Аймақтар • 27 Тамыз, 2019

Нұрсейіт тамында талай сыр бар

665 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Құрамы өңірлік телеарна операторларынан құралған түсірілім тобымен Әйтеке би ауданының оңтүстігіне бет алдық. Жағалай созылып жатқан Мұғалжар тауының сілемдерін бойлай ағып жатқан Ырғыз өзенін жанамалай отырып жолда қиыршық тас карьерін басып өткен қара жол ашық далаға бастады. Экспедиция мақсаты ауданның камера көзіне ілікпеген тарихи-мәдени кешендерін бір сүзіп өту болатын. Сапар барысында біздің көзімізді таң-тамаша күйде қал­дырған ортағасыр ескерткіші өзінің ерекше архитектура­лық және ішіне жасырған жұмбақ көрінісімен назарымызды еріксіз аударды.

Нұрсейіт тамында  талай сыр бар

Бұл Қайрақты ауылдық округі Талдық ауылының батысында 25 шақырым жерде орналасқан Нұрсейіт тамы еді. Там басына қойылған белгі тақтайшада жазылған мәтіннің жалпы маз­мұны былай: «Нұрсейіт шамамен 1750-1850 жылдары өмір сүрген. Нұрсейіттің дүниеде 11 ұлы, 1 қызы болған. Өзінен бұ­рын қызы дүние салған соң там құрылысына Қарақалпақ жерінен алдырған сәулетші құ­ры­лысшылар тобына басшы­лық жасап, жұмысын аяқтаған».

Нұрсейіт тамы 3-4 шақырым­нан көз шалатындай биікке орна­тылған. Айналасында басқа мазар­лардың ізі білінбейді. Есе­сіне құрылысқа қажетті топы­рақ пен сазды сол жерден пайда­лан­дыға саятын тамды айнала­ бірнеше шұңқыр-ойық жатыр. Нұрсейіт тамы төрт қырлы қабырғасынан өріліп шыққан төбесі күмбезденіп біткен. Там құ­рылысы сазнегізді материалдан салынып сырты күйген кірпішпен өрілген. Тамның сыртқы күмбезі мен іші толықтай әктас араласқан топырақпен қа­лың етіп сыланған. Там алдына жалғаса салынған қосалқы құ­рылыс адамды еңкейген қалыпта ішіне жетектейді (1-сурет). Құ­рылыстың жоғары бөлігінде төрт бағытқа ашылған терезелері бар (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс). Тамда екі адам жер­ленген. Мәйіттегі үйілген топырақ үсті сазкірпішті қоршау жабын жартыдан жоғары көм­керілген. А.Бисембаевтың Ба­тыс Қазақстан облысы­ның ес­­­­керт­­кіш­­теріне жа­са­ған зерт­­­теу­­лерінде мұндай жер­леу әдіс­­терінің кездесетіндігін айтады. «Найболее ярким момен­­том соче­тания исламских признаков в одном погребении можно было бы считать присутствие в погребальном комплексе выклад­ки над могилой и кирпичной ограды...»  (А.А.Бисембаев, «Архео­логические памятники кочевников Западного Казахстана» (VIII-XVIII в.в) – Орал, 2003, - 187 б.).

Нұрсейіт тамында өзі тектес өзге тамдармен салыстырғанда күмбезінің ішкі бөлігіндегі әше­кей өрнектерінде ұлттық болмыспен мүлде қабыспайтын сәу­­лет түрін бірден байқайсыз. Се­­бебі әдеттегідей кез келген қа­зақ мәйітінде кездесетін жарты ай бейнесін бұл жерден көре алмадық. Бір қарағанда, эллинизм іздері көзге ұрып тұрған секілді. Дегенмен, байыппен зерделесек күмбез асты әдіптелген бейнелер әлемдік діндердің қоспасынан құр­маласып өрнектелген.  «Орта­лық Азияның батыс бөлігінде ислам канондарының ықпалынан көркемөнер үлгілерінде антро­морфты және зооморфты сю­­­жет­терді бейнелеуге шек қо­­­йыл­д­ы. Ал Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдің кейбір жерін­де қо­ныс­танған түркі тілдес көш­пе­лі халықтар мәдениетіне хрис­­тиан­дықтың несториандық ба­ғыты, буддизм және манехейлік діндердің жұғындылары көркем безендіру стильдерінен өз орнын тапты» деп жазады Худянов өз еңбегінде.  (Археология степной Евразии. Искусство кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. Худяков, 1998, – Москва, 79 б). Көріп отырғанымыздай, көш­пенділер өмір салты, тарихи-мәдени құндылықтары түрлі мә­дени орталардың, әлемдік дін­дердің ықпалымен сан қырлы өзге­рістерге ұшырап отырды. Оның ішінде көркемөнерде жаңа­ша эстетикалық келбетін қалып­тастыра білген.

ескерткіш

Құрылыстың ішкі қабырға­сын адам жанының үш түрлі әлемдегі трансы құрсақ, дүния және аспан әлемін сипаттап беріп тұрғандай көлденең жатқан үш толқынды сызықтар бөліп жатыр. Мазардың ішкі бөлігінде орта беліне айнала салынған жарты шеңбердің барлығы дер­лік жоғары беті мен фигураны вертикальды бөліп тұрған ке­сінді ирелек толқын тектес. Тек құ­рылыстың солтүстік бөлігін­дегі фи­гураның вертикальды кесін­ділерінің арасын екі бағытты нұс­­қайтын айырым бел­гісіне ұқ­сай­тын символдар бөліп тұр. Олар­дың саны үшеу.

