Руханият • 23 Тамыз, 2019

Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды

1092 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Кез келген музыкалық шығарманың мән-мазмұнын жан дүниесімен ұғынып, құрақтай сыңғырлатып, бұлақтай мөлдіретіп рухани азығыңызға айналдырар тұлғаға туған халқының қашанда сүйіспеншілігі мен құрметі шексіз болмақ. Ән әлеміндегі нәзік үнді сипатымен халықаралық бәйгелерде топ жарып жүрген сондай дарын иесі – Шымкенттегі облыстық опера және балет театрының жетекші солисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова. Ұлттық опера өнерінде ол сомдаған Қамар, Жібек, Сара, Ажар, Жансұлу рөлдері, әлемдік опера жауһарларынан Татьяна, Виолетта, Джильда, Недда, Микаэла бейнелері шынайылығымен, көркемдігімен жанды баурайды.

Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды

– Үралхан Каналбайқызы, өнер жолын таңдауыңа не себеп болды?

– Әкемнің әкесі аузымен құс тістеген шешен ақын, тіпті айтыста өзі жеңген аруға үйленіп, жасынан ділмар, өткір сөзді кісі болған екен. Атамыздың інісі Досыбай ән салғанда дауысы алты қырдан асқан деседі білетін жұрт. Керемет суырыпсалма айтыскер ақын болған. Көзі ашық, арабша хат таныған. Сол атамыздың майданнан өлеңмен жолдаған хаттарын әкем үнемі әнге қосып айтып жүретін. Асыбай атамыз да солай. Өмірінің өзегі ән-жырмен өрілген. Әкем Каналбай қажы Сейілбекұлы – керемет әнші, термеші, Кремльдің сахнасында өнер көрсеткен кісі. Репертуарындағы әндердің бәрін өзі жазған. Сол әндердің ноталары менде сақтаулы. Өте жоғары тенор дауысты әнші. «Песня Герцога», «Біржанның ариясы» сынды әндерді орындаған. Кезінде Киров аудандық халық театрында қойылған «Қыз Жібек» спектаклінде Шегенің рөлін сомдаған кісі. Ол кезде ешкімде арнайы музыкалық білім болмағандықтан театрға ауылдан тек табиғи таланттар ғана іріктеліп алынған ғой. Кейін сол халық театры Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі аясында Кремль сахнасында өнер көрсетеді. Осы бір тарихи сәттегі құнды суреттер мен билеттер әулет архивінде сақтаулы. Киров халық театрының «Қыз Жібек» спектаклін Ғабит Мүсіреповтің өзі келіп тамашалаған,
театр жастарына ақ батасын берген, ақыл-кеңесін айтқан.

Әкем екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Ол Жетісай драма театрының, сондай-ақ бұрынғы Киров аудандық халық театрының негізін қалаушылардың бірі десек, мен де Шымкентте опера және балет театры ашылған күннен бастап осындамын. «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» дейді ғой. Кішкентайымнан әнге әуестігім атадан әкеге, әкеден балаға мұра болып келе жатқан сол қасиетті өнердің құдіреті, ата-анамның тәрбиесі деп білемін.

–  Облыстық опера театры өзіңді арнайы шақырды ма?

– Институтта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Галина Қарамол­дае­ва­ның класын бітіріп шықтым. Ол кісі опера саңлағы Дина Хамзинаға дәріс берген. Оқу бітірген соң, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Сазгер» ансамбліне қабылдандым. Сосын Ішкі істер министрлігі симфониялық оркестрінің солисі ретінде өнер көрсеттім. Бірақ анам марқұм: «Әуелі тұрмыс құрып, бала сүюің керек, қыз бала үшін отбасы мәселесі бірінші кезекте тұруы керек» деп, менің ертеңгі тағдырыма қатты алаңдайтынын айтты. Сахнаға болашақ жарым рұқсат берген жағдайда ғана шығатынымды ескертті. Анамның сол сөзі үшін Жетісайға оралдым. Сырдария университетінде он жыл студенттерге вокалдан сабақ бердім. Мұнда ұстаздық етіп қана қоймай, аудандық, облыстық іс-шараларға қатысып тұрдым. Кафедра меңгерушісі әкемнің бала күнгі досы, белгілі күйші, композитор Бөрі Иса ағамыз екен. Сол кісінің оркестрімен ән салдым. Шығармашылығымды шыңдауға осындай керемет өнерлі жандардың көмегі көп тиді. Бағымызға шырайлы Шымкент шаһарында облыстық опера және балет театры ашылды. Классикалық шығармаларды студент кезімнен жақсы көретінмін. Дж. Вердидің «Травиата» операсындағы – Виолетта, ұлттық операдан Жібектің ариялары сол кезден-ақ жаныма жақын еді.

