100 • 23 Тамыз, 2019

«Еңбекші қазақ» газеті: Абай және оның пәлсапасы туралы

1228 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №208 санына шыққан «Абай және оның пәлсапасы туралы» мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

«Еңбекші қазақ» газеті: Абай және оның пәлсапасы туралы

Кейбіреулер: «Абай өте күшті ақын, Абай қазақтың жазба әдебиетінің атасы», –  дейді. Бұл, мүмкін, рас та шығар, оған біздің таласымыз жоқ. Біз бұл жерде Абайдың ақындығы, қазақ әдебиетіндегі орны туралы сөйлегелі отырғанымыз жоқ. Біз мұнда тек Абайдың пәлсапасын ғана тексеріп, соған қысқаша сын бермекшіміз. Өйткені қазақтың бұрынғы зиялыларының да, жаңа өсіп келе жатқан зиялыларының да арасында Абайдың жолын қуып жүргендер, Абайды затшыл ақын деп түсінетіндер аз емес, көп болмаса. Біз соларға, Қазақстанның жаңа өсіп келе жатқан жас жұртшылығына Абай пәлсапасының мазмұнын, бағытын түсіндіруді өзімізге міндет көрдік. Бұл мәселе қазіргі әдебиет әңгімелерінің негізгі мәселесінің бірі болғандықтан бұл туралы аз ғана айтып өткеніміз артық болмас деп ойладық.

Абайдың пәлсапасы туралы сөйлеуден бұрын Абайды бірсыпыра жұрттың қалай түсінетіні туралы азырақ тоқталып өтейік. Кейбіреулер: «Абай «самородный» сары алтын ғой, Абайды құдай артта қалған қараңғы қазақ жұртына бере салған ғой, ондай адам бола бермейді ғой», – дейді. Сөйтіп, Абайды арман қылады. Біздіңше, бұл тіпті қате түсіну. Өйткені Абай тек құдай бере салған адам емес, ол – өз заманының жемісі. Сондықтан оның шығармаларын өз заманымен, заманның жай-күйімен байланыстырып тексеруіміз керек. Біздің тексеруімізше, Абай өз өмірінің бірінші дәуіріндегі шығармаларында қазақтың ру жұртшылығының жай-күйін суреттейді, соның жырын жырлайды. Бұзылып бара жатқанына қайғырады. Екінші дәуірінде жаңа өсіп келе жатқан капиталшылдық дәуірін суреттейді. Біздің бұл пікірімізге абайшылдар қарсы болады. Олар: «Әдебиет әдебиет үшін ғой, солай болғандықтан Абай шығармаларының қоғам тұрмысымен нендей байланысы болуы тиіс», – дейді. Біз оларға мұның дұрыс емес, өйткені әдебиет, пәлсапа не аспаннан аяғы салбырап түскен, не жерден екі құлағы ербиіп шыққан нәрсе емес. Сол сияқты әдебиет жаратылысына жоқ нәрсенің қасиеті де емес, қайта қасиет дегеннің өзі жаратылыс­та бар нәрсенің келбеті. Әдебиет – қоғам тұрмысының жемісі. Қоғам құрылысына қарай белгілі әдебиет болады. Қоғам тұрмысында қандай көрініс болса, бәрі де әрбір адамның тіршілік үшін күресінің жемісі.

Абай және оның дәуірі 

Абай 1843-жылы туған. Абайдың ата-бабалары басынан билік кетпеген белгілі ру бастықтары болған. Алғашқы кезде Абай да бабасының жолын қуып, қазақтың атақты биі болған. Қазақ даласы орыс патшасына қараған соң, қазақтың ру жұртшылығына аздап өзгеріс кірді. Ру ішінде тап жігі туа бастады. Бұл Абайдың билік-ру басылығына әсер етті. Сондықтан Абай алғашқы кезде, әуелгі шығармаларында атқамінерлерді, қуларды қарғаған болып, жаңа тұрмысқа, қазақтың ру жұртшылығына аз-аздап кіре бастаған жаңалықтарға қарсы күресті. Қазақтың ру жұртшылығын бұздырмай сол күйінде қалдыруға тырыс­ты. Абай, Абай сияқты ру бастықтары қанша қарсы тұрғанмен олар тарих заңына, қоғамның өркендеу заңына төтеп бермеді. Тарих заңына бағынды, рубасылықтан бас тартты.

