Аймақтар • 22 Тамыз, 2019

Қостанайда ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Форумды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қостанай облыстық әкімдігі, «G-Global-дың» Халықаралық Хатшылығы, «Жасыл экономика» және «G-Global-ды» дамыту Коалициясы» ЗТБ, «Қазақстан әйелдерінің агарарлық одағы» ЗТБ ұйымдастырды. Шараға Coca-Cola халықаралық қоры демеушілік жасады.

Қостанайда ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті

Форумның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов қатысып, форум қатысушыларына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың жылы сәлемін жеткізді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекова, «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға көшу жөніндегі кеңестің мүшесі, Қазақстанның ауылдық әйелдер форумы ұйымдастыру комитетінің мүшесі Салтанат Рақымбекова қатысып, сөз сөйлдеді.

Форумда «Менің жетістігімнің тарихы» шеруі ұйымдастырылды. Онда жетістікке, әсіресе бизнесте табыстарға қол жеткізген ауыл әйелдері сөз алды. Форумды «Менің жетістігімнің тарихы-2018» номинациясының лауреаты «ЖітіқараАстықТрейд» ЖШС директоры Гүлсара Жаманқұлова ашты. Онда әр салада жетістікке жеткен қостанайлық 7 әйел өз тәжірибесімен бөлісті.

Форум бүгінгі ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет тарапынан бөлінген қаржыларды ауыл әйелдерінің пайдалана білуіне көмек беруді форум жұмысының басты мақсаты санапты.

«Мемлекеттің беріп жатқан көмек-қолдауын осындай форумдарда түсінікті тілмен ауыл әйелдеріне жеткізіп, олардың пікір алмасуына мүмкіндік жасап отырмыз. Ауылда өз ісін ашып, жетістікке жеткен әйелдер бар. Олардың тәжірибелерін өзгелерге жеткізіп, жолдарын түсіндіреміз. Ауыл әйелдері көптеген ақпараттан тыс қалған. Күштерді біріктіру арқылы жетістікке жетуге болатынына олардың көзін жеткізгіміз келеді. Біз бар ауылдағы бар әйелдерді жинай алмаймыз, форумға қатысқан ауылдастары арқылы ақпараттарды, жан-жақты мәліметтерді оларға жеткізгіміз келеді. Мысалы, отбасындағы зорлық-зомбылықтарға қарсы «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын жүргізіп жатырмыз. Бұл орайда заңнамаларға қандай өзгерістер енгізуіміз керек? Әйелдер мен балалар денсаулығын қалай сақтауымыз керек?» деген мәселелерді, құқықтық жағынан ақпараттарды жеткізсек, бұл елдің ертеңі үшін жасалған үлкен еңбек» деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекова.

Форумда Coca-Cola белестері» – жетістік аумағы» пікір алмасу алаңы,, Тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізуге арналған қарапайым іс-әрекеттер семинар-тренингі, «Ауыл – отбасы бесігі» секілді тақырыптарда әңгіме өрбіді. Шара 2019 жылғы 7-8 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдері Екінші форумына делегаттар сайлаумен аяқталды.

 

Қостанай