Бірде кабинетімде отырғанымда ректораттан факспен хабарлама келді. Облыс­тық мәдениет басқармасынан екен. Онда «Облыстық опера және балет театрын ашу идеясына аудандардан өнерлі жастарды, академиялық-классикалық ән орындайтын жастарды тыңдауға шақырамыз» делінген. Мен қағазды алып Бөрі Исаға кірдім. Ағамыз: «Мұндай бақ адамға бір-ақ рет беріледі. Барып қатысып қайт» деп ақ батасын берді. Сөйтіп Шымкентке келсем, ол жерде өзімнің қазіргі әріптестерім Ерлан Жандарбай, Оразкүл Дәулетова, Марат Оразметовтер жүр екен. Содан іле-шала жан-жақтан музыканттар жиналып, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен екі бөлімнен тұратын үлкен концерт қойылды. Идеяны жүзеге асырушы – басқарманың сол кездегі басшысы Асқар Бөрібаев ағамыз. Концерттің жетекшісі – өнер жанашыры Асқар Әлихан. Бірінші бөлімде қазақ операларының інжу-маржандарынан үзінділер, ал екінші бөлімде опера майталмандары Жәмила Бас­пақова, Өзбекстаннан келген Нұр­мо­мын Сұлтанов, бүгінде Италияда өнер көрсетіп жүрген, Қырғызстаннан келген Женишбек Усманов және Мәскеу Үлкен театрының солисі Сергей Мавнуков­тармен бірге сахнада әлемнің клас­сика­лық шығармаларын орындадық. Көрер­мен қауым қошеметтеп ұзақ қол соқты. Тап сол бір сәттегі әсердің жөні алабөтен еді.

–  Опералық туындылардың қайсы­сы жаныңа етене жақын?

– Жалпы мен әуелі кейіпкерімді түгел зерттеп, түгін қалдырмай сіңіріп алуға тырысамын. Олардың ішкі жан дүниесіндегі арпалысты түсінуге, қуанышына қосыла шаттанып, қайғысына қатар тұрып егілуге, өзіңді аялағандай жақсы көруге тиіссің. Өйтпесең, өкінесің. Дей тұрғанмен, солардың ішінен вокалдық тұрғыдан дауысыма ыңғайлы әрі жұғымдысы – көрнекті композитор М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Сара мен әлемдік классикадан Дж.Вердидің «Травиата» операсындағы Виолеттаның партиясы жаныма жақын.

Өзің сомдаған образдан көпке дейін шыға алмай жүру өнер адамының бәріне тән құбылыс қой. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсындағы Қамардың партиясын орындамас бұрын С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романын тағы бір мәрте тұшына оқып шығуға тура келді. Айтайын дегенім, осыдан кейін көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Түр-тұрпаты, мінез-құлқы жағынан Қамар операда әсемдіктің, ақылдылықтың символындай тұлға десек, автор мұны «Бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе, «Уай, шіркін, мынау Қамардай екен!» десуші еді» деп сипаттайды. Қазақтың мақал-мәтелдерімен, халық даналығымен көмкерілген шығарма әділетсіздік пен әлеуметтік теңсіздікті, надандық пен зұлымдықты қазақ қызының басындағы трагедия арқылы өткір сынап-мінейді. Ахмет пен Қамардың мөлдір сезімі мен сағыныш жыры махаббатқа соғылған еңселі ескерткіштей менмұндалайды. Мұның операда жаңғырып, қайта дүниеге келуі кездейсоқ болмаса керек-ті. Қамар сұлу – сахнада әлі де кемелдене беретін, кеудесі кең де, тынысы еркін бейне.