Сөйтіп, жаңа дәуірге, жаңа жұртшылыққа бейімделеді. Сол жаңа жұртшылықты күшейтуге тырысады. Бұған біздің қолымыздағы материалдардың  бәрі де дәлел бола алады.

Абай кейінгі жазған өлеңдерінде қазақ арасындағы ру таласын жою, қазақ руларын бірлестіруге тырысады. Қазақ халқын өнер-білім оқуға, мәдениетке шақырады. Өнер-білім үйренсең ғана ел боласың дейді. Бұл Абайдың өмірінің соңғы кезінде қазақтың жаңа өсіп келе жатқан байларының жырын жырлағанын көрсетеді. Қазақтың қазіргі ұлтшыл зиялыларының Абайды затшыл ақын деп түсінуі де осыдан болу керек.

Егерде біз Абай дәуіріндегі тарихи өзгерістерді талдап тексерсек, мыналарды көреміз: орыс патшасына бағынғанша қазақ елінің бәрі де малшаруашылығымен тіршілік етеді.

Қазақ елі өз шаруашылығымен өзі болады, сауда-саттық болмайды. Ал, орыс патшасына бағынғаннан кейін сауда капиталы пайда болады. Ол өзінің бұрынғы жұртшылық, шаруашылық құрылыстарын өзгертеді. Бұл, әсіресе, 19- ғасырдың ортасынан бері қарай (Абайдың дәуірінде) күшейеді. Жеке меншік, айырбас күшейеді, ақша шығады, тауар көбейеді. Маркс айтқандай байлық бір жерге, кедейшілік екінші жерге топталады. Бай, саудагер, жалдап шығады. Жаңа жұртшылық, жаңа қоғамның жоқшылары жаңа бастықтар: атқамінерлер, болыстар шығады. Осымен қатар ру бастықтары да қарап жатпайды. Олар да ешнәрседен именбей, жаңа жұртшылыққа, жаңа ел ағаларына қарсы күресті күшейте береді. Бұл жай жағдай Абайдың алғашқы кезде жазған өлеңдерінен тіпті айқын көрінеді. Абай 1886 жылы жазған бір өлеңінде қазақтың бұрынғы тұрмысын, ру жұртшылығын мақтап, жаңа өсіп келе жатқан жұртшылықты жамандап, былай жазады:

«Бай алады кезінде көп берем деп,

Жетпей тұрған жеріңді тек берем деп.

Би мен болыс алады күшін сатып,

Мен қазақтан кегіңді ап берем деп.

Жарлы алады қызметпен өткерем деп,

Елубасы шар салып ап берем деп.

Жалаң аяқ, жат мінез жау алады,

Бермей жүрсең мен сені жек көрем деп.

Дос алады бермесең бұлт берем деп,

Жауыңа қосылуға серт берем деп.

Не қылып оңайлықпен ырық берем деп,

Жүз қараға екі жүз аларман бар,

Бас қатар бас-аяғын тексерем деп».

Міне, Абайдың бұл өлеңі қазақ даласында 1886 жылдарда-ақ сауда капиталының шыққанын, қазақ ауылдарында ру жұртшылығының қаймағы бұзыла бастағанын көрсетеді. Абай қазақтың руының тұқымы, ру бастығы болғандықтан ол жаңа жұртшылық, жаңа тәртіпке бірден беріліп кетіп, бірден соның жырын жырлауы мүмкін емес. Соның үшін де Абай алғашқы кезде жаңа жұртшылық, жаңа тұрмысты жамандап жазды. Абайдың өлеңдеріне қарап, оның дәуірін біле аламыз. Абайдың дәуірі – қазақтың ру жұртшылығы бұзылып, қазақ даласына сауда-саттық кіре бастаған дәуір; Абайдың дәуірі –  қазақ даласында сауда капиталы күшейген дәуір; Абайдың дәуірі –  қазақтың ұлт шаруашылығы, ұлт байлары туған дәуір. Абайдың дәуіріндегі қазақтың тұрмысы Абайдың өлеңдерінде толық суреттелген. Бірақ затшылдық көзқараспен суреттелмей, идеялистік көзқараспен суреттелген.

