Президент • 23 Тамыз, 2019

Мемлекет басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына және «Әлфарух» логистикалық орталығына барды

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар нысанды аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына және «Әлфарух» логистикалық орталығына барды

Өңірдің индустриялық әлеуетімен танысу «Бёмер Арматура» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Бұл – неміс технологиясы бойынша шарлы ілмекті арматура шығаратын бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын. Аталған өнім түрі мұнай-газ секторы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сұранысқа ие.

Мемлекет басшысы содан кейін «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Қазақстандағы ескі көлік құралдарын өңдейтін тұңғыш зауытта болды. Жылына 50 мың автомобильге дейін қайта өңдеуге мүмкіндік беретін балқыту цехының жұмысы мен шредерлік құрылғы Президенттің ерекше қызығушылығын туғызды. Машиналарды жинап, өңдеудің кешенді әдісі еліміздің автомобиль паркін жаңартуға, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Әлфарух» көтерме-бөлу орталығында Қасым-Жомарт Тоқаев кросс-док, климаттық қойма мен көтерме-бөлшек орталығын аралап көрді. Президент аталған нысанның транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын және Қарағандының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, мұнда Қарағандыдағы тұрғын үй құрылыстарының жүргізілу барысына арналған таныстырылым рәсімі өтті. Мемлекет басшысына алдағы уақытта облыс орталығының ажарын аша түсетін жаңа сәулет жобалары көрсетілді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағандының жаңа орталығында бой көтеретін тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен спорт кешендері туралы баяндады.