– Театр сыншылары, сарапшылар өнерің туралы не дейді?

– Облыстық театрлардың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі тұсында белгілі сыншы, марқұм Әшірбек Сығай ағамыздың өз аузынан: «Даусың да, сах­налық түр-сипатың да, барлығы сах­наға лайық-ақ. Бағың таңдайыңа біткен қыз екенсің. Осы қалпыңнан таймай, өнеріңді әрі қарай жалғастыра бер. Шығармашылық табыс тілеймін» – деп қолымды алып құттықтаған еді. Өнерімізге қарапайым көрермен ақ батасын күнде жаудырып жатады. Соның бәрі маған қанат бітіреді, өрге талпындырады.

– Опера әншісі қандай қағидаға сүйеніп өмір сүреді?

– Ұдайы ізденіс үстінде болу, да­уыс жаттықтыру, орындайтын әрбір рөлі мен партиясына дамылсыз дайындық – бұлжымас басты қағида. Өзің орындайтын кейіпкеріңе қай жағынан болсын сай болуға тиіссің. Дауысың мен сыртқы сипатың, жүріс-тұрысың мен сахнадағы әрбір бет-әлпет қозғалысыңа дейін үйлесуі лазым. Операда жасанды, көзбояушылыққа бара алмайсың, ондай шынайы болмыстан ажырап қалған нәрселер көзге тез шалынып қалады. Залдағы жұртқа алған деміңе дейін айқын сезіледі...

– Театрда кімдердің еңбегі айрықша бөле-жарып атап өтуге лайық?

– Опера – бұл ежелден ұжымдық өнер, тұтас ағза. Оған бір ғана адам иелік ете алмайды. Ол – жұмыла көтерілетін жүк. Мысалы, театрдың жетекші солисі Ерлан Жандарбай, халықаралық байқаулардың лауреаты Марат Оразметов, мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, театр режиссері әрі солист Қайрат Құлыншақов, Тұңғыш Президент–Елбасы қоры сыйлығының лауреаты Айгүл Азатова, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлжан Расқалиева, Алексей Скибин, Гаухар Ахетова, Маргарита Кин, Мәдіхан Дүйсеев (көркемдік жетекші), Нұржан Жүсіпбеков сияқты т.б. әріптестерімнен бастап, жарық берушіге дейін мұндағы әр адамның өзіне тиесілі қызметі, рөлі бар. Мақсат-мұрат, мүдде – ортақ. Бәрінен кәсіби жоғары біліктілік талап етіледі.

–  Қазақ ұлттық опера өнерінің дамуы Е.Брусиловскийдің ұлттық театр өнері алтын қорына енген «Қыз Жібек» операсынан бастау алатыны сөзсіз. Ұлттық нақыштағы әйгілі клас­си­калық туынды облыстық опера және балет театрында бұрынғы нұсқа­ла­ры­нан мүлде бөлек сарында сахна­лан­ған екен. Сен орындаған Жібек несі­мен ерекшеленді?

– Аса биік талғаммен жазылған операның мән-мазмұны, музыкалық әдеби көркемдігі, сахнаға қойылуы өзара тамаша үндесіп, құнды туындыны дүниеге әкелді. Сол құндылық әлі күнге мәнін жоғалтқан жоқ. Біздегі махаббат дастаны республика театрларында қойылып жүрген нұсқадан мүлде бөлек сарында сахналанды. Опералық қойылымда жесір қалған Қыз Жібек арада сегіз жыл өткен соң әмеңгерлік жолмен Төлегеннің інісі Сансызбайға тұрмысқа шығып, спектакль эпоста жырланғандай мерекелік той-думанға ұласады. Менің Жібегімнің тағдыры өзге әріптестерім сомдаған арудан өзгеше. Лиро-эпостық жырдың кеңестік дәуір саясатына сәйкес келе бермейтін тың нұсқасы. Мұны мен біздің театрымыздың қазақ ұлттық сахна өнеріне қосқан сүбелі үлесі деп есептеймін.