Абайдың пәлсапасы 

Абайдың дәуірімен танысып өткен соң, пәлсапаның мазмұнын тексеру, оған сын беру қиын емес. Абайдың пәлсапасын тексеру, сынаудан бұрын пәлсапа дегеннің өзі не, соған азырақ тоқталып өтейік. Пәлсапа – барлық ғылымдардың жалпы заңын тексеретін ғылым. Басқа сөзбен айтқанда пәлсапа дүниедегі бар нәрселердің жалпы заңын тексеретін ғылым. Адам баласына осы дүниедегі бар нәрселердің жалпы заңын тексерген соң ғана дүниеге көзқарас, дүние туралы пікір пайда болады. Солай болғандықтан бір дәуірде жасаған кісілердің сол дәуірге бәрінің көзқарасы бір бола ала ма? Әрине, бола алмайды. Өйткені әркімнің тұрмысына қарай өзінше дүниеге көзқарасы болады. Капиталшылдық қоғамда әр таптың, әрбір адамның тұрмысы әртүрлі болады. Солай болғандықтан әрбір адамның, әрбір таптың дүниеге көзқарасы да әртүрлі болады. Адам баласының бәрінің тұрмысы коммунизм қоғамы орнаған соң ғана бірдей болады.

Абайдың пәлсапасының мазмұнын түсіну, тексеру үшін Абайдың өзін сөйлетейік. Абай бір өлеңінде былай дейді:

«Адам әпіл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде

Соны ойла болады не сенікі»

 

«Әсемпаз болма әрнеге

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан»

Міне, Абай бұл өлеңдерінде дүние бір, дүниедегі нәрсенің бәрі сабақтас, байланысты деп отыр. Бұл, әрине, дүниеге затшылдық көзқарас. Бірақ Абай басқа өлеңдерінде дүниеге бұл көзқарасын өзгертеді. Ол «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла өзгермес адамзат күнде өзгерер», замана, шаруа, мінез күнде өзгереді, күллі мақлұқ өзгерер, алла өзгермес дейді. Алланы тексеріп, біліп болмайды. Алла әрбір адамның ой-пікірінде, жүрегінде болады дейді. Сөйтіп дүниеге дін көзімен қарайды (абайшылдар Абай діншіл болмаған дейтін еді, ол дұрыс емес екен). Шынында, Абай намаз оқып, ораза ұстамағанымен, дінге, Алланың барлығына сенімі күшті болған. Абай өле-өлгенше Аллаға сенімін жоймаған.

Абайша түсінгенде Алла менің ой-пікірімде, жүрегімде жүреді екен, олай болса ол менің нем болады? Әрине, менің свойством болады. Онда мен не боламын? Мен – дүниедегі  бір-бірімен сабақтас нәрселердің бір бөлегі. Абайша айтқанда дүниенің бір кірпіші боламын.  Кірпіш дүние неден құралады? Ол, әрине, заттан құралады. Олай болса, мен затпын, алла сол заттың свойствосы. Ендеше, ол свойство адам баласына қай уақытта, қалай пайда болады?

Егерде біз дүние-жаратылыс адамға әсер етеді, адам дүниеге әсер етеді деп түсінсек, бұл сұрауға жауап беру қиын емес.

Шынында, дүние адамға, адам дүниеге үнемі әсер етіп тұрады. Осы екеуінің бір-біріне үнемі әсер етуі арқасында қимыл пайда болады. Бұл қимыл әртүрлі хайуандарда әртүрлі болады. Ал, адам баласының миының ойлау жолдарын кеңейтеді, ойын өсіреді. Бұл жөнінде «ми болмаса, ой да болмайды» деп Фербах тіпті дұрыс айтқан. Олай болса, ой – адам баласы миынын свойствосы. Менің ой-пікір санамда Алла болатын болса, сана деп нені айтамыз? Сана деп әлгі адамның дүниеге, дүниенің адамға әсер ертуі арқасында пайда болған қимылдың нәтижесін айтамыз. Егер тұрмыс сананы билейтін болса, Алла не болып шығады? Ол уақытта алла мені жаратпаған, мен алланы жаратқан, дүниені алла жаратпаған, дүние алланы жаратқан болып шығады.

Қорытып айтқанда, Абайдың пәлсапасының бір жері екінші жеріне қарсы. Абай табиғаттың құбылыстарын, оның заңын түсінбеген. Сонан кейін Аллаға сенген. Солай болғандықтан қазақтың  жас жұртшылығы Абай пәлсапасынан үлгі алмай-ақ қою керек.