Суретте көріп тұрғанымыздай жар­ты шеңбер салынбаған орын­ға самаурын, құмыра, екі бокал бейнеленген (2-сурет). Одан сәл жоғары кит мүсініне келетін фигураны көреміз.

Жарты шеңбер арасын үлкен толқындар бөліп тұрғандай. Тол­қын бастарында құмыраға ке­летін фигураның төменгі бө­лігіне бір-бірін қиып өтетін сы­зықтар түскен. Егер картинаға объек­тивті жан бітіріп елестетіп көрсек құдды жан-жақтан көмкерген толқындар арасымен қалқып бара жатқан кеме дерсіз. Бірақ шын мәнісінде сәулетшінің түпкі ниеті не болды екен?

Біздің пайымдауымызша қа­быр­ғадағы бейнелер пай­ғам­барлар тарихынан сыр шер­теді. Дін тарихында Мұса пай­ғамбардың еврей халқын пер­ғауын әскерінен құтқару үшін құ­дай­дың құдіретімен Ніл өзенін екіге айырып ортасынан езгіге ұшыраған еврей халқын алып шығатындығы жайлы қисса кең тараған. Доғал форма өзеннің табаны да жарты шеңбердің үстіңгі бөлігіндегі ирек сызықтар – су толқыны. Енді осы тұспалмен із салатын болсақ, онда үш жерде кезігетін кит тәрізді бей­не. Киттің ішінде үш күнін өткізген Жүніс пайғамбардың қиссасын жырлап тұрғандай.   

Құрылыстың орта белі­нен жо­­ғары күмбезінде үш бөлек бе­дер­­ленген үлкен шеңбер­лерді бай­қайсыз (3-сурет). Шеңбер сақи­на­ла­рының саны – 7. Сырт шең­берде күн шапағы кестеленген. Орта­сында бес қырлы жұлдыз бей­несі бар. Дәл осы картинаны қал­­ған сақиналы шеңберлерден де көресіз. Бір шеңбердің қалған­да­рынан ерекшелігі онда бес шекті жұлдыздың орнына алты шекті гексаграмма немесе Дәуіт пай­ғамбардың жұлдызы көрініс тапқан.

ескерткіш

Егер картинаның сөзбе-сөз тәржімасын жасар болсақ, күн жүйесіндегі жұлдыздар деген мә­тін шығар еді. Соңғы орта ға­­­сырда күн жүйесі жеті плане­та­­дан тұрады деген аксиома тұ­рақты бекіген еді. Бұл жөнінде қа­зақтардың аспан әлемі туралы түсінігінде де 7 қат көк деген тір­кесті жиі естуге болады. Ал шең­­бердің ортасында орналасқан бес шекті жұлдыз аяқ-қолы жан-жаққа созылған адам мүсінін ес­ке салады. Кезінде Леонардо да Винчи суретін салған «Ветрувиан адамы» бес шекті жұлдыз формасы дәл осы. Ал Ветруви антика дәуіріндегі сәулетші болатын. Әл-Фарабидің еңбектерінде де адам мен аспан әлемі арасы­нан байланыс іздеу орын алған. Осы  теория бойынша сақи­на­лы шеңберлер ортасында орна­ласқан бес шекті жұлдызда адам бейнеленген деп алсақ, онда үл­кен аспан әлемі макрокосм мен кіші әлем адам микрокосм арасындағы байланыс деп атай аламыз. Үшінші сақиналы шеңберлер ортасындағы гекса­грамма, яғни алты шекті жұл­дыз көптеген мәдениеттерде кезде­седі. Бірақ бұл жердегі объек­тив­ті картина мазмұны жер­­леу рәсімі болғандықтан дін фи­ло­со­фиясына ең жақыны Дәуіт жұлдызы немесе Дәуіт қалқанына тоқталамыз. Сондай-ақ мұндай тоқтамға келуіміздің басты себебі сәулетшінің Қарақалпақ жерінен шақыртылуы. Тарихта «бұхарлық еврейлердің» қазіргі Өзбекстан жерінде ауа жайылғандығы бел­гілі. Бұдан шығатын қоры­тын­ды – сәулетшінің өзі еврей бол­­ғандығы немесе иудаизм мәде­ниетіне құлай құштар болған адам екендігі. Күмбездің ұшар басында тағы екі жерде кішірек шеңбер орналасқан. Оның ішін­дегі сақиналар саны 4-еу. Жалпы, бес жерге орналасқан сақиналы шеңберлер фарабитанушы ғалым Ақжан Машанише айтқанда,  дүниенің бес тетігі, субстанция­сы, стихиясы – жер, су, от, ауа және бесіншісі осыларды басқа­ра­тын, иелік ететін эфир немесе кеңістік санымен пара-пар.

Бір бойына бірнеше құбылыс­ты сыйғызған там жел, су әсері­нен қирап түсу алдында тұр. Күм­безінің ұшар басының жиектері сетінеп, қабырғасында тігінен үлкен жарықшақ пайда болған. Қазақ даласында кезіге бермейтін мәдениет үлгісін келер ұрпақ үшін сақтап қалу қажет-ақ.   

 

Нұрғиса Көшеров,

саясаттанушы

Ақтөбе облысы