–  Кез келген опера саңлағы Ла Скала сахнасында ән салуды армандай­ды. Өзің өнердің биік шыңын бағын­дыра алдың ба?

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, алдына мақсат қоя білген адамға қазір өсуге, кеңістікке кедергісіз құлаш сермеуге мүмкіндік мол. Өркениетті елдердің сахнасында өнер көрсету бұрын арман болатын. Біз олардың, олар біздің тыныс-тіршілігімізден бейхабар еді. Тәуелсіздік рухы ең әуелі мәдениет пен өнердің еркіндігіне жол ашты. Италия, Польша, Германия, Финляндия, Швеция, Эстония, Қытай, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өнер көрсеттім. Италия­да (Парма қаласы) Джузеппе Верди атындағы кәсіби музыка әртістеріне арнал­ған интернационалдық академияда Фабрицио Касси мен Изабелла Фратти шебер­лік сыныбынан өтіп, біліктілік арттыр­дым. Осы сапарлар мені опера өнері­нің көптеген сырына қанықтырды.

Польшада өткен дәстүрлі «Музы­каль­ный сад Рюбецаля» халықа­ра­лық көркемдік-ағарту жобасына, Еуропа опера шеберлері, польшалық Дариус Грабовски мен аустриялық Франц Лангер шеберлік сыныптарына қатыстым. Жоба барысында Польша, Германия, Аустрия елдерінде өнер көрсетіп, зор қошеметке бөленген жайым бар. Үлкен сахнада ән салып тұрған шағымда бойымды қуаныш сезімі биледі. Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындадым. Залдағылар ұйып тыңдады. Жібермей, ұзақ қол соқты. Бір ғана әннің құдіреті мұншама алапат әсерге бөлейді деген ойымда жоқ. Қайран қалдым. Мұндай қазына қазақта қаншама! Білгенім, түйгенім – бізден бай халық жоқ әлемде. Сол себепті ұлттық операны өнердің шыңы деп есептеймін.

– Италияның әйгілі музыканттары Мауро Маур мен Франсуаза де Клоссенің облыстық опера және балет театры­на келуінің өзі мәдени айтулы оқиға саналады. Алдағы уақытта тағы қан­дай жобалар бар?

– Әлемге әйгілі музыканттардың концерті хор әртістері (Бас хормейстер Бағлан Алтаев) мен облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өте жоғары деңгейде өткен еді. Италияның Қазақстандағы мәдениет жылы аясында әлемге әйгілі музыканттардың қатысуымен жақында «Великая музыка итальянского кинематографа» концерті өтеді деп күтілуде. Қазақстан мен Италия арасындағы мұндай мәдени байланыстардың опера театры үшін маңызы орасан зор. Ал шырайлы Шымкент шаһары республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленіп, еліміздегі он жетінші аймаққа айналды. Бұл – қаланың рухани келбетіне жаңадан қан жүгірту, келешекте ол мәде­ниет пен өнердің орталығына айналады деген сөз. Шымкентті әлемдік тұрпаттағы мегаполиске айналдыру үшін қазір қолдан келгеннің барлығы жасалуда. Әрине, 25 млн халқы бар Шанхайға, болмаса 9 млн халық тұратын Лондонға жету әзірге қол жетпес арман шығар, алайда еліміздегі үшінші қала ретінде өркениетті бетке алған қадамы қуантады. Әлемдік деңгейдегі өнер ошақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға, белгілі тұлғалармен тиімді жобалар әзірлеуге жол ашылуда.

– Шымкент опера театры сахнасында Дж.Вердидің – «Травиата», «Риголетто», Р.Леонкаваллоның – «Паяцы», П.Чайковскийдің – «Евгений Онегин», «Щелкунчик», С.Рахманиновтың – «Алеко», У.Гаджи­бе­ковтің – «Аршын мал алан», Г.Доницеттидің – «Махаббат шырыны», П.Масканьидің – «Сельская честь», Дж.Россинидің – «Севиль шаштаразы», И.Морозовтың – «Доктор Айболит», Р.Салаватовтың «Қарлы ханым» спектакльдері қойылыпты. Алда­ғы уақытта тағы қандай қойы­лым­дар жоспарланып отыр?