Абайдың дүниетану әдісі

Абайдың дүниетану әдісі қандай? Біз мүмкін Абайдың дүниетану әдісінен үлгі боларлық бірдеңе табармыз?

Оның үшін Абайдың өзін сөйлетейік. Абай бір өлеңінде «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Мүмкін мұнда «ғылым да, байлық та дүниеден табылады» дейін деген шығар. Бірақ қалай айтса да бұл өлең Абай әдісінің қандай екенін ашық көрсетеді. Абай дүниетану әдісінің негізіне ғылымды алады, дүниені тану үшін барлық ғылымды үйрену керек дейді. Сөйтіп жұртқа:

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге».

«Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.» деп үгіт айтады. Өнер-ғылым үйрену үшін адам баласына:

«Адамзатқа не керек?

Сүймек, сезбек, киінбек,

Әрекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек» керек дейді. Бұл – жаңалық емес. Бұл бұрыннан айтылып, дәлелмен көрсетілген нәрсе. Абай бұл пікірін түсіндіру ретінде:

«Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз» дейді. Абай «шындық сүю, сезу, ақылмен ойлап сөйлеуде» деп түсінеді.

Абайдың бұл пікірінің бірсыпырасының дұрыс екеніне таласымыз жоқ. Адам баласының дүниеге әсер ететіні, оның адам сезімінің өсуіне жәрдем ететіні анық. Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Бұл әңгіменің тек бір жағы, бір бөлімі ғана. Біз мұнымен қатар дүниеде бар нәрселерді де тексеруіміз керек. Дүниетану үшін оны тексермей болмайды. Егерде дүниедегі нәрсенің бәрі бір-бірімен сабақтас болатын, бірі болмаса, бірі күн көре алмайтын болса, дүние дегеннің өзі дүниедегі бар нәрселер қарсылығының жиынтығы болатын болса, біз адам баласы дүниенің бір бөлшегі деп айта аламыз. Олай болса, адам баласы сезімінің өсуіне жалғыз адам баласының өзінің қимылы ғана себеп болмайды. Оған дүниедегі қимылдың бәрі де себеп болады. Адам баласының дүниетану пікірі тек адамның дүниеге, дүниенің адамға әсер етуінен ғана тумайды. Өйткені олар бір-біріне үнемі әсер етіп тұрады. Олардың бір-біріне әсер етуі өмірі таусылмайды, үнемі өзгеріп тұрады.  Сондықтан адам баласы пікірінің де үнемі өзгеріп тұратыны сөзсіз.

Олай болса, Абайдың «шындық –  сүю, сезу, ақылмен ойлап сөйлеуде» деген пікірі дұрыс бола ма? Бұл жөнде марксшілдердің пікірі дұрыс. Олар шындық күңгірт болмайды, ашық, айқын болады дейді. Сөйтіп, шындық ақылмен ойлап сөйлеуде емес, шындық дүниеде бар заттарда. Бірақ ол шындықты жүзеге шығару үшін адам баласының тәжірибесі болу керек. Ол тәжірибе әбден екшелген, тәртіпке салынған болу керек. Сонан кейін ғана ол адамның дүниеге, дүниенің адамға еткен әсерінің нәтижесі болып шығады. Сонда ғана ол уақытына қарай дүниедегі бар нәрселерге сәйкес бола алады. Ленин: «Бар нәрсе өзінің уақытында ғылым. Бір кезде ғылым болған нәрсе, уақыты өткен соң ғылым қалады. Бір кезде ғылым саналмай жүрген нәрсе, уақыты келіп ғылым болады», – дейді. Бұл пікірді Гегель де тіпті ашық айтқан. Ол: «Не нәрсе бар болса, ол ойға сиярлық; не нәрсе ойға сиярлық болса, ол дүниеде бар болады. Бірақ уақытының өзгеруімен бар нәрсе, ақылға сиярлық нәрсе жоққа айналады, ақылға симайтын болады да жоқ нәрсе, ақылға симайтын нәрсе барға айналады, ақылға сиятын болады», –  дейді.

Міне, мұнан Абай пәлсапасының дүниедегі көріністердің бәрін бір тексермей, оларды бір-бірімен байланыстырып, қарсыластырып тексермей, тек үстен, әрқайсысын жеке алып тексеретіні көрінеді.

