыдай орындап, болашақта әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін ең алдымен әр қазақстандық қажырлы да тындырымды еңбек ете білулері керек. Тек сонда ғана алға қойған мақсатқа жетерімізден үміт күтуге болады. Егер бойға біткен дағдыға салып, ел үшін аса маңызды міндетті науқанға айналдырып, бар істі осы кезге дейінгідей ұрандап жүріп-ақ тындырамыз десек үлкен қателікке ұрынар едік.
«Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы «Қазақстан- 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында. Бұл сөз Қазақстанды елім деп білетін, өз өмірін Қазақстанмен біте қайната сезінетін әрбір азаматқа үлкен ой салуы тиіс. Өйткені өзінің тіршілігі үшін, өзінің туған елі үшін тер төгіп, еңбек ете білмейтін адамның елжанды болуы екіталай. Ең қауіптісі, тек қара басының ғана пайдасын ойлайтын, өз елінің мұң-мұқтаждарына немкетті қарайтын, жауапкершілікті терең сезінбейтін адамдармен мықты мемлекет орнату мүмкін емес. Адал еңбек ете білудің ел үшін маңыздылығы да міне, осында. Ал ондай шынайы да қажырлы еңбекке қабырғасы әлі де толық қатайып үлгірмеген жас Қазақстан мемлекеті өте-мөте мұқтаж…
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».