– Театрда жылына кемінде бір жаңа қойылым сахналанады. Бүгінгі таңда репертуарда 15 опера, 3 балет және жастарға арналған заманауи 1 мюзикл бар. Жақында XI театр маусымының жабылуына орай облыстық опера және балет театрында танымал музыкалық әуезге толы, өзінің драмалық сюжетімен ерекшеленетін, әйгілі Ж.Бизенің 4 актілі «Кармен» операсы тұңғыш рет сахналанды. Алдағы 2020 жылы Ф.Легардың «Көңілді жесір» («Веселая вдова») операсы қойылады деп жоспарлануда.

– «Біз естімеген бір ән, бір күй» жобасында халық әні «Ақ көйлекті» орындадың, сол сияқты опера және балет театрының жетекші солисі Ерлан Жандарбаймен бірге шырқаған «Егіз-лебіз» (И.Сапарбай, Ж.Қыдырәлиев) әні де өзгеше рәуіште түлегені рас. Бұл кімнің идеясы?

– Симфониялық оркестрдің сүйемел­де­уімен классикалық үлгідегі әндер­ді де жаңғыртып заманауи үлгіде ұсынып жүргеніміз рас. Ал «Егіз-лебіз» әніне келсек, жүрекке жақын, жанға жайлы, сезімге құрылған лирикалық жұмсақ әнді жұрт сүйіспеншілікпен қабылдады. Дуэт құру Ерланның идеясы болатын. Екеуміздің орындауымыздағы ретро ән жұртқа ұнағандықтан қайта-қайта өтініп сұрап жатады. Бірнеше халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, Италияда үлкен мектептен өткен Ерлан Жандарбай бүгінгі таңда Түркия консерваториясында аспирантурада оқиды. Театрдың шығармашылық тұрғыда қалыптасып дамуына оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

– Ұлттық опера өнері ауыз әдебиеті жанрларының жиынтығы деген пікір­ге қалай қарайсың?

– Опера өнері туралы жазылған кітаптарды көп оқыдым. Қолыма бірде Жиенбек Ырысәлінің «Операға дейін» деген кітабы тиді. Мұнда әнді операға айналдыру, жалпы қазақстандық операның туу тарихы, қалыптасу кезеңі жайында көп ой қозғалады. Сол айтқандай, біз әнді операға ұштастырудан бас тартпауымыз керек, ұлттық классикалық операның негізін халықтың ежелгі сарыны мен байырғы дәстүрлі музыкалық шығармаларының, ауыз әдебиеті жанр­ла­рының құрауы тегін емес. Өзгенің жадағай жаттандысы, көмескі көшірмесі болудан осыған дейін дін-аман сақталып келуіміз содан. Шетелдік классиканы шебер меңгерумен әсте оларды таңғалдыра алмайсыз, төл дүниенің біз үшін қашанда қастерлі болып қала беретіні сондықтан. Қазақтың кәсіби музыкасы – аз уақыттың ғана жемісі. Сол аралықта халық әнінен операға дейін, күйден симфонияға дейін өсіп жетілді. Қазіргі музыкалық мәдениетіміз өнердің алуан жанрын түгел қамтиды десек, артық айтқандығымыз емес. Бұларды бірінен-бірін бөле-жарып ажырата қарастыру – қате.

– Қазақ әншілері шетелдік әріптес­те­рінен несімен ерекшеленуі тиіс?