Сондықтан Абайдың дүниетану әдісінен үлгі алудың керегі жоқ. Өйткені Абайдың дүниетану әдісі біздің әдісімізге үйлеспейді. Оның дүниетану әдісі – жорушылдық, қиялилық. Біздің дүниетану әдісіміз – затшылдық диалектика. Қазақстанның жас жұртшылығы соны үйрену, бұл жөнінде Абайдан үлгі алмай, Маркс, Плеханов, Лениндерден үлгі алу керек.

Абайдың қоғамға көзқарасы

Енді Абайдың қоғамға көзқарасы туралы азырақ сөйлеп өтейік. Абай 19- ғасырдың аяқ кезінде ру жұртшылығын жақтайды, соны күшейтуге тырысады, өзінің рубасылығын сақтау үшін күреседі. Бірақ оған ешкім қосылмайды, ешкім жәрдем бермейді. Елде өзіне дос, жәрдемші таба алмайды. Сонан соң Абай:

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда», -   дейді. Жұрттан күдер үзіп, оны нөл қылып көрсетеді. Қоғам нөл дейді.

«Единица жақсысы

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде

Не болады өңкей нөл» дейді. Сөйтіп, барлық күш-құдірет единицада, единица болмаса, өңкей нөл ешқайда бара алмайды дейді.

Әрине, бұл дұрыс емес, өйткені Абайсыз-ақ қазақ елі ел болып жасап келеді. Бірсыпыра дәуірді басынан кешірді.

Абай көпшілікті өзінің дегеніне жүргізе алмай, көпшілік оны өзінің дегеніне жүргізді. Көпшіліктің жолы, бағыты дұрыс болды. Сондықтан Абай көпшіліктің тұрмысына ыңғайласты, солардың ығына ерді. Бір өзі ешқайда кете алмады, ешнәрсе істей алмады. Бұған Абайдың қазақтың рушылдық, жұртшылдығын сақтап қала алмағаны дәлел бола алады. Сондықтан қоғам Абай айтқандай нөлдің жинағы емес, адамның, единицаның жинағы. Қоғам жеке-жеке адамнан құрылады. Бірақ мұндай бірлесу қоғам хайуандарда да болады ғой. Адам қоғамның онан айырмасы болу керек қой. Адам баласының қоғамы хайуандар қоғамынан бір-біріне әсер етуінен ғана айрылады. Жеке кісілердің тарихтағы орны, маңызына біз Абайша емес, өзімізше баға береміз. Адам өз орталығының жемісі болғандықтан ол қоғамға бірсыпыра әсер етеді дейсіз. Абай да кейінірек жаңа жағдайға үйреніп алған соң, қазақ еліне бірлес, оқу-білім үйрен, бірлессең, шаруашылығыңды өркендетсең, ел боласың деді. Сөйтіп, сол кездегі жаңа өсіп келе жатқан сауда капиталының жырын жырлайды. Қазақ зиялыларының қазіргі ұстап жүрген пікірін (бұған таңдануға болмайды) арман қылды. Сондықтан олар Абайды, оның пәлсапасын мақтайды. Абайды затшыл ақын деп түсіндіреді.

Қорытынды пікір

Міне, жоғарыда сөйлегендерге қарап, біз Абайдың пәлсапасын әр нәрсені бір көксейтін, түрлі бағыттан құралған байшыл, құдайшыл пәлсапа деп айта аламыз. Бұл пәлсапа осы күнге шейін қазақтың қалың еңбекшілері мен зиялылардың арасында кең орын алып келді. Кітап, дәптерлерге жазылып, баяндамалар мысал ретінде сөйленіп келді. Бұған ешкім мұның қалай демеді, қарсы болған жоқ. Бұл мұнан 5-6 жыл бұрын болса, ол ұят, ол үлкен күнә болмас еді. Өйткені ол уақытта еңбекшілер үстемдігі жаңадан орнап, енді нығайып келе жатыр еді. Енді октябрь төңкерісі 11 жасқа шығып, Қазақстан халқының тұрмысында өзгеріс болып отырған кезде бұл – үлкен ұят, үлкен күнә. Сондықтан Қазақстандағы партия ұйымының салт-сана майданындағы міндетінің бірі абайшылдықты жою болу керек. Оның үшін партия, кеңес жұртшылығының мәдениет майданындағы күшінің бәрін жинап алып, Абайдың пәлсапасына, Абайдың жолын қуып жүргендерге қарсы күрес ашу, оны тездету керек.

Ілияс Қабылұлы