– Дауыс тембрің, сахналық әдеп, тіпті сыртқы түр-тұрпатыңа дейін олардан ерекшеленіп тұратының байқалады. Мысалы, мен шетелге барғанда міндетті түрде қазақы ою-өрнекпен нақышталған ұлттық костюммен өнер көрсетемін. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» демекші, қазақ халқының ұлттық киімдерінің үлгісі сан алуан. Неміс – тархтенмен, араб – абая­мен, үнді – саримен, қытай – ханьфумен, жапон кимоносымен мақтанады, ал бірақ қазақтай ұлттық киімге бай жер бетінде бірде-бір халық жоқ. Тіпті өркениетті саналатын кей елдерде ұлттық киім мүлде атымен жоқ көрінеді. Бізде шапанның бір өзі сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан деп неше түрге бөлінеді. Осы мәселеден-ақ ой қорыта беріңіз. Қазақ зергерлерінің бұларға қоса омырауша, өңір жиек, бойтұмар, ілгек, сәукелеге арналған өрнекті тана-шылтыр, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдары тағы бар. Сахнаға шыға келген сәтіңде жұрт әніңе емес, әуелі сәніңе қызығып қол соғады. Қалай тебіренбейсің. Әрі қарай қазақ әні әуелеп, зал іші сілтідей тына қалады. Үйлесімділік, гармония дегеніміз осы емес пе?!

– Бізде классикалық музыканың насихатталу жағы қалай?

– Арқа, Қаратау, Сыр, Жетісу, батыс дәстүрлі ән мектептері сияқты Италияда да Россини, Пучинни, Верди сынды әлемге әйгілі композиторлардың мектептері сақталған және олардың әрқайсысының вокалдық тұрғыдағы орындалу ерекшелігі бөлек. Бір-бірін қайталамайды. Сонымен қатар әр композитордың кіндік кескен топырағында оның атында театр бар. Олардың саны қанша, нақты есебі жоқ, бірақ біз атбасын тіреген жердің бәрінде солай. Мұнда құдайдың құтты күні болмағанмен, оқтын-оқтын опералық қойылымдар, жекелеген концерттер өтіп тұрады. Мұны өз көзімізбен көріп келдік. Сондай тарихи орынның бірі  Джузеппе Верди атындағы театрға бас сұқтық. Ондағы дәстүр ғажап әсерге бөледі. Үйренетін шуақты тұстар өте көп екен. Адамзат баласына ортақ, көкжиегі көркем ғажайып жауһар туындыларға куә болдық. Шіркін, қазақта ондай інжу-маржан аз ба?! Біз қашан өркениет көшіне ілесіп, халықтық қайнардан нәр алған ұлттық операларымызды сол деңгейге жеткізіп, марқаямыз?

Классикалық музыканы тек еуропалық мәдениет дейтін керітартпа түсінік әлі бар. Біраз сыншылардың: «Оңтүстікке опера театры не үшін қажет?» деп қарадай шошыған баяғы қарқыны қазір саябыр тапқанмен етек-жеңсіз ескі сарын ара-тұра қылаң беріп қалып жатады. Бірақ сахна өнері құдіретінің арқасында абдыраған алаң көңіл бұрынғыдай емес, опера теа­трын бетке алған халықтың қарасы мейлінше арта түскен. Жұрт бізді іздейді, сүйеді. Көптің осы махаббаты алға сүйрейді, арманға жетелейді.

Дамыған 30 елдің қатарына қалай қосыламыз? Мәдениет пен өнерсіз ел өсе ме? Осы орайда классикалық музыка насихатталуы мен дәріптелуі жағынан қағажу тартып, қара дүрсін даңғаза музыканың тасасында табандап қалмаса екен деп тілейсің. Эстрадалық әндерге қарсылығым жоқ, бірақ әділдікті ту еткен халықтың ұрпағымыз десек, ойланайық. Көпе-көрнеу қиянат жасамайық. Эфирді құдайшылығына қарап бөлейік. Тәлім-тәрбиелік мәні жоқ түрлі шоуларды, мәтіні мәз емес, әуені әулекі әндерді тыйып, Пинкертонның, Риголетто мен Виолеттаның ариясын сайратпасақ та, өзіміздің Абай мен Айдардың, Ажар мен Сараның арияларын телерадиодан әуелетіп қойсақ, қолымыздан кім қағады? Мәселе – ниетіміздің түзелуінде.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